ҰБТ – білім безбені

Жыл сайын мектеп бітіруші, ата-ана, ұстаздар қауымының «Ұлттық бірыңғай тестілеуде нендей өзгерістер болады екен?» деп алаңдайтыны шындық. Өйткені, мектеп түлектеріне оқу грантын ұтып алуға мүмкіндік беретін бұл сынақ 14 жыл бұрын енгізілгенімен, әлі де бір жүйеге түспей келеді. Биылғы түлектер үшін де ҰБТ өзгерісімен ерекшеленді. 

«Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидалары» туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы №204 бұйрығына 2018 жылғы №658 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ол бойынша биылдан бастап жоғары оқу орындарына түсу үшін жылына 4 рет тест өткізіледі. Бұл тесттерді түлектер қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тапсырады. Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана түсе алады. Ал тестке қатысу ақылы. Егер талапкер мемлекеттік грант алғысы келсе, онда ол міндетті түрде маусымда өтетін тестілеу емтиханын тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша ғана грант байқауына қатыса алады. Айта кету керек, қаңтар, наурыз айларында өткізілген ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітіруші маусым айында өткізілетін тестілеу сынағына және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылмайды. Сонымен қатар, ҰБТ-ға қатысушының ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаты болса, «шет тілі» пәнін тапсырудан босатылады екен.

Облыстық білім басқармасының мә­ліметіне сүйенсек, 2018-2019 оқу жы­лын­да өңірде 5754 оқушы мектеп бі­тіреді деп күтілуде. Соның әзірге 4301-і ҰБТ-ға қатысуға ниетті.

Облыс көлемінде 9 тестілеу орта­лығы бар. Оның 7-і аудан орталық­та­рында болса, 2-і Қызылорда қа­ла­сында орналасқан. Басқарма тарапы­нан биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мен ұйымдастырудың іс-шара жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның аясында әсіресе, биылғы ҰБТ-ға енгізілген өз­герістер мен ерекшеліктер жан-жақты түсіндіріліп, ақпараттық-на­си­хат жұ­мыстары үздіксіз жүр­гі­зілген. Сонымен бірге орта мектептер базасында және тестілеу пункттерінде мектеп бітірушілерді сынама тестілеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп, талдау жасап отыру жолға қойылған.

Белгілі болғанындай, облыста қаңтар айындағы тестілеу емтиханына 5752 бітірушінің 2056-сы қатысқан, бұл 35,7 процентті құрайды. Сынақ Қазалы, Жаңақорған, Қызылорда қаласында орналасқан 3 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған.

Айта кету керек, биылғы ҰБТ ережелеріне толықтырулар енгізіл­генімен форматы өзгеріссіз. Пәндердің саны бұрынғыдай – 5, тест тапсырмалары – 120, максималды балл –140.

Мемлекеттік оқу грантынан үмітті әрбір талапкер үшін сындарлы сәт жақындап келеді. Оқушының да, мұғалімнің де 11 жыл бойғы еңбегін, білім деңгейін көрсететін жауапкершілігі жоғары білім додасында бағы мен бабы қатар шапқандар ғана діттеген межеден көрінетіні белгілі. Ендеше, талапкерлерге сәттілік серік болғай.

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2019 г. 836 0