« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Oблыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі ашылған еді. Осыған дейін Алматыда, Шымкентте, Түркістанда, Атырау мен Ақтөбеде өткен көрмені 700 мыңнан астам келуші тамашалаған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, жылжымалы көрме Қызылордада ашылғалы бері оны 5000-нан астам адам көрген. Оған қоса өткен демалыс күндері Шиелі және Қармақшы аудандарында жылжымалы экскурсия ұйымдастырылды.
Рақым нұры тұнған жер
Біз барған кезде де музей гидтері келушілердің бірнеше тобына қызмет көрсетіп, таныстырылым жасап жүрді. Мектеп оқушыларының сапына қосылып, әр экспонаттың сырына қанықтық. Бірінші зал «Елбасы жолы» деп аталыпты. Бұл бөлімде Елбасының ауыл баласынан бастап, Ұлт көшбасшысына айналуына дейінгі өмір жолы архив құжаттары, фото-бейнематериалдар, музейлік экспонаттар арқылы баяндалады.
Адам кіндік қаны тамған жері, ұшқан ұясы, балалық шағы туралы естеліктерді жүрек түкпіріне асыл қазына сынды аялап сақтайды. Елбасы өзінің атамекені – Алатаудың қойнауындағы Үшқоңырдың сұлу табиғатын, әкесінің ізі қалған жайлауды, гүр-гүр тасыған Қасқасуды жырға қосқанын білеміз. «Үшқоңыр» деген сөзі мен сазы үйлескен әдемі ән бар емес пе? «Президенттің ата-анасы» деген гобеленде көрініс тапқан табиғаттың сұлулығы осы екен ғой! «Үшқоңыр» әнінің «Шыңдарың Төле бидің қалпағындай, Жазира жасыл әлем алқабыңды-ай, Жуасы, қарақаты, бүлдіргені, Әжемнің шекер қосқан талқанындай» деп келетін жолдары тура суреттеліпті.
Әрі қарай жанға жақын, шынайы ақ-қара суреттер сыр шертті. 16-17-дегі балаң жігіт Нұрсұлтан ата-анасымен, сыныптас достарымен, «Жас натуралистер» үйірмесіне қатысқан қатарластарымен бірге түскен. Көрмені қызықтаушы оқушылар әлдебір экспонаттың қасына шоғырланып қалды. «Кластан класқа көшіру куәлігі» деген құжат екен. Кәдімгі үлгерім табельдері. Ол Назарбаев Нұрсұлтанның Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылындағы орта мектептің 6 және 7-кластарын бірыңғай бестікпен аяқтағанын айғақтап тұр. Ал 10-сыныпты бітіргені туралы құжатта тек «Орыс әдебиетінен» төрттік баға алып, қалған пәндерді үздік игергені жазылған.
Оқушылар осы жерде ұзақтау аялдап, суретке түсіп жатты. Сирек құжаттар мен экспонаттардан рухани күш алған Қызылорда жастарының арасынан болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы сынды қайраткер тұлға шығатын шығар. Менің есіме көрменің ашылу салтанатындағы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың сөзі түсті. Аймақ басшысы «қазақтың Қалтайының», Қалтай Мұхамеджановтың «Нұрсұлтан Әбішұлын басқалардан биік көрсететін үш қасиеті бар. Бірінші – ол қаршадайынан жердің демін, нанның дәмін, тердің иісін сезіп, өзі де солардың қатарында өскен. Екінші қасиеті – қараша үйдің көсеуінен бастап, алып зауыттың күрегіне дейін қолынан өткізген еңбек адамы. Үшіншіден, халқының рухани мол мұрасын, аңызынан бастап бүгінгі келбетіне дейін ана тілінде бойына сіңірсе, орыс әдебиеті арқылы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін өз әдебиетіндей таныған, оқыған, тоқыған адам» деген сөзін мысалға келтірген еді. Әсілінде, жігітті намысы қамшыласа, алмас асуы болмайды.
Адамның мектеп жасындағы балдәурені белі бүгілгенше ұмытылмайды. «Виньетка» деп аталатын суреттерді ақтарғанда білім берген ұстаздар мен құлын-тайдай құлдыраңдап бірге жүгірген достар көз алдыңа келеді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын түсірілген Елбасының виньеткасы да сол дәуір адамдары туралы ақпарат береді. Ортада жақында ғана 100-ден асып дүниеден озған Нұрсұлтан Әбішұлының ұстазы Сейітхан Исаев.
