Ел ішінде кәсіп көп. Сұранысқа сай болса, білекті сыбанып кірісе беруге әбден болады. Ауылдан шығарған өніміңіз де өтімді болады. Егер сапалы болса, әрине. Жаңақорған ауданына қарасты Кейденге табан тірегенде осындай ой келді. Мұндағы жүгеріден дайындалатын «Кәусар» сусыны еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі, атап айтқанда, Түркістан, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысы аумағындағы дүкен сөрелерінде самсап тұр. Жаңақорғанға ат басын бұрған біз жұртшылық тұтынып жүрген өнімнің қалай дайындалатынын көріп, ауыл тынысымен танысып қайттық.
– Ең алдымен, елде отандық өнімді өрістетуге жағдай жасалуда. Сол себепті, осы игілікті іске біз де үн қосуды қаладық. Оның үстіне, біздің ауыл көп жылдан бері жүгері егумен айналысады. Осы кәсіпті кеңейтіп, халыққа дайын өнімді ұсынсақ деген ой болды. Өйткені, бұл сусын бұрындары қолдан әрбір үйде жасалатын. Расында, көп уақыт керек, үлкен еңбекті қажет етеді. Ел ішкісі келсе, дүкеннен қолжетімді бағада сатып алатындай жағдай жасауды мақсат еттім, – деп бастады бізбен әңгімесін кәсіп иесі Қасым Әбжаппаров.
Айналасы мыңнан сәл-ақ асатын ауылдық округтен шыққан өнім болашақта тұтас Қазақстан аумағына тарамақ. Бірақ ол үшін егіліп жатқан жүгері көлемі артуы керек. Ол кезде қазір төрт бірдей ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлік нысаны жұмыс ауқымын арттырады. Қолда бар құрылғы сусынның барлық түріне жарамды. Сондықтан тек жүгерімен шектеліп қалмай, жеміс-жидектен, қарбыздан да сусын шығаруды ойлап отыр.
– Жүгері сусынын шығару ойдағы іс еді. Аудан әкімі жақсы жобаларға мемлекет тарапынан қолдау білдірілетінін айтты. Менде идея бар, қол қысқа екенін жеткіздім. Нәтижесінде 3 млн теңгені жеңіп алдық. Өткен жылы ең үздік кәсіпкер атанып, тағы 1 млн теңгеге қол жеткіздік. Енді мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай дамыту керек. Ал құрылғыға келсек, бөлшектерін Қытайдан алдыртып, жергілікті мамандардың көмегімен құрастырып шықтық. Бұл – әмбебап. Тиімділігі зор, – деді кәсіпкер.
Бұрын цех-зауыттарда технолог боп жұмыс істеген ол «жиған тәжірибем кәдеге асты» деп отыр. Расында, өзіне беймәлім істі бастап, көтере алмайтын шоқпарды белге байлаған талайды көрдік. Ал Кейдендегі «Кәусар» сусыны жұртшылыққа танымал. Ауыл тұрғыны Динара Архабаева кәсіпорын ашылғалы бері жұмыс істеп келеді. Қазір ол осындағы жауапты мамандардың бірі.
– Бұған дейін бала тәрбиесімен үйде отырып қалдым. Үйдің жанынан осындай нысан ашылғанда қуана келдім жұмысқа. Ұжымым да ұнайды. Жалақым да уақытылы беріліп тұр. Еңбек етем деген адамға мұнан артық не керек?! – дейді технолог маман.
Судан тапшылық көрген елді мекенде табиғаттың кәусар байлығы осыдан бес жыл бұрын сарқырап аға бастады. Оған дейін су тартуға жанар-жағармайды халық қалтасынан шығарып, тіршілік қылды. Бірақ одан не өнсін?! Ел ағаларының қолдауымен осындағы «СКЗ-U» мекемесі аяқсуға жұмсалатын электр энергиясын өз мойнына алды. Содан бері халықтың да егін егуге ынтасы оянған. Бүгінде жүгері егетін жұрттың қарасы қалың. Сусын шығару үшін шикізат ел ішінен табылып тұр. Мұның өзі оң жамбасқа шығып тұр. Қазір егін, мал шаруашылығынан бөлек ауыл тұрғындары кәсіптің басқа да түрлеріне бет бұрған.
– Мұнда тек Кейден емес, Аққұм елді мекені де бар. Сол жақта Қасиет Орал есімді мүмкіндігі шектеулі жан қолөнер бұйымдарын жасайтын жобасымен облыс әкімінің 1 млн теңге грантын жеңіп алды. Ел азаматтары қайырымдылық танытып, 120 мың теңге тұратын тігін машинасын әперді. Қазір кәсіпті ұршықша иіріп отыр. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 жас азамат шаштараз, тігін цехы, автокөлік жөндеу орнын ашып, 240 мың теңгеден қайтарымсыз қаражатты иеленді. Тағы екі кәсіпкер осы бағдарлама арқылы жоба дайындауда, олар да жақсы бастамалар қатарында. «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» арқылы екі азамат, «Атамекен» жобасы бойынша 1 азамат кәсіптерін игеру үстінде, – деді ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев.
Кейденде кәсіпкерлік өркен жайып тұр. Қазірдің өзінде сүт өнімдерін шығаратын шағын цех жұмыс істейді. Қаймақ, құрт, май, ірімшік, сүзбе – бәрі бар. Жергілікті сауда нүктелері отандық өнімге толы. Ауылда бұрын мақсары майын шығаратын цех болған. Белгілі себептермен жұмысы тоқтап қалған кәсіпорын да қайта жанданбақ. Биыл мақсары егіп жатқан шаруашылықтар көбейіпті. Соған қарағанда бұл тұрғыда да шикізаттан тапшылық болмайтын тәрізді.
Жаңақорған ауданы.
Дәулет ҚЫРДАН.