«ШІРКЕЙЛІДЕ ЖАСАЛҒАН» ӨНІМДЕР ел кәдесіне асып келеді

Сырдариялық жұртшылық құрылысқа қажетті өнімдерді алыстан іздемейтін болды. Керектінің көбі таяқ тастам жердегі Шіркейліден табылып тұр. «Шіркейлі» жеке кәсіпкерлігінің цехында жаңбырлы сылақ, құйылмалы еден, кафельге арналған желім, левкас тәрізді өнімдер шығарылуда.

Нұрсұлтан Сайлаубаев мұнда цех ашылғалы жұмыс істейді. Бір жыл бұрын жұрт­шылыққа дайын өнім ұсына бастаған мекемеге бүгінде тапсырыс ауқымы артқан. Тіпті, жігіттер екі ауысым бойынша еңбек ететін болды. Цехта барлығы 8 қызметкер бар.

– Небәрі бір жылда ай­на­лаға танылып үлгердік. Облыстың әр аумағынан ке­ліп, тапсырыс беретіндер бар. Бейнетіміздің қайтарымы шығар, жалақымыз уақытылы. Бастысы, жауапкершілік. Әр адам өз жұмысына мұқият болса, біздің алмайтын асуымыз қалмас, – деді цех меңгерушісі Н.Сайлаубаев.

Алдағы уақытта құрылысқа қа­жетті қара қағаз бен эму­л­­ь­сия шығару жоспарда тұр. Ал керек қоспаларды Қы­зыл­орда қаласынан алдырады. Жеке кәсіпкер Сейтқамал Сұл­тановтың бастамасымен іске асып отырған жоба ауыл тұр­ғындарын жұмыспен қамту­мен қатар, елді мекеннің атын шы­   ғаруда. Болашақта әлі де тың жобалар дүниеге келмек екен.

– Цех иесі қара қағаз шығаратын аппаратты алдырып қойған. Енді тек өнім өндіру қалды. Жалпы ауылда кәсіпкерлікке көзқарас бөлек. Қазір «менің мынадай жобам бар еді» деп кеңес сұрап келетін жандардың қатары артқан. Бұл өз кезегінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына септесетініне сенемін. Өткен жылы «Jas prodject» жобасы бойынша ауылда екі жасымыз жеңімпаз атанды. Бірі кіші футболдан команда жасақтап, салауатты өмір салтын қалыптастырып жатса, екіншісі, қолөнер саласы бойынша жұмыс істеуде, – дейді ауыл әкімі Талғат Құланқадыров.

Ауылда сонымен қатар 7 азамат «Бизнес-Бастау» бо­йынша оқыса, 6 тұрғын «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 240 мың теңгеден қайтарымсыз қаражатқа ие болды.

Шіркейлілік ағайын кә­сіпке мықтап ден қойып жатыр. Кондитерлік цех, балық шаруашылығы, көлік жөндеу орталығы тәрізді жобалар бұл күнде жолға түскен. Ауыл әкімінің айтуынша, жыл санап жоба тапсырушылар қатары да артып келеді.

Дәулет ҚЫРДАН.

Сырдария ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2019 г. 939 0