«Сыр маржаны» серпіліс үстінде

Атакәсіп – мал шаруашылығын өркендетуде түлікті асылдандырудың маңызы зор. Осы ретте Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС чех елінен абердин-ангус тұқымдас 280 сиыр сатып алды. Етті түлік қазір көбейтіліп жатыр.

Оның аналығы 500 келі ет берсе, бұқадан 600 келіге дейін ет алынады. Буферлік аймақтан шыққан Сыр өңірі үшін ет өндірісін арттыру – алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Өнімділікті арттыру үшін шаруалар жергілікті климатқа тез бейімделетін мал түрін көбейтуде. Абердин-ангус терісі қалың болғандықтан, күй талғамайды, ыстық-суыққа қарамайды, тез өсіпжетіледі. Кез келген шөппен қоректенеді. Сондықтан тез салмақ қосады.

Қазалы ауданына барған журналистер серіктестік жұмысымен танысып, көктемгі дала жұмыстарының барысына да қанықты.

 Құрылғанына 20 жыл болған «Сыр маржаны» бүгінде 2000 гектардан астам жері, күріш өңдейтін зауыты, мал шаруашылығы мен ет өңдейтін өндірісі бар ірі құрылымға айналды. Мінәжәдин Өтеев басқаратын серіктестікте 150 адам еңбек етеді. Жалға алынған жерге егін егіп, мал бағады. Егістікке германдық және кана­далық комбайндар сатып алынған. Сапалы күріш өсіру үшін ауыспалы егіс және агротехникалық талаптарды жіті орындайды. Топырақ құнарлылығын жоңышқа егу арқылы арттырып отырады. Өткен жылы 2000 гектарға жуық жерге жоңышқа себілді.

 «Сыр маржаны» тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Негізінен «Новатор» және «Янтарь» сорттарын егіп келген серіктестік соңғы жылдары «Титан» және «Фаворит» сорттарын қосты. Бұл тұқымдарға елімізде ғана емес, жақын шетелдерде де сұраныс жоғары. Күріш өңдейтін зауыт 2008 жылы іске қосылған. Бүгінде 5,10, 25 және 50 келілік етіп қапталған күріш Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Украина нарығына жіберіліп отыр.

Мал шаруашылығына алғаш кіріскенде 2006 жылы ет бағытындағы 500 асылтұқымды қой сатып алынған еді. Қазір қой басы 4 есеге өсті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Көларық ауылына қарасты Шеңгелді учаскесінде 500 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынды. Алаңға барлық инфрақұрылым жеткізілген, қасында мал сою цехы бар. Осы кезде бордақылау алаңының қуаттылығы 3000 басқа ұлғайтылды. Жобаның құны 337,4 млн теңге, оның 70 процентін «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырса, қалғаны серіктестіктің өз қаражаты. Алаңда Жанқожа батыр ауылының 16 тұрғыны жұмыс істейді.

 – Біз 6 айдан асқан бұқаларды келісіне 600 теңгеден, оған қоса 200 теңге мемлекеттік субсидиямен сатып аламыз. Гольштин тұқымдас мал «Рза» АҚ-дан әкелінеді. Чех елінен әкелінген малды қолдан ұрық­тандырып, аналығын әрі қарай өсіруге, бұқасын ет бағытында бордақылауға пайдаланамыз. Асылтұқымды малға қазір түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцина салынып жатыр. Одан кейін жайылымға жіберіледі. Абердин-ангустың мәрмәр еті премиум класқа жатады, – дейді шаруашылық директорының орынбасары Талайлы Бөріқұлақов.

Бас зоотехник Сахил Ысқақовтың айтуынша, басқа мал 52-59 процентке дейін, ал бұлар 65-75 процентке дейін өнімділік береді. Шаруашылық жем-шөпті өзі дайындайды. Сүрлем жүгері, жоңышқа жеткілікті. Жаңа тұқым арнайы көліктермен Праганың шет аудандарынан жеткізілді.


«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 сәуір 2019 г. 745 0