Арал ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Сексеуіл. Соңғы жылдары көркейе түскен кенттің кеуде тұсынан «Бозой-Бейнеу-Шымкент» мұнай құбыры өтсе, одан әрірек халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолы жатыр. Ел экономикасының күретамыры саналатын – теміржол мен жөндеу депосы да осы кенттің басты ажары.
Олай дейтініміз, тұрғындардың 70%-і осы салада жұмыс істейді. Түтін саны 2200-ден асып-жығылатын тіректі елді мекен Аралдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін мұндағы бюджеттік мекемелерден бөлек, теміржол мен жеке кәсіпкерлердің де салмағы орасан.
Кентте кәсіпкерлік тізгінін ұстаған жас аналардың бірі – Гүлзия Сақтағанова. Біз білетін «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Бизнес-кеңесші» курсын бітірген жас ана. Қазір Гүлзия «Жастар жылы» аясында «Бизнестің жол картасы-2020» атты кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде кілем жуу жобасын ұсынып, 1500 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған. Алынған қаражатқа кілем жуатын машина мен кептіретін арнайы аппаратын сатып алды. Түрік технологиясы жуылған кілемді 5-6 минутта 95 процентке дейін кептіріп беретін көрінеді. Бүгінде орталық іске қосылған, халық сұранысына жұмыс істей бастады.
– Шыны керек, бұрын бұл қызметті аудан орталығынан ғана көретін едік. Ауылдағы ағайын жергілікті жерде мұндай нысанның ашылуын қуана құптап отыр. Себебі, кілемін арқалап, Аралға қарай апаратын тұрғындарға барып-келу шаруасы оңай тимейтін. Орталықтың арнайы көлігі де бар. Ауыл адамдарын әуре етпей-ақ, үйінен кілемдерін алып кетеді. 12 мыңға жуық халқы бар сексеуілдіктерге Гүлзияның кілем жуу орталығы осылай қызмет жасауда. Жалпы айтқанда, Сексеуілдегі кәсіпкерлер жыл басында 395 болса, қазір 421 адамға көбейді. Осы жылы солар арқылы 5 нысан ашылып, жергілікті 21 тұрғын жұмыспен қамтылды, – дейді Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ақтілек Есеев.
Айта кету керек, кентте кәсіпкерлікке ұмтылушы жастар легі артып келеді. Бүгінде кентте 417 жеке кәсіпкер болса, соның 50-ге жуығы жастар.
Ержан ҚОЖАСОВ.