Елбасының елімізде металлургия комбинатын салу туралы шешім қабылданған кезеңде Украинаның Днепродзержинск қаласына аттанып, сол жақтағы КТУ-да білім алды. Училищеде бірге оқыған достардың суреті, оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін берілген мадақтамалар да көрмеде тұр. Кейін бұл қорға жастық шақтың қаласынан арнайы жіберілген «Днепродзержинскке сіңірген еңбегі үшін» деген естелік белгі, басқа да кәдесыйлар қосылған. Ұсынылған экспонаттар келушілерді Елбасының Теміртау қаласындағы металлургия зауытында жұмыс істеген кезеңімен таныстырады. Фотоқұжаттар, күнделік дәптер, құттықтау телеграммалары, СОКП XXVI съезіне Қарағанды облысынан сайланғаны туралы куәлік, президенттікке кандидат ретіндегі сайлауалды бағдарламасы, халық алдында берген анты, тұңғыш Конституция, Қазақстан-2030, 2050 стратегиялық бағдарламалары, кітаптары Н.Назарбаевтың саяси қызметінің әр сәттерін көрсетеді.
Ел тағдырын өзгерткен шешімдер
Екінші бөлім «Елбасы феномені» деген атауға ие. Тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысы жас Тәуелсіз мемлекеттің іргесі қаланған қиын да күрделі кезең болып тарихта таңбаланды. Осы уақыт – коммунистік жүйеден демократияға, нарықтық экономикаға өту мақсатында жасалған жүйелі реформалардың кезеңі еді.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу. Бұл – еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындаған, ядролық қарусыз әлем тұжырымдамасының негізін қалаған шешім болды. Егемендіктің елең-алаңдағы тағдыршешті шақта ядролық қарусыз, демократиялық ел болуға талпынған тарихи таңдаудың дұрыстығын уақыт дәлелдеп берді.
Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлықтың музей экспонаттарының қатарынан орын алуы тегін емес. Бас-аяғы 400-ден астам сынақ барысында Семей жеріндегі тіршіліктің тепе-теңдігі бұзылды. Адам денсаулығы, табиғат орасан зор зиян шекті. Музейдегі жартылай өртенген, ақ шүберек байланған қу ағаш сол Семей полигонының зардабын тартқандардың жанайқайы іспетті.
Осы залға Елбасына Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета ядролық қарусыздану ісіне сіңірген еңбегін тану белгісі ретінде тапсырған «Әулие Михаил мен Әулие Георгий Орденінің Үлкен Кресі» қойылған. Жапония – атом қаруынан зардап шеккен Қазақстанмен тағдырлас ел. Сондықтан ядролық қарусыздану идеясының бастамашысы Н.Назарбаевты Жапонияның ең жоғары марапаты «Үлкен таспадағы хризантема» орденімен марапаттаған. Тек император мен король, ақсүйектер әулетінен шыққан жапондықтар мен шетелдіктер, мемлекеттік, халықаралық ғылыми-зерттеушілік, қоғамдық және қайырымдылық қызметтегі жоғары жетістіктері, ғаламшардағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін шетелдік мемлекеттер басшыларына берілетін орденді бүгінде қызылордалықтар да тамашалауға мүмкіндік алды.
Бұл жерде алғашқы қазақстандықтың ғарышқа ұшуы, ғарыштан оралған қазақ жерінің топырағы салынған құты, ұлттық валютаның енгізілуі, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы сынды құжаттар сақталған. Отыз жылға жуық аралықта біздің еліміз аймақтық және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздік бастамаларын көтерген мемлекет ретінде танылды. Танылып қана қоймай халықаралық процестердің қатысушысына айналды. Көрмені аралау барысында Елбасы феноменін көрсететін идеялар мен бастамалардың – ел астанасының ауысуын, Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер съездерінің өтуін, тағы басқа тарихи шешімдердің бір сәтте қабылданбағанына көз жеткізесіз.
Халық арасында кеңінен танылған Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың әні «Менің Қазақстанымның» еліміздің мемлекеттік гимні болып қабылдануы да тарихи сәт еді. Тұңғыш Президент бастама көтеріп, ән анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін бастапқы мәтінін өңдеді. Сол өңделген нұсқа да музей экспонаттарының қатарынан орын алған.
Мойындау және құрмет
Көрменің ең «қымбат» залына өттік. «Қымбат» деуіміздің себебі бар. Мұнда Елбасына әлем елдерінің лидерлері тапсырған марапаттар орналасқан. Қазақстанның халықаралық аренадағы ынтымақтастық пен татулыққа негізделген саясатына алпауыт мемлекеттер өздерінің ең жоғары наградаларын беру арқылы құрмет көрсеткен. Әр награданың негізінде алдымен Елбасының ерен еңбегі, ұлтаралық қарым-қатынасты реттеудегі жетістіктері тұр. Жоғарыда Н.Назарбаевтың атом қаруын жоюға сіңірген еңбегіне берілген екі орден туралы айтқан едік. Бұл залдағы наградаларға да зейін қойдық.
