« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Эбру» – ежелгі түріктерден бастау алған сурет өнері. Бүгінде ол бейнелеу өнеріндегі жаңа технология ретінде қолданыста. Әлеуметтік желіні парақтай келе, біздің өңірде де бұл тәсілдің кеңінен таралғанына көз жеткіздік. Балалар шығармашылығын дамытуды көздейтін «Қорқыт» өнер мектебінде осы ерекше дүниеге ден қойған өрендер көп екен.
Мамандармен тілдескенімізде, соңғы уақытта «Эбру» өнеріне қызығушылық танытушылар саны артқанын алға тартты. Бұл су бетіне түсірілуімен ерекшеленетін технологияның адамның жан дүниесіне үңіліп, ішкі әлеміндегі жай-күйін жеткізуге ықпал ететіндігімен байланысты болса керек.
– Алғашында «Су бетіне сурет салу мүмкін бе?» деген сауал қойып, күмәнданатындар табылатын. «Эбру» сонысымен де ерекше шығар. Әрі түркілер ойлап тапқан арт терапияның бұл түрі қауіпсіз саналады. Қолына қылқалам ұстаған кез келген адам қиялға ерік беріп, төл туындысын жасап шығады. Сонымен қатар жеке шығармашылықты дамыту үшін де су арқылы қағаз бетіне түскен суреттің орны зор. «Эбру» жаңа дүниелер ойлап табуға да септігін тигізеді. Дүниежүзінде аталған өнерді «Биші бояулар», «Бұлт пен жел», «Толқын тәрізді қағаз» деп атайды. Бірақ, бұл өнер түрі ерекше даярлықты, шыдамдылықты талап ететінін ескеру қажет. Үйірме қатысушыларына осыны жиі айтамын. 30 шақты шәкіртім бар. Негізінен, балаларды 4-5 жастан бастап қабылдаймыз, ақылы негізде. Араларында икемделіп, біраз төселіп қалғандары бар. Соның ішінде Дәулет Ермекбайды ерекше атар едім. Себебі, жас талант бұған дейін түрлі байқауларда өзін дәлелдеп, өнерімен тамсантты. Жасаған дүниелеріне таңданбау мүмкін емес, – деді өнер мектебінің қосымша білім беру педагогі Аида Бердеева.
Әңгіме барысында Аида «Эбру» технологиясының қыр-сырымен де бөлісті. Ерекше өнер түрі арнайы су, бояу, қылқалам мен шило секілді құралдарды қажет етеді екен. Түсінікті болу үшін тарқатып айтсақ. Алғашында сіз ыдысқа ArtDeco суын құйып, шило арқылы бояулармен фон шығарасыз. Содан кейін тамшы арқылы қиялға ерік беріп, әртүрлі оюларды өрнектейсіз. Бұл жерде жоғарыда айтып өткен майлы су екі түсті араластырмай, ғажайып құбылыс шығаруға ықпал етеді. Оны қағаз бетіне, маталарға түсіруге де мүмкіндік бар. Қағазды су бетінде бар болғаны 5-10 секунд ғана ұстап, суретті көшірген соң, оны бірқалыпты температурада кептіресіз. Соңында қиялыңыздағы таңғажайып бейнемен көпті сүйсінте аласыз. Ең қызығы, суреттің екінші нұсқасын, не көшірмесін жасау тіпті мүмкін емес. Себебі, суға шашылған бояу әр кезде әртүрлі өрнек құрайды және ешқашан бір-бірін қайталамайды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |