Жастар – жаңашылдық жыршысы

 Байқоңыр қаласында «Nur Otan» партиясы Байқоңыр қалалық филиалы мен Байқоңыр жастар ресурстық орталығы және «СП Бәйтерек» АҚ-ның бірлесе ұйымдас­тыруымен Елбасы қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар жылы» мен Космо­навтика күніне орай «Baikonur conus» атты конференция өтті.
Шараға облыстық жас­тар саясаты мәселелері бас­қар­масының басшысы Қуаныш Жанұзақов, «Nur Otan» партиясы Бай­қоңыр қалалық филиалы төр­аға­сының бірінші орынбасары Бақытбек Бекпанов, «Бай­қоңыр» кешеніндегі ҚР Президенті өкілінің қыз­ме­тін қамтамасыз ету бас­қар­масы басшысының орын­­­басары Мырзабек Деме­сінов, «ҚазҒарыш сапары» ме­кемесінің басқарма бас­­шысы Аманкелді Бекішев, «СП Бәйтерек» АҚ-ның «Бай­қоңыр» кешеніндегі филиал бас­шысы Мақсат Анаров, сон­дай-ақ барлық аудандардан әкім орынбасарлары, жастар ұйымдарының басшылары мен белсенді жастар қатысты.
Шара «СП Бәйтерек» АҚ қарамағындағы №45 және 43 ұшыру алаңында орналасқан ракеталық қондырғылар мен оны ұшыруға арналған  құрылғылармен танысудан басталды. Бөлім басшысы Сырым Ынтымақов пен  Павел Конапля және басқа да мамандардың баяндауымен қатысушылар көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
«Байқоңыр» ғарыш айла­ғындағы ұшыру алаңдары өткен ғасырдың елуінші жыл­дарында кеңестік аэро­ғалымдардың зерттеуімен жүр­гізілген жұмыстар нәти­жесінде қазақтың ұлан-байтақ даласынан «Жер кіндігі» деп танылған қасиетті Қармақшы өңіріндегі осы бір аумақтан таңдап алынды. Содан бері осы өңірден «Союз», «Зенит», «Протон», «Днепр», «Цик­лон» және «Энергия» атты ұшыру алаңдары салынып, көкке түрлі бағыттағы ракеталар ұшырылса, қаншама адам ғарышты сапарлап қайтты.
Міне, сол ұшыру алаң­да­рының бірі – «Зенит СМ» бүгінде қазақ-ресей мем­лекетінің бірлескен «СП Бәй­терек» АҚ құрамына алынып, қазақстандық ғарыш саласын дамытуға жемісті қызмет етуде.
Мамандардың айтуынша, «Зенит СМ» ұшыру алаңынан алғаш 1985 жылдың 13 сәуірінде  жүк кораблі ұшы­рылса, соңғы рет 2017 жылдың 26 желтоқсанында жүк көлігін көкке көтерген. Осы жылдар аралығында аталған алаңнан 48 рет ракета аспан әлеміне жол салған.
Сонымен қатар, меймандар №45 ұшыру алаңындағы, яғни 1960 жылдың 29 қа­занында Кеңес Одағының Маршалы Митрофан Неде­линнің басшылығымен көкке ұшырылатын кезекті ракетаны тәжірибеден өткізу кезінде апат болған оқиға орнына барып, қаза тапқандар рухына тағзым ретінде орна­тылған ескерткішке гүл шоқ­тарын қойды. Мұнан соң «СП Бәйтерек» АҚ-ның «Бай­қоңыр» кешенінде конференция өтті.
Конференцияда «Бай­қоңыр» кешеніндегі ҚР Пре­зиденті өкілдігінің қыз­метін қамтамасыз ету бас­қармасы басшысының орынбасары Мыр­забек Демесінов Бай­қоңыр қаласының әлеуеті мен тұрғындардың тұрмыс-тір­­шілігін нығайтуда ат­қарылып жатқан істерге, оның ішінде соңғы жылдары қала тұрғындарына әлеу­меттік қызмет көрсетуде меди­циналық және халыққа қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ бұған дейін ресейлік білім беру стандартымен оқытылған 5 мектеп пен 1 балабақша қазақстандық білім стандартына көшкенін, 1 мектеп пен 1 балабақша және 5 бес қабатты тұрғын үй салынғанын жет­кізді. Сонымен бірге, осы жылы 7 үшқабатты тұрғын үй құрылысы басталмақ және Бармин көшесіне күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Қаланы көгілдір отынға қосу да жоспарланып отыр. Ал, электр энергиясы мен ауыз су желісін модернизациялау, туризмді дамыту жұмысы жаңа қарқынмен жүргізілмек.  
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жан­ұ­зақовтың айтуынша, аймақта тұратын халықтың 24%-і жастар. 14 пен 29 жас аралығында 190101 жас тіркелген. 2019 жылдың басынан бері өңірде аймақ бас­шысының қолдауымен жас­тарды барынша кәсіпке, білімге, жалпы алғанда, ең­бекке баулуда 44 жоба жүзеге асырылса, оның 29-ы қала және аудандық, 15-і облыстық деңгейде қолға алынған. Ал, Байқоңыр өңіріндегі жас­тар саясатын қолдауда 2017 жылдан бастап Қызылорда облысы мен РФ Байқоңыр қаласы арасында әріптестік қызмет жандана түсуде. Мә­селен,  2017 жылы – 46, өт­­кен жылы 38 шара, ал осы жылдың осы кезеңіне дейін 57 іс-шара өткізілген. Байқоңырдағы қалалық жас­тар ресурстық орталығында қазір  5 штаттық қызметкер, 4 жастар тәжірибесімен және 9 жас маман қоғамдық негізде жұмыс істейді. Байқоңыр қаласында жоғары оқу орнында – 683 бала, 4 арнаулы оқу орнында 1130 студент білім алуда. Шет елдерде 13 жас оқуда. Жастар саясатын қолдауда қала орталығындағы Абай даңғылы, №2 мекен-жайдан жастар ресурстық орталығын ашу жоспарланып отыр. Басқарма басшысы кәсіпкерлік саласында да қол жеткізген жетістіктерді мәлімдеді. «Kyzulorda Business Hub», «Жасыл ел», «Еңбек», «Жас отбасыларға баспана», тағы да басқа бағдарламалар бойынша жастарға қолдау бар. Ал, «СП Бәйтерек» АҚ-ның «Байқоңыр» кешеніндегі филиал басшысы Мақсат Анаровтың айтуынша, мекемеде еңбек ететін 170 азаматтың 92%-і қазақ­стандық. Алдағы уақытта мекеме қызметкерлері мен жұмысшылар санын 500-ге жеткізу жоспарға алынған.
Жиында қала әкімшілігіне қарасты мәдениет, спорт, жас­тар саясаты және туризм басқармасына қарасты жас­тар мәселесі бөлімінің басшысы Татьяна Сафронова Қазақстан мен Ресей жастары арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында атқарылып келе­тін жұмыстарды баяндады.
Конференцияға  қатысу­шылар одан әрі қаладағы мұражайды көрді. Сол күні қала тұрғындары атап өтіп жатқан Ғарышкерлер күні мерекесіне арналған салтанатты шараның қонағы болды.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
Байқоңыр қаласы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2019 г. 439 0