Италия 1997 жылы Елбасын «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденінің «Үлкен Таспамен безендірілген Үлкен Крест Кавалері» орденімен марапаттаған. Украина екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан аса зор үлесі үшін I дәрежелі «Князь Ярослав Мудрый», Ресей «Әулие апостол Андрей Первозванный», бауырлас Өзбекстан «Буюк хизматлари учун» («Аса көрнекті еңбегі үшін») ордендерін тапсырған.
Залды аралау барысында Н.Назарбаев «Румыния жұлдызы» Үлкен кресі, «Австрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін Үлкен Құрмет Жұлдыз», Литва Республикасының І дәрежелі «Ұлы Витаутас», Тәжікстанның «Исмоили Сомони», Грекияның «Құтқарушы ордені Үлкен кресі», Хорватияның «Король Томислав» ордендерінің кавалері екенін білдік.
Елбасы марапатталған ордендердің біршамасының тарихына, түпнегізіне, кімдерге лайықталғанына үңіліп көрелік. Ватиканның «Пий Ордені» – Папаның Рим Понтификі мейірбандығының айрықша белгісі ретінде халықтардың жоғары билеушілері мен өте жоғары мәртебе иелеріне тапсыратын жоғары марапаты. Бұл жоғары марапатты тек 15 адам алған.
Польшаның «Ақ Қыран Орденін» поляк королі IІ Август 1705 жылы 1 қарашада белгілеген. Орденмен монархтар, ерекше еңбектерін тану белгісі ретінде шетел мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ, саясат, ғылым, мәдениет пен өнер саласында Польша Республикасына сіңірген еңбегі үшін поляктар марапатталады.
Сауд Арабиясы Корольдігінің «Ұлы Бадр Алқасы» орденін король Фейсал Бен Әбдел Әзиз белгілеген. Сауд Арабиясы Королінің ерекшелік белгісі болып саналады. Таққа отырған кезде, ант қабылдағанда және король деп жарияланар сәтінде «Әбдел Әзиз Корольдің Алқасымен» бірге тағылады. Н.Назарбаев – ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары арасында осындай аса жоғары марапатқа ие болған тұңғыш жетекші.
Бельгия Корольдігінің «Леопольд Ордені Үлкен кресі» марапатының да тарихы тым тереңде. Орденнің азаматтық, әскери және теңіздік деп аталатын үш дәрежесі бар және үлкен таспа, командор, офицер, кавалер және аға офицер деп аталатын бес деңгейден тұрады.
Францияның «Құрметті легионның Үлкен кресі» орденін Наполеон Бонапарт «әскери істердегі батылдығы және азаматтық қызметтегі айрықша дарыны үшін» берілетін жоғары марапат ретінде тағайындады. Бұл орденмен марапаттаудың ең бірінші рәсімі 1805 жылғы 15 шілдеде өтті, Наполеон онымен Ардагерлер сарайы капелласында өз маршалдарын, ардагерлерді, сарбаздарды, ғалымдарды, жазушылар мен өнер қайраткерлерін марапаттады.
Ерекше аталуымен қызықтырған Люксембургтің «Емен тәжі», Корея Республикасының «Мәңгі гүлдейтін раушан», Финляндияның «Ақ Раушан Үлкен Командорлық Кресі» ордендері де Елбасына деген құрмет пен мойындаудың белгісіндей.
Көрмедегі тағы бір құнды коллекция – «Естелік қолтаңба» тақырыптық кітаптар топтамасы. Кітаптағы қолтаңба – тарихи дереккөздің ерекше түрі. Сыйға беру туралы жазудан адамдардың жеке және қоғамдық байланыстарын түсінуге болады. Оған қоса бір оқиға немесе тарихи дәуір жайында ақпарат аламыз. Шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері сыйға тартқан кітаптардың арасында М.Мохамадтың, Ли Куан Юдің, М.Горбачевтің, А.Собчактың, Б.Ельциннің, Си Цзиньпиннің, Дж.Буштың, С.Демирельдің, М.Тэтчердің қаламынан шыққан туындылар бар.
Музей қызметкерлері мектептерден, жоғары және арнаулы оқу орындарынан, еңбек ұжымдарынан келген экскурсиялық топтарды белгіленген уақыт бойынша қабылдап, көрмені аралатуда. Әр залдағы интерактивті ақпараттық ресурстарда еліміздің тарихи деректік хроникасы Елбасының қызметі арқылы көрсетіледі. Бұл әдіс, әсіресе, жастарды қызықтыруда.
Жылжымалы көрме Тәуелсіз Қазақстан тарихының жылнамасы сияқты. Халықтың азаттық жолындағы аңсар-арманы мен мақсат-мұраты осы жерден орын алған әр жәдігерден байқалады. Оларды көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы Тәуелсіз Қазақстан тарихының бір бөлшегі екеніңді сезінесің. Сезінесің де, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |