Қарашаңырақтың мерекесі бәрімізге ортақ

«Сыр бойының» 90 жылдығы аясында аға буын өкілдерімен сыр-сұхбатқа арналған «Алдыңғы толқын ағалар» айдарының бүгінгі сандағы қонағы, белгілі қаламгер, ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы.

Аға басылымда табан аудармастан жарты ғасырдан астам жұмыс жасаған қаламгермен әңгімені газеттің аға тілшісі Ыдырыс Тәжіұлы жүргізген еді.

– Қайреке, алғашқы сұрақ, әрине, өзіңіздің «Сыр бойына», жалпы журналистикаға қалай келгеніңіз туралы болмақ, соны тар­қатып айтып берсеңіз... 

– Уақыт, шіркін, қандай жылдам еді! Байырғы басылымның тоқсан жылдығы жақындап қалғанын қараңызшы?! Ал, баяғы жастық дәуірдің алғашқы баспалдағына қадам басқан біздің де сексеннен асып, тоқсанның ауылына қарай бет бұрып бара жатқанымызға таңырқаймын. Өмір есікті ашып жапқандай болып тұр. Әрине, тағдыр әміріне бас имей болмайды.

Бұл сонау елуінші жылдардың орта кезі еді. Қызылордадағы М.Мәме­това атындағы педучи­ли­щені бітіргенмін. Содан қаладағы кеңсе­лерді жағалап жүрмін. Бәрі де «коммунист емес екенсің, орын жоқ» дейді. Қызметке мұрын тығу мүмкін емес. Амал жоқ, туған жерім «Қоғалы» ауылына бет бұрдым. Алуаддин деген ағамыз ауылдағы мектепте бухгалтер еді, жағдай айттым. Мектеп директоры Мүсілім Құлахметов деген кісі екен. Директор ә дегеннен «пионервожатыйлық орын бар, жалақысы 60 сом  қалай қарайсың?» дегенді айтты. Ол кезде алпыс сомға бір бұзаулы сиыр алатын кез. Өмірі пұл ұстап көрмеген 60 сом көп көрінді. Сонымен, мектепте пионервожатый болып шыға келдім. Тәртібі қызық екен, мойынға қызыл галстук тақтым. «Вожатый кітабы» деген көктүсті кітап қолыма тиді. Дружина советі, отряд, звено деген белгілерді оқушылардың жеңіне тағуды бастадым. Таңертеңнен кешке дейін мектептемін. Кешке сүріне үйге келемін. Пионер жұмысының жоспарын жасаймын. Директордың шегелеген тапсырмасы мүлдем көп. Кейде педсоветте талқылайды.

Уақыт өтіп жатыр. Қолым қалт еткенде «Ленин жолына», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газетіне мақала жазатынды шығардым. Жаз­ғандарыма ауылдағы пошта арқылы қаламақы келе бастады. Әкем жала­қыға қоса қаламақы алғаныма қуа­нып, «Менің балам журналист бола­тын түрі бар» деп гуілдетеді, мақтанады. Содан бір күні жалақыма баспақ сатып алып, әкеме жетектеп келдім. Сондағы әкемнің қуанғаны-ай! Сол баспақ кейін бұзаулап, үй-ішіміз айран-қатыққа кенеліп қалды.

Байқаймын, аға вожатыйлық жұ­мыс менің қолым емес секілді, жігіт­пін, бойжеткендерден ұялғандай бо­ламын, мойнымдағы қызыл галс­тукке арсынғандаймын. Қалаға барып, газетке жұмысқа тұрсам деймін. Бірақ, таныс жоқ, қалай болады? Содан кезекті демалысқа шыққанымда бірден қалаға тарттым. Арман – газеттің маңайына жұмысқа тұру. Ол кезде облыстық газет қазіргі қалалық парк тұсындағы Дзержинский көшесі №8 үй еді. Жүрексініп, бөлмелерді жағалап жүрмін. Біздің ауылдан Сыдық Алдабергенов деген аға газетте жауапты хатшы деуші еді. Сол кісіге сәлем беріп жағдайымды айттым. Бірақ ол қызмет мәселесін редактор шешетінін, баспасөзге тамыр-таныс, ауылдас деген жүр­мейтінін бірден кесіп айтты. Еңсем түсіп кетті.  

«Редактор Хамза Сыздықов» деген жазуды көріп есік қақтым. Кірдім, жүзі жылы иманды адамдай көрінді. Сәлемдескен соң «Аға, газетке жұмысқа тұрғым бар. Тіпті осы кеңсеге вахтер болсам да арсынбаймын» дедім.  Ол вахтер жасы ұлғайған адамның қызметі екенін, ол жұмыс маған обал болатынын айтып, партияда бар-жоғымды сұрады. Партияда жоқ екенімді естігеннен кейін хатшы қыз арқылы жауапты хатшы Алдабергеновті шақыртты. Сәкең келді. Редактор оған «мына бала вахтер болса да газетке жұмысқа тұрсам дейді. Ықыласы жақсы. Бізде қандай қызметтің орны бос, іздестіріп көрші» деді. Жауапты хатшы редак­торға  корректор бюросында тың­даушылық орын бос тұрғанын, бірақ оған сауатты адам керек екенін жеткізді. Редактор маған бұрылып «мақала жазуға қабілетің қалай?» деді. Қолымдағы «Ленин жолына», «Қазақстан пионері», «Ленин­шіл жасқа» жарияланған төрт-бес мақа­­ламды көрсеттім. Редактор газет қиындыларын оқып, Сы­дыққа «сы­нақ­пен бұйрық жаз» деген тап­сырма берді. Сынақпен деген сөзге таңырқап, зәрем ұшты. Сөйт­сем, редакцияға қызметке тұң­ғыш кір­ген­дерді сынақпен алатын ереже бар екенін кейін білдім.

 

Есею 

жылдары

– Газетке жұмысқа алындыңыз. Әрі қарай  қызмет жолы қалай жал­ғасты?

– Арада бірер жыл өтті. Газетке басшылыққа Шымкенттен обкомның идеология жөніндегі хатшысы болған, Мәскеудің партия мектебін бітірген Зейнулла Жарқынбаев келді.

Ал маған қызметті ауыстыру үшін пар­тияға өту керек. Бірақ бұл жердегі қыз­ме­тімнен КПСС мүшелігіне өту­дің қиындығы байқалды. Не іс­теуім қажет? Бір күні қаладағы үл­кен пош­таның алдындағы көшеде келе жатқан Исатай Әбдікәрімов ағаға кезігіп қалдым, сәлем бердім. Ол кезде Исекең Шиеліде бірінші хатшы. Ол әңгіме барысында Жарқын­баевтың хат­шысы екенімді біліп «Қызметің тәуір екен» деді. Исекеңе қызметім тәуір болғанмен партияда жоқ еке­німді, сол жағы қиындау болып тұр­ғанын жеткіздім. Ол кісі Шиелінің «Өскен өңір» газетіне ауысуды ұсынды,  редакторына өзі айтатын болды.

Куанып кеттім. Араға бірер апта салып, З.Жарқынбаевтан жұ­мыс­тан босатуды сұрадым. Шие­лінің ау­дан­дық газеті шақырып тұрғанын айттым. Ол аудандық газетті істеп шынығу өте дұрыс ше­шім деп қолдау білдірді. Зекеңе рах­метімді айттым.

Сонымен «Өскен өңірге» қыз­метке орналастым. Үш жылдай жүріп, партияға өттім. Содан газет­тегі қызметім «Ленин жолында»  қайта жал­­­ға­сып, осы басылымда елу жылдай еңбек еттім, зейнетке шықтым. Сейілбек Шаухамановтың «Қарадан шыққан хандай» деп бағалаған Зейнулла Жарқынбаевтың тәрбиесін көр­дім, есейдім, отбасын құрдым.

– Журналист жұмысының қы­зығы мен шыжығы қатар жүретіні бар...

