«Kitap Fest - 2019» кітап фестивалі өтті

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Kitap Fest - 2019» кітап фестивалі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, атаулы күнге орай кітапсүйер қауымға лебізін білдірді.

Құндылықтарды қалыптастырып, адамдық шыңына шығаратын кітап фестивалінде оқырмандар бірнеше бағыттағы бағдарламаларды тамашалады. «Open Space: Кітапхана жастар көзімен…» ашық сұхбат алаңында маңызды сауалдар талқыға түсіп, қонақтар сүйікті кітаптарын оқырмандарға ұсынып, пікірлерін білдірді. Ал «Қазақстанның болашағы – жастар» атты ашық микрофон алаңында қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледж оқытушысы Талғат Аманкелдіұлы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың техника ғылымдарының магистрі Нұрбек Жаппарбеков, химия ғылымдарының кандидаты Нұрғали Ақылбеков, философия докторы Нұралі Нұрғалиев және «Болашақ» университетінің «Ойдария» пікірсайыс клубының белсенді жастары ұлттық сананы жаңғыртудағы жастардың рөлі, АІ технологиялар, робототехника, цифрландыру тақырыптарында идеяларымен бөлісті.

Сондай-ақ, адамзаттың рухани азығы – кітап күнінде оқырмандарға «Өнер қиылысында» арнайы мольберттерге сурет салуға мүмкіндік жасалып, «Шеберлер ауласында» әшекей бұйымдар дайындаудан шеберлік сабағы өткізілді. Қонақтар мұнан өзге «Домбыра Party», «Жастар жырлайды» атты поэзия кешін, «Жастардың да айтары бар» жас ақындар айтысын тамашалап, «Кітаппен өмір шуақты» интеллектуалды-танымдық ойынына қатысты.

«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 сәуір 2019 г. 468 0