2018-2019 жылдардағы жылу маусымы қызылордалықтар үшін ойдағыдай өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен селекторлық жиында жауапты кезеңдегі жағдай баяндалды.
– Қыс мезгілінде тіршілікті қамтамасыз етуші нысандарда ауқымды авариялар болған жоқ. Жылу, газ, электр энергиясы мен ауызсу тұтынушыларға тұрақты түрде берілді, – деді аймақ басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин атап өткендей, есепті кезеңде білім саласындағы 495, мәдениет және спорт салаларындағы 405, денсаулық сақтау саласындағы 266 нысан, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 763 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілді. Қатты, сұйық отын жөнінен өзекті мәселе болған жоқ.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 31 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газға ауыстыру жоспарланған. Бүгінде Арал, Шиелі аудандарындағы 13 нысанда жұмыс жүріп жатыр. Бұл әлеуметтік нысандарды жылытуға жұмсалатын шығынды 4-5 есе азайтуға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.
Ендігі сөз коммуналдық кәсіпорындар арасындағы берешек жөнінде. Бүгінгі күні Қызылорда жылу электр орталығының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы алдындағы қарызы 165 млн теңгені құрап отыр. Ал коммуналдық мекемелер жылу орталығына 282 млн, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясына 594 млн теңге өтеуі тиіс.
Қарыз мәселесін «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директорының міндетін атқарушы Руслан Нұрмағанбетов те көтерді. Айтуынша, кәсіпорынның осы кезге дейінгі кредиторлық берешегі – 285 млн теңге. Дегенмен, бұл алдыңғы 2 жылмен салыстырғанда 4-5 есе төмен. Халықтың «Қызылорда су жүйесі» мекемесі алдындағы қордаланып қалған қарызы алаңдатарлық.
Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Белкөл кентіндегі бу қазандықтарының жағдайы мәз емес. Өйткені олар ширек ғасыр бұрын пайдалануға берілген.
– Төрт бу қазандығының 2-уі қолдан жасалған. Ешбір талапқа сай келмейді, адам өміріне қауіпті. Мазутпен жұмыс істейтініне байланысты жыл сайын қазандықтарды жөндеу үшін 55-60 млн теңге шығындалуға тура келеді. Егер оны газға ауыстырсақ, алдағы 3 жылда өз құнын ақтап шыға алады, – деді Р.Нұрмағанбетов.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты мекемелерге алдағы жылу маусымына қазірден қам жасауды тапсырды.
Назерке САНИЯЗОВА.