ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев экономиканы дамыту үшін сыртқы қарыздан гөрі тікелей инвестицияға басымдық беруді жөн деп тапты. Өйткені инвестиция – кез келген экономиканың «күретамыры». Сондықтан да шетелдік инвестиция тарту мақсатында әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі өндірістік, қаржы, сауда, т.б. бағыттардағы іскер топтар жетекшілерімен экономикалық қарым-қатынасқа арналған көптеген келісімдер жасалды.
Елбасы мұнан бөлек танымал шетелдік бизнесмендермен жүздесіп, Қазақстанға ақша салудың тиімді тұстарын айтты. Осындай жұмыстардың арқасында Қазақстан тек Ор­та­лық Азияда ғана емес, бү­кіл посткеңестік кеңістікте ше­тел­дік инвес­тициялар тарту бойынша көшбасшыға айналды.
Мәселен, экономикасы бізден он есе үлкен Ресей 2016 жылы небәрі 19 миллиард доллар ғана тікелей шетелдік инвестиция тарта алыпты. Ал Қазақ елінің бұл көрсеткіші 20 млрд доллардан асты. Индустрия­ландыру бағдарламасын іске асыру жылдары  құны 5,2 трлн теңгені құрайтын 1 мың 60 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде  100 мың жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік туды. Мәселен, 1993 жыл мен 2002 жылдар аралығында Қазақстан Рес­публикасына түскен шетел­дік инвестициялардың жал­пы көлемі 17,7 млрд дол­ларды құрады. Сөйтіп негізгі капиталдағы инвес­тиция өсімі 26,4%-ке жеткен. Айта кету керек, Қа­­зақ­стан әлем экономика­сы қиын­шылықтарға тап бол­­ған жылдары жақ­­сы көр­­сеткіштерге қол жет­кізді. Бұл же­тіс­тік­ке Қазақстанның әрбір өңі­рінде тартылған инвес­тиция­лардың да өз үлесін қос­қаны анық. Олардың қа­­тарында Сыр өңірі де өз жетістіктерімен ерек­шеленеді.
Апта басында 2019 жыл­ғы қаңтар-наурыз аралы­ғын­дағы елдің әлеу­меттік-  эконо­ми­­калық дамуының қорытын­дылары бойынша өткен Үкімет отырысында Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны, экономикаға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар қатарында екені айтылды. Ал осы қысқа ғана хабарламада айтылған жағымды жаңалыққа қол жеткізу үшін қаншама жылдар тынымсыз жұмыстар атқарылды десеңізші!
2013 жылы облыс өнеркәсібінің 93%-і көмірсутек шикізатына тәуелді еді. Бұлай кете беруге болмайтынын мұқият бағдарлаған облыс басшылығы ресейлік белгілі ғалым-экономист, академик Аганбегян бас­таған ғалымдардың көме­гімен «Қызылорда об­лы­сының 2020 жылға дейінгі әлеу­мет­тік-экономикалық даму ст­­ра­­тегия­сы» жобасының  дайында­луына ұйытқы болды. Аймақ да­муы­ның стратегиялық жобасы бо­йынша облыс экономи­ка­сын әрта­рап­тан­дырудың ба­сым бағыты индустрияландыру, он­ың ішінде метал­лургия саласы танылды. Осылайша ме­тал­лургиялық клас­тер құру ба­­ғытындағы жұмыстар бас­талып, бүгінде аймақта үлкен үш жоба – «Шалқия Цинк ЛТД» кәсіпорнын қайта жандандыру, ферроқорытпа зауытын салу, «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру се­кілді жобалар қолға алынды. Облыстың стратегиялық даму бағдарламасында сондай-ақ кә­сіпкерлікті, агросекторды, ин­фра­құрылымды, туризмді және т.б салаларды дамыту көзделді. Аталған салаларға әрине инвес­тиция тартылмай жұмыс алға бас­пайтын еді.
Осы тұста облыс әкімі өңір экономикасына қаржы құ­й­­ыл­­­уын қамтамасыз ету мақ­са­тында инвестициялық форум өт­­кізуге бастамашы болды. Ин­вестфорумның мақсаты – облыс экономикасына отандық және шетелдік инвестиция­лар тартуды ұлғайту, индус­триал­ды, туристік және аграрлық салаларда шетелдік және отандық инвесторлардың ай­мақ­тың компанияларымен өз­ара тиімді әріптестік орнату, инвестициялық ахуалды жақ­сарту, қаржылық инф­ра­құ­ры­лымды дамыту, бизнес-ахуалды жақсарту, өңір экономикасын әр­та­раптандыру мен жаңғырту үшін бизнес, ғылым және билік өкілдерінің күш-жігерін біріктіру.
Алғашқы «Байқоңыр» ин­вес­тициялық форум  2013 жылдың 1 наурызында ұйымдастырылды. Онда облыс әкімдігі мен Еу­ро­палық қайта құру және даму банкі арасындағы көлік ин­фрақұрылымы ­саласында бір­­­лескен жобалар бойын­ша ын­ты­мақтастық туралы ме­мо­ран­думға қол қойылды. Міне, сол уақыттан бері жыл сайын екі реттен өткізілетін инвестициялық форум дәс­түрлі шараға айналып, инвес­тициялаудың маңызды мә­се­лелерін талқылау және шешу жол­дарын қарастыратын, ұз­ақ мерзімді әрі өзара тиімді ын­ты­мақ­тастықты қамтамасыз ететін сындарлы диалог алаңына айналды.
