Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының залында ҚР Ұлттық Ұланының ән-би ансамблі сырбойылықтар назарына үшкүндік концерттік бағдарламасын ұсынды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Шара ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен «Біздің Елбасы» акциясы аясында ұйымдастырылды. Мақсат – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының мәнін ашып, маңызын байыта түсу.
Концерттік бағдарламаның алғысөзінде ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сәтов аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүрген жастар лайықты жалғастырып келе жатқанын айтты. Бүгінде олар қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыс пен терроризммен күрес, мемлекеттік маңызды нысандар мен түзеу мекемелерінің тыныштығын қамтамасыз ету, сотталған азаматтарды айдауылдау секілді жауапты міндеттерді атқарып жүр.
Рухты көтеріп, отансүйгіштік сезімді оятатын ән-күйлер орындалған концертте ансамбль өкілдерімен бірге жергілікті өнерпаздар да өнер көрсетті Олардың қатарында «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» жанынан құрылған өнерпаздар тобының мүшелері, қоларбадағы би сайысынан биылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Роза Смағұлова, 2016 жылы «Үздік әнші» атанған Диана Смағұлова, сонымен қатар Қазанғап атындағы Қызылорда өнер мектебінің балалар хоры бар. Концертті тамашалауға келген көпшіліктің ықыласы жоғары болды.
Үшкүндік сапар аясында өзге де бірқатар шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында дөңгелек үстел форматындағы кездесу өтті. Патриотизмді қалыптастырудағы Тұңғыш Президенттің бағдарламалық мақалаларының рөлі талқыланған басқосуға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Генерал-майор М.Сәтов ел тәуелсіздігінің тұғырлы, керегесінің берік болуы жолындағы жауынгерлер еңбегін дәріптей келе, ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшылығының ақпараттық-насихаттық тобының жұмысына белсенді қатысқан бірқатар қызылордалықты марапаттады. Ал Қызылорда қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция подполковнигі Дастан Беркімбаев пен қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Бауыржан Оспановтың кеудесіне «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл» белгісін тақты.
Әскери міндетін өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Ержан Әбдиевтің ата-анасына ҚР Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан арнайы құрмет көрсетілді. Еске салсақ, 1993-1999 жылдар аралығында ҚР Ішкі әскері жедел мақсаттағы бөлімінің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндетін орындады. Сарбаздар ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын учаскенің тыныштығын күзетті. Оларға шекарадағы ахуалды ретке келтіру, гуманитарлық көмек тауарлары мен босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау міндеті жүктелді. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында болды. Сол жердегі содырлармен атыс кезінде 17 отандасымыз көз жұмып, 33-і түрлі жарақат алды. Ерлікпен қаза тапқандар арасында қатардағы жауынгер Е.Әбдиев те бар еді. Кейін марқұмдардың барлығы екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Жиын барысында осы оқиға негізінде фильм түсіру жоспарланып отырғаны айтылды. Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы бұған дейін тұңғыш «Алтыншы бекет» көркем фильмі түсірілгені белгілі. Аталған туынды көрермен көңілінен шығып, аудиторияға кеңінен таралды. Картина сюжеті 2010 жылдың 22 маусымы күні Ақтау қаласында болған оқиғаға негізделген. Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушіге жалғыз өзі төтеп беріп, жанқиярлық үлгісін көрсеткені елдің есінде. Осы ерлігі үшін ол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін иеленді.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері ел тыныштығын қорғау – ер азаматтың абыройлы борышы екенін жастардың есіне салды. Ұлттық ұлан басшылығы бұл күндері мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды да елеусіз қалдырған жоқ. Ән-би ансамблі №1 Қызылорда әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (қарттар үйі) концерт берсе, генерал-майор М.Сәтов Ұлы Отан соғысының ардагері Мақсұт Сырғалиевті алдағы Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Назерке САНИЯЗОВА.