ТЕҢІЗДЕН МАРЖАН СҮЗГЕНДЕР

«Өзен жағалағанның өз­егі талмайды». Арал өңірі тұр­ғын­дарының әл-ауқаты жыл алға жылжыған сайын жақсара түсуде. Жазы аптап, қысы қытымыр, көктемі кеш келіп, күзі ерте түсетін аймақ халқының басым бөлігінің тіршілігі атакәсіп – балық шар­уашылығымен тікелей байланысты. Табар табысы, отбасы нәпақасы көк  айдынға тікелей қатысты болғандықтан, мұндағы қабырғалы қауым  теңіздің жағдайына өзгелерге қарағанда қаттырақ алаңдайды.
«Арал теңізінің қасіретті шағында балық аулау мүл­де тоқырады. Кәсіпсіз қал­ған жандар көбейді. Бұл келең­сіз­дік жұртшылықтың өзге өңір­лерге еріксіз қоныс аударуына соқтырды. Олардың қата­рында  менің де отбасым бар еді. Оңтүстік аймаққа кө­шіп келдік. Жұмыс та табылды.  Алайда,  киелі теңіз ойы­мыздан шықпады. Ақыры ел­ге қайтадан көшіп келдік. Қа­­зіргі жағдайымыз жақсы.Ұзақ жыл ата-баба кәсібімен шұ­­­ғылданып, зейнеткерлік де­малысына шықтым» деген байырғы балықшы ағамыздың пікірі өткен күндерден сыр шер­теді. Бұл сөзді қолы­мыз­дағы «Теңіздің тартылуы ба­лық шаруашылығы саласын  айтуға ауыз бармастай, то­қырауға ұшы­ратты. Балық өң­дейтін кәсіпорындар, балық ау­лайтын шаруашылықтар жаппай жұмысын тоқтатып, теңіз суының тұздылығы көтерілді. Балық аулау мүлдем тұралады. Ғасыр тоғысында Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың  камбала глосса аталатын бір ғана түрі ауланды» деген дерек нақтылай түседі.
Десе де, ғасыр жаңалығына баланған Елбасымыздың тіке­лей қолдауымен жүзеге асқан САРАТС  жобасының алғашқы кезеңі теңіз перзенттерінің өмі­ріне соны серпін, тың  өзгерістер әкелді. Кіші теңізді қалпына келтіру, Көкарал бөгетін салу, Сырдария өзенінен Ақлақ тос­пасын жасау атакәсіптің қайта жандануына жол ашты. Теңіздегі балық қоры мола­йып, елдің игілігіне айналды. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артты. Көптеген ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығы жанданды. Те­ңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан өсе бастады. Балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп,  400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. 2019 жылға Кіші Арал теңізінен 6678 тонна балық аулау лимиті, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, При­морский көлдер жүйесіне 31 тонна жалпы, аудан бойынша лимит 7067 тонна болып бекі­тілген.
Айта кетерлігі, Арал өңі­рінде  7 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Олардың ішінде «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің зауыты балықты терең өң­деу­мен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар-М-Кон» ша­ғын балық өңдеу зауыты ба­лықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен  шұғылданады. Ауданның ба­лық  өңдеу саласындағы 31 ба­лық­шылар бригадасында 405 адам еңбек етеді. Олар 200 өздігінен жүретін, 15 өздігінен жүрмейтін флот, үлкен және шағын кемелер, құрма, кермеше ау, жылыммен қамтамасыз етілген.
Атқарылған ауқымды жұ­мыс­тардың нәтижесінде те­ңіз төскейіндегі халықтың тұр­мыс-тіршілігі оңалып, ба­лық кәсіпшілігі, өзге де салалар қарқынды дамуда. Балық шаруашылығы аймақ эко­номикасының салмақты бө­лі­гіне айналды.  Заманауи тех­но­логиямен жабдықталған  за­­уыттарда  ауланып,  өңделген  ба­лық түрлері  Еуропа мем­ле­кеттеріне экспортталуда. Бұл, сөз жоқ, аймақтағы алымды істердің бір парасы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2019 г. 853 0