Өткізілген форумдардың нә­тижесі бойынша 100-ге жуық меморандумға қол қойылып, шыны, цемент, ферроқорытпа за­у­ыттары сияқты ірі инвес­ти­циялық жобаларға 110 млрд теңгеден астам инвестиция тар­тылды. Ал өткен жылдың жел­­тоқсан айында ке­зекті оныншы мәрте өткі­зіл­ген ин­вестициялық форум «жасыл экономика» тақырыбына арналды. Форум аясында жа­ңар­тылатын энергия көздері, инвестициялық жобаларды да­мыту және «жасыл технология­ларды» енгізу саласындағы ын­­ты­мақтастық ту­ралы 12 ме­мо­рандумға және керамика зауы­тын салу туралы келісімге қол қойылды.
Инвестфорум өткізу жұ­мыс­тың бір парасы болса, инвестиция құюға ниет танытқан инвесторға қолайлы жағдай жасау – жұмыстың екінші бағыты. Жалпы, Сыр өңірі инвесторлар үшін қолайлы аймақ.  Облыста байланыстың күретамырлары – теміржол,  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында аймақ халқының 93%-і тұрады. Тоғыз жолдың торабындағы аймақта инвесторлар үшін бар жағдай жасалған.  Өңірде жал­пы көлемі 915,7 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда. Инвес­торларға қолайлы болу үшін облыста кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жұмыс істейді. Онда барлық қызметтерге бір жерден қол жет­кізуге болады. Аймаққа «Зә­кірлі инвесторларды» тарту мақсатында  роуд-шоулар ұйым­дастырылып келеді. Олар­дың қорытындысы бойынша бү­гінгі таңда шетелдік инвесторлармен көптеген меморандумға қол қойылды. Сол секілді облыс­ты  буферлік аймақтан шығару бағытында жүйелі жұмыс бар. Оның оң шешілуі де өңір­дің инвестициялық тартым­ды­лығын арттыра түсті.
Міне, жоғарыда айтылған осындай белсенді жұмыстардың  нәтижесінде 2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн теңге тікелей инвес­тиция тартылды. 2018 жылы ин­вестиция көлемі 25,5%-ке артты, инвестицияның 22,4% өсімі көп жағдайда кәсіп­орын­дардың өз қаржысын салу есебінен болғанын атап өткен жөн. Өнеркәсіп саласы бо­йынша 2013 жылдан бастап 70-тен астам жаңа өндіріс орны пайдалануға берілсе, бұл сала­дағы еңбек өнімділігі тек соңғы жылдың өзінде 25%-ке артып отыр. Ал, 2018 жылы өңдеу саласында өнім өндіру 2013 жылмен салыстырғанда 31,6%-ке артқан.
Соңғы 6 жылда аймақта мұ­най өндіру 10,7 млн тоннадан 6,4 млн тоннаға дейін азайды. Тек 2018 жылдың өзінде мұнайдың 420 мың тоннасын жоғалттық, осы жылы болжам бойынша тағы 1 млн тонна кем өндірілмек. Мұнай өңдеу көлемінің айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, соң­ғы 4 жылда алғаш рет 2017 жылы Қызылорда облысы жалпы өңірлік өнімнің көр­сеткіші бойынша 2016 жылғы деңгейден 100,8%-ке көтерілді. Соңғы үш жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі инвес­тиция көлемі 2,3 есе, жалпы қосымша құн көлемі 12%-тен астам, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 22,7%-ке ұлғайды. Бірнеше жыл ішінде облыстың жалпы өңірлік өнім құрылымындағы ауыл шар­уа­шы­лығының үлесі 2,5%-тен 3,7%-ке өсті. Облыстан экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдері соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге жетті. 2018 жылы облыстың агро­өнеркәсіп саласында ин­вес­тициялық құ­ны 2522,9 млн теңгенің 12 жобасын іске асыру басталды. Ол жобалардың ішінде күріш ақтау, сүт, шұжық өндіру зауыттары, жылыжай кешендері және мал бордақылайтын алаңдар бар. Сонымен қатар, 2019 жылы инвестициялық құны 5857,5 млн теңгенің  4 жобасын  іске асыру аясында сүт өңдеу зауыттары мен құс фабрикасын салуды бастау жоспарланған.
2018-2020 жылдары ай­мақта «Жаппай кәсіпкерлікті қол­дау­дың үш жылдығы» жарияланды. Қабылданған шаралар нәти­же­сінде  өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ке артты. 2018 жылғы рейтинг нәти­же­сімен біздің облысымыз шағын бизнесті жүргізуге қолайлы үздік аймақ аталып, Елбасы облыс әкіміне «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.
Соңғы 6 жылда 3 млн  шаршы метр шамасында тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс ор­та­лығының өзінде 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынды. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жылы тұрғын үй берудің жылдық көлемі 2,6 есеге өсті. 700 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
2019 жылдың 3 айының қоры­тын­дысы бойынша облыста не­гізгі капиталға салынған инвестиция 84 млрд теңге құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыстырғанда 2,3 есеге өсті. Ал негізгі капиталға бюджеттен тыс 62,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  5,1 есеге өсті. Атап өту қажет, жалпы  негізгі капиталға тартылған инвестиция қарқыны бойынша аймақ республикада бірінші орында. Бұл – Қызылорда облысының сапалы өзгерістер жолымен дамып келе жатқанының айқын дәлелі. 

Ыдырыс Тәжіұлы,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2019 г. 444 0