Күріш өндірісі: жергілікті сорттың артықшылығы неде?

 Күріштен тұрақты мол өнім алуда сорттың және оның тұқым шаруашылығын жүргізудің маңызы өте зор. Сондықтан күріш өсіретін барлық елдер жоғары өнімді, жарма сапасы жоғары, ауруларға және жергілікті жердің топырақ- климаттық жағдайларына бейімделген сорттарын шы­ғарып, өндіріске енгізуге көп көңіл бөлінеді.

Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерінде (Қытай, Үндістан, Жапония, т.б.) күріштің жүздеген сорттары шы­ғарылған. Ол сорттар сол елдердің ауа райы мен топырақ ерекшеліктері әртүрлі аймақтарына бейімділігі бойынша аудандастырылады. Сонымен қатар, әр елдің күріштен ас әзірлеу дәстүріне байланыс­ты жармасының қасиеттері әртүрлі сорттар сұранысқа сәйкес өсірілуі де мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Азия елдері көбіне күріштің «Индика» түр тармағына жататын ұзын дәнді сорттарын егеді, ал Еуропа, Америка, Ресей, Жапония елдері мен біздің елде «Японика» түр тармағына жататын қысқа дәнді сорттардың үлес салмағы басым болып келеді.

Күріш әлемде жалпы екі түрлі әдіспен: көшеттеп өсіру және құрғаққа немесе суға дәндерін сеуіп өсіру әдістері қолданылып өсіріледі. Осыған байланысты аталған технологияларға бейімделген сорттар егілуі тиіс.

Қазіргі кезде жоғары өнімді шетелдік сорттарды жергілікті жағдайларға бейімдеп өндіріске енгізу (трансферт) мәселесі айтылып жүр. Әрине, бұл бағытты да теріске шығармай, біздің жерде жоғары өнім бере алатын сорттардың мүмкіндігін пайдалануға әбден болады. Алайда, селекциялық жұмыстар түрлі әдістерді, оның ішінде, негізінен, будандастыру әдісі арқылы ұзақ жылдар бойы жүр­гізіледі. Осы жылдары болашақ сорттар жергілікті жер­дің қолайсыз стрестік жағ­дайларында түрлі сынақтан өтеді. Соның арқасында  се­лекциялық питомниктерде 7-8 жыл зерттелген жүздеген үлгінің ішінен оншақтысы таңдап алынып, 2-3 жыл бойы конкурстық сынақтан өтеді. Осы үлгілердің ішінен болашақ сорт болуға лайықты 1-2 үлгі мемлекеттік сортсынаққа бері­леді де, сонымен қабат өндірістік сынақтан өтеді. Бұл үлгілер перспективті сорттар ретінде тіркеліп, олардың сорттық технологиялары әзірленеді.

Сондықтан, біздің жерде экологиялық сынақтан өтпеген шетелдік сорттардың ауа райы қолайсыз кейбір жылдары пісіп-жетілмей қалуы, немесе сиреп қалуы кездесіп тұрады. Тіпті осы жағдайлардың әсерінен өнім бермей қалу қаупі бар. Мыса­лы, өткен жылы байқалған көк­темгі қолайсыз ауа райы мен су тапшылығының салдарынан облыста көп көлемде егіліп жүрген Ресейдің «Лидер» сорты же­келеген шаруашылықтарда то­лық піспей қалды. Ал жергілікті жерге әбден бейімделген «Маржан» сорты барлық жерде де қалыпты өнім берді.

Сол себепті, күріш өсіретін әрбір аймақта, әсіресе басқа жер­лердің, оның ішінде Ресей­дің, топырақ-климат ерек­ше­ліктеріне ұқсамайтын біз­дің облыста жаңа сорттар жер­гілікті жер жағдайында шы­ғарылғаны абзал. Облыстың климаты күрт континентальды болып келеді, яғни ауа райы күрт өзгеріп тұрады. Көктем мен күз айларында күн мен түннің температурасындағы айыр­машылық  өте көп, ал жаз айлары өте ыстық болады. Оның үстіне, аймақтағы кү­ріштік жерлердің топырақ тұз­дылығы жоғары болып келеді. Облыстық агроөнеркәсіп кеше­нін ғылыммен қамтамасыз ете­тін бірден-бір ғылыми мекеме – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институтының ға­лымдары соңғы жылдары кү­ріш­тің жаңа, жергілікті жерге бейімделген, жоғары өнімді «Сыр Сұлуы» және «АйКерім» сорттарын шығарып, мем­ле­кеттік сортсынаққа берді және бұл сорттардың тұқымын жеделдетіп көбейтуде. Аталған сорттар «Мағжан и К», «Таң», «Агротехнология», «Ер Әлі» секілді шаруашылықтарда да өндірістік сынақтан өтуде.

