« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген ұлт өнерін ұлықтауға арналған игі шаралардың бірі Қызылордадағы ипподромда өтті. Маусымашар ат спорты жарыстарына Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облыстарымен қатар Шымкент қаласынан және өңір аудандарынан жүйрік жаратқан сейістер жиналып, ұлттық сара сайыстың думанын қыздырды.
Айту керек, Қызылорда облысы қазір ат спорты бойынша алға озып тұр. Облыстық ат спорты федерациясының пәрменді еңбегі мен төл өнерге деген ынтызар қауымның ықыласы талай айтулы додаларда Сыр елінің абыройын көтеруде.
Маусымашар салтанатты облыстық ат спорты федерациясының президенті Айтбай Көшербаев ашты. «Атыңыз бәйгелі, есіміңіз әйгілі» болсын дегендей, алыс-жақыннан келген қонақтарға алғыс айтып, облыстың ат спортындағы бірқатар жетістіктерді баян етті.
Аталы жолмен бата беріп бәйге бастау ежелден бар үрдіс. Сол дәстүрмен жарысқа да кезек берілді. Түйініп алып тай мінген қаршадай шабандоздар жұрт алдымен жүріп өткенде ерекше бір сән түзеді. Осы арада жылт еткен ой: қазақтың қазіргі бәйгесі баяғы жабы жортып, шабан шабатын бәсеке емес. «Жүзіктің көзінен өткендей» жұтынып тұрған кіл жүйрік. Әйгілі ағылшын, не болмаса араб тұқымы. Қолтума аз, есесіне, осы айтқан «таза қанды» жылқыңыз қазіргі нарықта аспандап-ақ тұр. Қолың жетсе бапта, бақ...
Осы жолы тай жарысқа жиырмаға жуық үміткер қатысты. Бас-аяғы 3 шақырымдық жолды әп-сәтте еңсеріп өткен жүйріктер, шын мәнінде, кіл мықтылар екен. Сол мықтылар арасында қызылордалық Серікбол Боташовтың «Шанелі» қара үзіп, дара келді. Екіншіні шымкенттік Қалмахан Кендербаевтың «Ғажайыбы» алса, жамбылдық Сәдірбай Жамбылдың «Көкдауылы» мәрені үшінші болып кесті.
Құлпырған құнандар да қиқуға басқан қауымға аз шабыт сыйлаған жоқ. 7 шақырымдық бәйгеде жамбылдықтардың мерейі үстем болды. Әлібек Жұмабектің «Қарагері» топ жарды. Екінші жүлде қызылордалық Бердібек Мыхановтың «Айтолқынына» бұйырды. Ал, үшінші орынды шымкенттік Жеңіс Тоғызбаевтың «Жұлдызай» атты байталы еншіледі.
Бәйге атаулыда аламанның жөні бөлек. Аттың аты шабатын, бапкердің бағы сыналатын нағыз бәсеке. Бір байқағанымыз, «Қызылордада бәйге болады» десе, қазір қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі сейістер елеңдемей тұрмайды. Өткен жылы қаланың 200 жылдығына ұйымдастырылған ат жарыстың дақпырты әлі күнге басыла қойған жоқ. Осындай ұлт өнерін нақышына келтіре көрсетуге қалалық ипподромның лайықты болып тұруы жетістік деп бағалаған жөн.
Сонымен, аламанға қырыққа жуық ат қатысты. Айналманың апшысын қуырып, соңғы сәтке дейін тобын жазбай жүйткіген жүйріктер шешуші шақырым таяғанда ыдырап сала берді. Сол екен алдыңғы төртеуден арындап алға озған қызылордалық Бердібек Мыхановтың «Зарина» атты күреңі мәреге дара келді. Екінші және үшінші орын алматылық Ұлан Омаровтың қос бірдей «Алатауы» мен «Беріктасына» бұйырды.
Осылайша, ұлт өнерін ұлықтауға арналған маусымашар шара Елбасының баянды бастамасына үн қосып, елдің рухын көтерді.
Жеңімпаздар ақшалай жүлдемен марапатталып, оның да өзіндік жоралғысы салтанатты түрде өтті.
Байқайсыз ба, әлгі айтқан атақты ағылшын, не араб жылқысын қанша зор, қанша жылдам болса да қаршадай қазақ баласындай жайдақ шабатын ел некен-саяқ. Сірә, бұл да ұлы даланың ұлағаты болар...
Қ.НАРКЕН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |