Осы аптада «Даму» қорының Қызылорда филиалы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бейресми кездесу өткізді. Елімізде 1997 жылдан бері жұмыс жасайтын қордың облыс бойынша аймақтық филиал директоры Алмас Тастанов облыстағы шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, кәсіпкерліктің нәтижелері мен жоспарлары және жаңа бағдарламалар туралы әңгімеледі.
Былтыр екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдар бойынша қаржылық қолдау алған жеке кәсіпкерлер өз өтініштерін беріп, олардың ішінде 387 жоба қолдау тапқан. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда (168 жоба) 130%-ке өсіпті. 2019 жылдың 1 тоқсанында бұл нәтиже бойынша 75 жоба ұсынылған.
– Былтыр кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлері 677 кәсіп ашуға ұмтылған азаматтарға кеңес берсе, биылғы жылдың 1 тоқсанында 566 кәсіпкерге көмек көрсетілді. Қосымша жыл сайынғы жоспар бойынша біз кәсіпкерлердің жеке құзыретін арттыру үшін Астана қаласындағы Nazarbayev University жанында шағын және орта бизнесті дамыту жайында арнайы курстық оқыту жүргіземіз. Енді осы шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау бағдарламаларының нәтижесіне келер болсақ, 20 жылдан астам уақыт ішінде «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020», «Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Еңбек» бағдарламасы және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау арқасында нарыққа белсенді түрде бейімдеп келеді. Былтыр осы бағдарламалар негізінде барлығы 10 043,1 млн теңге сомасында 154 жоба қаралып, мақұлданған, – дейді Алмас Тастанов.
Қор директорының айтуынша, қол қойылған субсидиялау шарттары бойынша сомалардың былтырғы өсімі 2017 жылмен салыстырғанда 22,8% (8,1 млрд теңге) болса, биыл жалпы сомасы 10 млрд теңгеге 150 жобаға қол қою жоспарланған.
Бизнес ашуға жеке кәсіпкердің кепіл мүлкі болмаған жағдайда несиелерді кепілдендіру құралы бойынша 2018 жылы барлығы 3 671,08 млн теңге сомасына 87 жоба қаралған. Соның негізінде жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге 76 жоба қаржыландырылып, кепілдік сомасы 1,2 млрд теңгені құрады. Қор қызметкерлерінің айтуынша, қордың субсидиялауға өтінімдерді қараудың орташа мерзімі 4 жұмыс күнін құрайды. Ал кепілдік беру өтінімдерін қараудың орташа мерзімі жобаның әр түрлілігіне байланысты 5-10 жұмыс күнінде жауап ала аласыз.
Бүгінгі таңда біздің аймақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көшбасшылардың бірі. Бағдарлама іске асқаннан бастап, бүгінге дейін несиенің жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын 9 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойылған. Мысалы, былтыр 997,8 млн теңге сомасына 9 жоба қаралса, биыл 865 млн теңге сомасына 7 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойылған. Бұл субсидияланатын жобалар бойынша салынып жатқан нысандардың жалпы ауданы 40 955 шаршы метрді алып жатыр.
Келесі кезекте, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру нәтижелеріне көз жүгіртсек. Бағдарлама аясында облыстағы қаржы қоры 572,4 млн теңгені құрайды. Жыл басынан бері аталған бағдарлама жалпы сомасы 515,17 млн теңгеге 57 жобаны қаржыландырған. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 134,6 млн теңгеге 12 кепілдік беріліп, оның сомасы 77,3 млн теңгені құрапты.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыру жұмыстары да қарқынды. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі облыс бойынша кәсіпкерлік және туризм басқармасы мемлекеттік гранттар қаражатын беру бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Негізгі қаржы агенттігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ болып табылатын аталған бағдарлама, біріншіден, грант алушыларға мониторинг жүргізеді. Оған себеп, арнайы қаржылық қолдау ретінде берілген қаржы көздері өз мақсатына тиімді жұмсалмай жеке пайдасына жарату жағдайлары көптеп кездескен. Бір ғана мысал, 119 грант алушы (75%) шарт талаптарын бұзып, өзінің бизнес-жобасын қорғай алмаса, 40 грант иегері (25%) өз бизнес-жобаларына грант ұтып, мақсатын іске асырған.
Сондай-ақ филиал директоры Алмас Тастанов қордың «Documentolog» ЭҚЖ Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесіне сәтті қосылғанын хабарлады. Сонымен қатар, қор жаңа цифрлық арна «Даму» мобильдік қосымшасын іске қосқан. Бұл мобильді қосымша кәсіпкерлерге қордың іске асырылып жатқан барлық бағдарламалары мен жаңалықтары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Қосымшаның жеке кабинеті субсидия шартын жасасқан кәсіпкерлерге келіп түскен субсидия төлемдері бойынша ақпаратты қарауға да көмегі мол.
Іс-шараға спикерлер ретінде Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының, «Атамекен» өңірлік палатасы және «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ өкілдері қатысты. Әрбір ұйымның қызмет салаларын, қызмет түрлерін, кәсіпкерлерді қолдау түрлерін ажыратудағы мәселелер егжей-тегжейлі айтылды.
«Атамекен» өңірлік палатасы бизнестік жобаларды оқыту мен қорғау бойынша жұмыс жүйелерін түсіндіріп, палата тек «қаржылай емес қолдаумен» айналысатынын айтса, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ басшысының орынбасары Айжан Түйменова өз қызметтерінің басты шарттарына айрықша тоқталды.
– Бізде 70-ке жуық қызмет түрлері бар. Олардың ішінде техникалық шарттар алу бойынша, сәулет және құрылыс саласы, жер мәселесі, көші-қон қызметі, мемлекеттік кірістерді анықтауға көмек көрсетіп, сондай-ақ, мемлекеттік, үкіметтік және аймақтық бағдарламалар бойынша да кеңес береміз. Орталық құрылған сәттен бастап, кәсіпкерлер барлық қажетті қызметті бір жерден алуға мүмкіндігі бар, – дейді Айжан Сейдуллақызы.
Айта кету керек, 2017 жылдан бері жұмыс жасайтын орталық «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Мұнда кәсіпкерге қажетті барлық қызмет тегін көрсетіліп, кәсіпкер мен өкілетті органның арасындағы тікелей байланысты болдырмайды. Яғни, түрлі әкімшілік мекемелердің есігін қақпай-ақ, сыбайластықтың алдын алу мен кәсіпкерлікті көркейту мақсатында құрылған бұл орталықтың халыққа берері көп. Республика бойынша басқа баламасы жоқ орталықтың қызмет көрсету динамикасында оң нәтиже бар. 2017 жылы 250-ге жуық қызмет түрі көрсетілсе, былтыр 6000-нан астам тұрғынға орталық өз кеңесін ұсынған.
Ержан ҚОЖАСОВ.