Бір қызық. Газеттің ке­лесі бір нөміріне Қомшабай екеу­­міз кезекші едік. Күн батты. Байқаймын газет кешігетін түрі бар. Хрущевтің 9 беттік баяндамасы келмей жатыр. Содан Қомшабай екеуміз Садовая көшесіндегі №6 үйге барып, тынығып, екеуміз де ұйықтап қалыппыз. Таң ата шұғыл баспаханаға келсек, бас­пагер Б.Қаюмов бізді іздеп таба алмағаннан кейін редактор Ұ.Бағаевтың үйіне телефон шалғанын, содан өзі келіп оқып, қол қойып кеткенін айтып қарап тұр. «Ой, масқара, құрыдық, Қомшеке» деп зәрем қалмады. Ол қарқ-қарқ күлді. «Тәуекел. Бар күнәні мен аламын» деп тұр. Ертеңіне редакцияға мойнымызға су құйылғандай келдік. Байқаймын, Қомшекең кінәсін шыбын шаққан құрлы көретін емес. Мен жұмыстан кететін шығармын деп өксігімді баса алмай отырмын. 

Редактор шақырды. «Шы­рақ­­та­рым, бұл газет ғой. Ұят жаса­дыңдар. Мұндай істі қай­та­ламаңдар!» деп қынжылыс білдірді. Басқа біреу болса қатаң сөгіс беріп, біреуімізді жұмыстан бо­сатар еді. Ұзекең ашу шақырмай парасаттылық таныт­қа­нына қатты риза болдық. Жаның жаннатта болғыр, мұндай кешірімді адамды тұңғыш көруім.

 

Дамыл 

көрмейтін адам

– «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» дейді. Іссапарлардан есте қалған естеліктер де аз емес шығар.

Облыстың түкпір-түкпірін ара­ладық қой. Дегенмен, есте қаларлық бірнеше іссапарды айтып өтуге болады. Ұ.Бағаевтың тұсында Аралдан бастап облыстың оң­түстік шека­ра­сындағы 29 разъезге дейін аралықта әрбір разъезде болып газетке жаздыртумен айналысқаным бар. Сол есте қалыпты. Онан кейін  сонау кеңестік кезеңде журналистік шеберлікті арттыру мақсатында Мәс­кеуде он күн болған едім. Ол да ұмы­тылмайды.

Сондай-ақ сол замандарда «Со­вет­тік Қарақалпақстан» газетімен тә­­жірибе алмасу кезінде аталған басы­лымның  редакциясында он күн болып, «Достық» атты тақырыппен арнайы бет шығаруға атсалыстым. Ол жақтағы қазақтар әкелері тіріліп келгендей қуанды. Сол күндері қара­қалпақстандық бір журналист осы жақта болып арнайы бет ұйым­дас­тырды.

Тағы ерекше есте қалған іс-сапар Әбділда Тәжібаевпен кездесу болды. Облыс әкімі болған Бердібек Сапар­баев «Алматыға барып, ақын Әбділ­даның халін біліп келетін бір журналисті жібер» деп редакторымыз Жақсылық Рахматуллаға тапсырма беріпті және  менің барғанымды қолайлы көріпті. Редактор «Алматыға арнайы барған соң бір ғана Сыр елін ғана емес, ұлттың рухын асқақтатқан  Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұха­меджанов секілді алыптармен де кездесіп, ой бөлісіп, сырласып, сұхбат алып қайтсаңыз дұрыс болар» деді.

Алматыға барып Ә.Нұрпейісов және Қ.Мұхамеджановпен кездес­кен соң іздестіріп жүріп, Әбділда ағамызды әрең тауып алдым. Сая­жайында екен. Бір көзі көрмей қалған. Біраз әңгімелестік. Жақында Елбасы Н.Назарбаев келіп кеткенін айтты. Астананы Ақмолаға көшіру туралы ойымен бөлісіпті.

– Бұл ерлігіңе тәнтімін. Жаңа астананы салуыңды қош көрем. Жаңа қала салу, көшу – ұлағатты іс. Ол кез келгеннің қолынан келмейді. Арқаны астана етуің даналық. Қадамың құтты болсын, бабалар қолдасын деп Нұрсұлтанның бетінен сүйдім. Елбасы шаттанды, – деген ақын – қазір көзден қалдық, сөзден қалған жоқпыз. Баяғы көкіректі жарып шығар поэ­зия жоқ. Сырда тудық, көп нәрсе жаздық. Ақмешіт Қызылорда деп аталған кезеңде пионер болып өлең оқыған едім. Енді екі жылдан соң тоқсанға шығады деңдер. Тоқсан қуанатын жас емес, сенімсіз, кәрілікке ем жоқ. Жастық шағымда өлеңді бұрқырата жаздым. Атақ-даңқым жетеді. Қазақтың Әбділдасы атандым. Бір нәрсе сұрауға, қол жаюға жоқпын. Мен ештеңеге зәру емеспін, кітаптарымнан гонорар келіп жатыр. Жағдайым жақсы.  Бәріне қанағат. Елге сәлем айтыңдар. Бүгін бір жасап қалдым ғой, – деп қоштасты. Алматыдан келгеннен кейін «Ленин жолының» бірінші бетіне «Үш алып!» – деген сұхбатым жарық көрген еді.    