«Сыр Сұлуы» сорты – 105-110 күнде ерте пісетін сорттарға жатады. Өсімдік биіктігі орташа 95-100 см шамасында, ал масағы салалы 18-21 см дейін жетеді.

Бұл сорттың дәндері ірі болып келеді. Мысалы, дәні­нің ірі­­лігі орташа «Лидер» сор­тының 1000 дәнінің массасы 31-32 г болса, «Сыр Сұлуы» сор­­ты­ның бұл көрсеткіші 35-36 г құ­райды. Жалпы жарма шы­ғымы өте жоғары – 72-73 %, ал сорт­тық жармасы 62-64 %-ке жетеді.

«Сыр Сұлуы» тұздылыққа және төмен температураларға төзімді. Алғашқы өсу қарқыны жоғары болғандықтан және терең су қабатын жарып шығу қабілеттілігіне байланысты өсімдік көгі біркелкі тез өсіп шығады. Сол себепті, бұл сорттың себу нормасын гектарына 200-230 келіден асырмай себуге болады.

Конкурстық сортсынақта сорттың өнімділігі гектарына 70-80 центнерге жетіп,  стандарттан 4-7 центнер артық өнім берді. Сорт жоғары агрофонда жақсы өнім береді. Ең жоғары өнім түптену фазасының басында және аяғында азот тыңайт­қы­шымен үстеп қоректен­дір­генде алынды. Бұл сортты Қа­зақ­станның күріш өсіретін бар­лық аймақтарында егуге болады.

«АйКерім» орташа мерзімде (110-115 күнде) пісетін жоғары өнімді сорттарға жатады.

Сорт өсімдіктері биіктігіне қарамастан, жығылуға төзімді, ал масағы өте салалы, ұзындығы 23-25 см дейін жетеді. Бір масақтағы дән саны 150-170 дана, ал 1000 дәнінің массасы 32-33 г, яғни ірілігі «Маржан» сорты дәндерімен шамалас болып келеді. Дәндерінің шыны түстілігі жоғары – 90-92%. Жалпы жарма шығымы – 68-70%, ал ондағы бүтін ядросы 80-85 % құрайды.

Сорт бастапқы өніп-өсу ке­­зеңінде салқындық пен су қа­батының тереңдігіне, саңы­рау­құлақ аурулары мен тұз­ды­лыққа төзімді. Кон­курстық сынақтан өткен жылдары гектарына 80-85 центнерден өнім берді.

«АйКерім» минералды тың­айтқыштардың орташа және жоғары  дозаларында, көп­жылдық шөптердің қыртысы мен аударма қыртысында жоғары өнім береді.

Солтүстік және орталық аймақтарда тұқымын сеуіп суға бастыруды 10 мамырға дейін, ал біздің облыстың оңтүстік аймағы мен  Түркістан облысында 15 мамырға дейін аяқтаған дұрыс.

Бұл сортты,  негізінен, орта­лық және оңтүстік  аймақтарда өсірген тиімді.

Қорыта айтқанда, жергілікті селекцияның «Сыр Сұлуы» және «АйКерім» сорттарын ауа райының қолайсыз жағдайлары мен топырақ ерекшеліктерінен көп қауіптенбей, облы­сы­мыздың барлық күріш өсіретін шаруа­шылықтарында егіп, тұ­рақты мол және сапалы өнім алуға толық мүмкіндік бар.

 

Қ. БӘКІРҰЛЫ,  

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

 Қазақ Ауыл-шаруашылығы академиясының

 корреспондент-

мүшесі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2019 г. 855 0