Берекелі «BALQAIMAQ»

 Былтыр «Даму» қоры арқылы қаржылық қолдау алуға жеке кәсіпкерлер өз өтініштерін  беріп, олардың ішінде 387 жоба  қолдау тапқан. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 168 жобаға ұлғайып, 130%-ке өсіпті. 2019 жылдың 1 тоқсанында 75 жоба ұсынылған. 

Аталған қор «Бизнестің жол картасы-2020», «Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағ­дарламасы», «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау арқасында на­рыққа белсенді түрде бейімдеп келеді. Былтыр осы бағдарламалар негізінде барлығы 10043,1 млн теңге сомасында 154 жоба қаралып, мақұлданған.

Соның бірі – облыс орталығында былтыр ашылған «BALQAIMAQ» кешені осы талап деңгейіне сай келеді. Жеке кәсіпкер Жібек Мұхи­мова отбасылық кәсіпті өзгелер секілді үй жағдайында бастаған. Кейін үйдегі кәсіпті заман талабына сай етуді мақсат еткен кәсіпкер ең әуелі ыңғайлы ғимарат құрылысын бастауды ойлап, тәуекелге бел буа­ды. Кәсіпті дамытамын дегенге қолдау табылатын уақытта бұл жұмыс та соншалықты қиындық туғызбайды. «Даму» қоры арқылы былтыр «Нә­ти­желі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дар­ламасы шеңберінде жылдық 6% төмен мөлшерде несие алған кә­сіпкер екіқабатты ғимарат салып, сүт өнімдерін қайта өңдеу талабына сай етіп жабдықтайды. Яғни, бұл кешеннен сүт өнімдерінің түр-түрін табасыз. Сүт, қатық, ірім­­шік, қаймақ, саумал, шұбат, қымыз, тіпті балқаймаққа дейін бар. Әрине, балқаймақ дегенде елең ете қалатындар көп. Себебі, бүгінде бұл тағам түрі ұмытылып бара жатыр.

– Мақсат – сүт өнімдерін қайта өңдеп сату ғана емес, қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жаңғырту. Өзіміз де көп іздендік. Ел ішінен балқаймақты дәмді етіп жасай алатын әжелерді іздеп та­уып, үйрендік. Аралдың шұбаты мен Бесарықтың құрты мен женті бізде тұр. Табиғи болған соң біздің өнім тұрғындар арасында сұранысқа ие. Сонымен қатар дас­тарханымыздан жоғала бастаған басқа да ұлттық тағамдарды жасап, насихаттағымыз келеді. Олардың жасалу технологиясын да бүгінгі буынға үйрету жолында жұмыс істейміз, – дейді сауда кешенінің әкімшісі Фархад Сұлтанбеков.

Айта кетелік, «BALQAIMAQ» ке­шенінде тұрақты екі адам жұ­мыс жасауда. Алдағы уақытта сұ­ра­­нысқа сай жұмыс орны көбейе түспек.

Отбасылық кештерде, жа­қын­дар мен достардың мере­келік дастарханында жеңсік тәттілерді көптеп көреміз. Бүгінгі күні үйдегі нәзікжандылар өз қолымен дайындалған осындай аспаздық тәттілермен қонағын қуантуға тырысады. Ал бұл өнімдерді қолдау жасауға түрлі асхана құралы мен тағамдық қоспалар қажет екені белгілі емес пе?! Ал сіз іздеген осындай жаб­дықтар қаладағы «Q АSDEKOR» сауда белгісімен та­нылған дүкенде толып тұр. 2017 жылы кәсіпкерді қолдауға «Даму» қоры «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бірлесіп, «Даму-Сырдария» аймақтық бағдарламасы арқылы 8,3% несие алуға көмек көрсеткен. Осы қаражатқа «ІНЖУ-МАРЖАН» ЖК иесі Ғани Өмірбек арнайы мамандандырылған дүкен желісі мен кондитерлік студия ашты.

– Бұл біздің отбасылық биз­несіміз. 2014 жылдан бас­тап кәсіпкерлікке тіркеліп, өз қаражатымызға алғаш рет кон­дитерлік өнімдерді дайындау үшін қажетті қоспалар мен құралдар ұсынатын дүкенді аштық. Міне,  үкіметтің бағдар­ламасы арқылы, «Даму» қорының көмегімен несиеге қол жеткіздік. Бүгінде қалада үш дүкен және кондитерлік өнімді дайындауға үйрететін студиямыз бар. Кеңейтілген бизнес жос­пар арқылы жұмыс жасаудамыз.  Қала ішінде ғана емес облыстағы жеті ауданды да кондитерлік қоспалармен қамтып отырмыз. Оннан аса жұмысшымыз бар.  Екі шағын жүк таситын көлікпен тапсырыс берушінің сұранысын дер кезінде орындаймыз, – дейді дүкен директоры.

Тек бір бағытта жұмыс жасайтын кәсіпкер, әр мерекеде кондитерлік өнімдерге сұраныс мол екенін айтады. Келешекте кәсіпкер қалада аталған шикізатпен қамтитын дүкендер санын арттырмақшы.

Аймақта 2018-2020 жылдар өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланғаны белгілі. Аталған бағытта былтыр кешенді «Жол картасы» әзірленіп, әртүрлі қар­жы көздерінен 32 млрд. теңгеден астам қаражат тартылды. Оның ішінде шағын несиелендіру саласына 4,6 млрд. теңге, екінші деңгейлі банктер арқылы тұрақ­ты бизнестерге 14,2 млрд тең­ге, қайтарымсыз гранттар беру ба­ғытына 200 млн теңге бөлінген.

Биылғы жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді «Жол картасы» қай­та бекітіліп, әртүрлі қар­жы көздерінен 34 млрд теңге жұмылдырылды. Бұл қара­жаттың 5 млрд теңгеден астамы «Start-up» жобаларға бағыт­талуда.  Сондай-ақ жыл көлемінде 1500 адамды кәсіп­керлік негіздеріне оқыту және тұрақты бизнестің 200-ден астам жобасын несиемен қамту қарастырылған. Сонымен бір­ге шағын бизнестің 500-ден астам жобасын несиелендіру, 800-ден астам шағын бизнес субъектісін гранттармен қам­тамасыз ету жоспарлануда.


Ержан ҚОЖАСОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 сәуір 2019 г. 610 0