Облысқа жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобров пен Тәжікстан Республикасының Алматыдағы Бас консулы Баходур Назир облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сапар барысында консулдық басшылары қаланың сол жағалауындағы құрылыс барысымен және ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, аймақтық IT-парк пен облыстық өлкетану мұражайына барды.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаевпен кездесу барысында түрлі салалардағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
– Сіздердің өңірлеріңізді аралап көргендегі әсерім өте жақсы. Қаланың даму қарқыны, болашағы жақсы екенін аңғардым. Облыс әкімі аймақтың мектеп түлектері ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын айтты. Аймақ басшылығы халықтың өмірін жақсартуға тырысатыны айқын көрінеді, – деді РФ Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобров.
Сондай-ақ, ол «Достық үйінде» болғанын, онда бейбітшілік пен келісім, жарқын бастамалардың және көпфункционалды ресурстық орталықтармен шаңырағына айналған «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктер қызметін дамытуға барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Ал, Тәжікстанның Алматыдағы Бас консулы Баходур Назир аймақтың ежелгі тарихын айтып өтті.
– Облыс әкімімен кездесуде біз ынтымақтастықтың бірқатар маңызды мәселелерін талқыладық. Алдағы уақытта екі елдің мәдениетімен танысу үшін туристер ағынын жолға қоюды жоспарлап отырмыз, – деді Баходур Назир.
Шынар БЕКБАН,
"Сыр бойы".