"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов облысқа жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге CRC-1 дәнекерлеу кешеніне барып, "Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Магистралды газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша өтеді. Газ құбыры жылына 2,2 млрд текше метр көгілдір отын өткізу мүмкіндігіне ие, ұзындығы 1061 км құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылыс мердігері - "ҚазҚұрылысСервис" компаниясы, ал операторы - "Астана газ ҚМГ" мекемесі. Газ құбырының құрылысы ағымдағы жылдың соңына қарай елорданы газдандыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Жобаны жүзеге асыру аясында Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларында автоматты газ тарату станциялары салынады. Аталған қалаларда магистральдық газ құбырын салумен қатар, жергілікті бюджет есебінен көгілдір отын тарату желілерінің құрылысы жүргізілетін болады. Жобаның қуаты - жылына 3,6 млрд текше метр. Құрылыс барысында 1690 жұмыс орны, іске қосылған соң 194 жұмыс орны құрылады.