Көрерменге ой салған қойылым

Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры  Қызылордада өнер көрсетуде. 

Кеше елордалық өнер ұжымы «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымын ұсынды. Көрермендер қатарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та болды.

Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен шымылдығын түрген театрдың әр қойылымы өз көрерменін тапқан. Ал Шыңғыс Айтматовтың «Ға­сыр­дан да ұзақ күн» атты әйгілі туындысы 2003 жылы Халық Қаһарманы Әзір­байжан Мәмбетовтің режис­серлығымен сахналанады.

Спектакльде бұрынғы май­дангер, қазіргі қарапайым те­міржолшы Едіге досы Қа­занғапты соңғы сапарға шы­ғарып салады. Аманатына сай досын «Ана бейітке» жер­лемек болған Едіге осы жолда сан қи­лы қиындыққа кезігеді. Ол ұлттық болмысын, дінін, тілін ұмытқан ұрпақты мәң­гүртке теңейді. Иә, жуан-жуан­­дардың жас Жоламанды адам айтқысыз азаппен мәңгүрт еткені белгілі. Ал бү­гінгі мәңгүрттердің жайы тым басқа. Осынысымен де спек­такльдің салмағы тым ауыр.

Айта кету керек, қо­йылымда басты кейіпкер Едіге мен Үкібаланы ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ыбыраев пен Бақыт Исабекова сомдады.

–    Театр үшін Әзірбай­жан Мәмбетовтің «Ғасырдан да ұзақ күн» туындысы тым құнды әрі құрметті. Спектакль басталғаннан-ақ ре­жис­сердің энергетикасы, ерен еңбегі бірден сезіледі. Бұл қойылымнан кейін, әсі­ресе жастардың «шығарма мені үлкен ойға жетеледі, мына дүниеге,  адамдарға бас­қа көзбен қарай бастадым, кей қадамнан бас тарттым» дегенін жиі естиміз. Біздің туындының да басты мақсаты адамдарға ой салу болатын, – деді Бақыт Исабекова.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2019 г. 339 0