Үйден ашқан бизнестің тиімді жағы көп

Бүгінгі күн «Үкімет өзі асырайды» деп, өз жайыңды біреу күйттейтіндей қол қусырып отыратын заман емес. Аштан өліп, көштен қалғың келмесе, тірлік қылмай болмайды.   Осындай мақсатта адамдар өз кәсібін ашу туралы ойға келіп, оны жүзеге асырып жатады. Солардың арасында шағын бизнесін өз үйінде ашып, отбасына табыс кіргізіп жатқандар жетерлік.

Үйдегі бизнеспен ер адамдар да, әйел адамдар да айналыса береді. Ер адамдар құрылыс материалдарын, ағаш өнімдерін, қолөнер бұйымдарын шығаратын шағын өндірістер мен цехтар және шеберханалар ұйымдастырса, әйелдер тігіншілік, кондитерлік және басқа да сан алуан жұмыстарды игеріп жатыр. Сонымен қатар, үйінде отырып компьютермен түрлі тапсырыс­тар орындайтын программис­тер мен веб-мастерлер де бар. Адамның еңбекке деген ынтасы болса ке­дергіні жеңу аса қиын емес. Алдына мақсат қойып,  кездескен небір қиын­дықтарды жеңе біліп, отба­сында бизнесін жолға қойған мүм­кіндігі шектеулі жандарды барлық ауданнан кездестіре аласыз.

Бизнесті үйде ашудың өзіндік біраз артық­шы­лықтары бар екен. Мәселен, жұмысқа жиналып және жетіп үлгеруім керек деп жанықпайсыз, күнделікті жолақы жұмсамайсыз. Кәсібіңді жүргізетін басқа орын іздеп, оны жалға алу үшін шығынданудың қажеті жоқ. Бір апта бойы демалыссыз жұмыс істеп, келесі жетіде демалуға бір жерге барып қайтуға болады. Балалар әрқашан қарауыңызда. Егер олар балабақшаға барса, оларды алып кетуге уақыт табасыз. Жалпы бұл бизнес көптеген дамыған елдерге тән құбылыс. «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде де Елбасы Үкіметке елдегі көпбалалы отбасылар үшін үйде отырып табыс табуға жағдай жасауды тапсырды.

Бірақ, ең бастысы қолға алған ісіңіз қандай да бір елеусіз кәсіп саналсын, табысы айтарлықтай көп болмай-ақ қойсын, бұл жағдай ешкімді де кәсіпкерлік ретінде тір­келу жауапкершілігінен  босатпайтынын естен шығармаған абзал.

–  Үйіңде кәсіп бастау үшін бірін­ші өзің білетін жұмысты қолға алған жөн. Екіншіден, алдыңа мақсат қойғаннан кейін кездескен қиындықтардан қорықпай алға баса беру керек, – дейді осы орайда айдарлылық белгілі шебер Роза Әлбатырова.

Кәсіпкер әйел сондай-ақ бизнес туралы семи­нар­ларға қатысудың пайдасы мол екенін айтты. Кәсі­біңді алға бастыруға мұндай сабақтардың берері көп екен.

Кәсіпкерлер пала­тасының мамандары айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» грантын алу үшін  «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша курс­тан өтіп, сертификат алу міндетті шарт болып табылады. «Бизнес-Кеңесші» жобасы өзіңіздің жеке бизнесіңізді қалай ашу немесе құрылған компанияның жұмысын қалай оңтайландыру керектігін айқындайды. Оқу барысында қатысушылар жеке бизнесін ашуға қажетті маркетинг, адам ресурстарын басқару, бизнесті жүргізудің құқықтық негіздері, қаржылар туралы білімді меңгереді. Оқу ақысыз және ұзақтығы 2 күн. Ал сол екі күн уақыт табуға қиналатын жандар «Атамекен Сервисэс» интернет-порталы арқылы үйден шықпай-ақ сертификат алуға мүмкіндігі бар. Бұл жаңашылдық пайдаланушыға өте ыңғайлы. Кез келген уақытта электронды түрде дәріс алып, емтихан тапсыра алады. Сондай-ақ, сертификат та электронды поштаға жолданады.

Мұндай оқыту жүйесі биылдан бастау алды. Дәстүрлі түрде оқыту үрдісі екі күнге жалғасса, онлайн түрде оқу қатысушының қалауына байланысты.  Онлайн түрде өтінім қалдыру үшін, «Атамекен Сервисэс»  порталына кіріп, өздігінен оқу жүйесін таңдау қажет. Курс­тан өткен соң қаржылық емес қолдау операторы, тестілеудің қайда, қашан өтетінін анықтайды. Қорытындысы 70%-тен жоғары болған жағдайда «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасын оқыды деген сертификат электронды түрде табысталады. Бұл сертификаттың мемлекеттік бағ­дарламалар аясында қаржылық қолдау алуға септігі мол.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2019 г. 434 0