Білесіз бе, Бидайкөлде бассейн бар. Анау-мынау емес, 180 млн теңгеге салынған. Бұл игілік ауылда қалай жасалды?
Жалпы, Бидайкөл ауылы – Гигант ауылдық округінің орталығы. Елді мекен аудан орталығына іргелес орналасқан. Соңғы жылдары аталған ауылда кәсіпкерлік дамып келеді.
Ауыл тұрғындарының игілігіне берілген спорттық-сауықтыру кешені шиелілік іскер азамат Ғалымжан Ерекеевтің жеке қаражатына бой көтерді. Кәсіпкер жақында кенттен 900 метр газ құбырын тартып, нысанды «көгілдір отынға» қосты.
– Мұндай заманауи орталық аудан орталығында да жоқ. Кешен ашылғалы жабық бассейнде ауыл балалары жүзуді үйренуде. Жүзу адамды сымбатты, шыдамды етіп қалыптастырады. Спорттың денсаулыққа пайдалы түрінің бірегейі де осы – жүзу. Мұнан басқа кешенде жаттығу залы бар. Осылайша, ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ қалаған спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды, – дейді Бидайкөл ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Назарбекова.
Спорттық кешен 160 адамға арналған. Нақты кезеңде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа спорт кешені суды жылытатын және тазартатын соңғы үлгідегі технологиялық құралдармен жабдықталған. Бассейн ересектерге және балаларға арналған. Мұнда жүзуге баулитын маман, тіпті құтқарушы да қызмет жасайды. Жеке кәсіпкер Мейіржан Жарқынбектің айтуынша, күн жылығалы бассейнге тек ауыл тұрғындары емес, Шиелі кенті мен өзге ауылдардан да келушілер қатары көбейіпті.
Аудан тұрғындары үшін сауықтыру кешенінде бассейннен басқа кең әрі қолайлы жаттығу және теннис залы бар. Жаттығу залы спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұған қоса демалыс орны, үлкен және кіші жүзу алаңы, массаж бөлмесі, асхана мен монша бар. Әуесқой жүзушілер үшін бассейнге түсу құны да қымбат емес, екі сағатқа 1 мың теңге. Балалар болса, оның жартысын төлейді. Мұндағы үлкен жүзу алаңының ұзындығы – 25, ал ені 12 метр. Кіші бассейннің көлемі 9х5 метрді құрайды. Балаларға үрлемелі жүзу баллоны, арнайы бас киім ұсынылады.
Жалпы, бассейндердің дені ірі қалаларда салынғанын ескерсек, бұл ауылдағы ағайын шын мәнінде үлкен мүмкіндікті пайдаланып отыр. Кешен тұрғындардың, әсіресе жастардың уақытты тиімді өткізетін орны ғана емес, әуесқойлар үшін спорттың дамуына де септігін тигізеді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.