Ал ардагерлер қатарында Ас­танаға барып қайтқанымыз да өзін­ше бір қызық. Елорданы аралап қы­дырдық, Т.Әубәкіровпен кез­дестік.

– Қайреке, бір жағынан өзіңіздің жақсы бағбан екеніңізді білеміз. Осы турасында не айтар едіңіз?

– Негізінде ой еңбегі мен қол еңбегі егіз болған дұрыс. Адам үнемі қимыл-қозғалыста болып, еңбек ету керек. Сол кезде адам шаршамайды, қартаймайды. Қартаймаудың бір сыры осы ма деймін. Үнемі өзіңді өзің шынықтырып, қол еңбегімен айналысу қажет. Сонда ғана адам қарттыққа берілмейді. Мен өзі дамыл көрмейтін адаммын. Есіктің алдын, саяжайды көгерту менің жұмысым. Саяжайда күні-түні жұмыс істеймін. Көлігімді өзім жүргіземін. Соңғы 50 жылда 5-6 көлік тоздырдым.  Есіктің алдын көгерту жөнінен облыста 1 дәрежелі диплом алдым. Мақтанғаным емес, аулада жиырмаға жуық түрлі ағаш бар. Оның ішінде жеміс ағаштарының барлық түрі мен талдардың бірнеше түрлерін отырғызғанмын.

Немерелерім емін-еркін ойнасын деп көше беттен шағын етіп, балалар алаңқайын жасадым. Балалардың барлығы келіп ойнайтын, көпшіліктің сүйікті шағын алаңына айналды. Оны біреудің көзіне түсу үшін емес, өзім үшін жасаған дүние ғой. Сол үшін «Үлгілі тұрғын үй» номинациясының жеңімпазы атанып, қала əкімі Нұрлыбек Нəлібаевтың марапатына ие болғанмын. 

 

Ұшқан ұя 

ыстық

– Жарты ғасыр уақытта қаншама редактормен жұмыс істедіңіз. Аға буын өкілдерін де, қазіргі буынды да жақсы білесіз... 

– Облыс айнасында табан аудармастан 51 жыл еңбек еттім. Осы жылдары 9 редактормен қызметтес болыппын. Базарбай Сарбасов азулы редактор еді. Жұмаш Қонақбаев, Хамза Сыздықов, Сүлеймен Сейітов басшылықта көп бола қоймады. Қалқабай Әбенов, Нұрділда Уәлиев басшылық жасаған жылдары басылымның тиражы өсті. Байырғы басылымда көп жыл басшылық еткен Қалқабай Әбенов пен Жақсылық Рахматулла. Сонан соң Нұрділдә Уәлиев, Ұзақ Бағаев болды. Н.Уәлиевпен бес жылдай бірге қызметтес болдық. Сырын сыртқа алдырмайтын. А.Сәдібеков, Н.Рахметова, С.Бихожалардың жазу қабілетін бағалады. Аралға 100 мың сом аудардым дейтін бір алаяқты барлық баспасөз жабыла жазғанда өзі басқарып отырған баспасөзге жариялатпады. Мұнысы көрегендік болды. Сырбаз ағамыз Нұрекең сондай-ақ баспасөз тарихын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Газеттің 1929 жылдан бастап шық­қанын дәлелдеп, өмірін ұзартты.

Редактор Ұзақ Бағаев шебер журналист еді. Тәуір дүние болса қуанып, нөмірге шұғыл салдыратын. Обкомның жиын-бюроларында отырып, газетке баратын дүниелерді сол жерден оқып, жүргізушісінен беріп жіберетін. Сонан соң өзі әр жанрда қалам тербейтін. Зейнолла Шүкіров жайында жазғанын тамсана оқыдық. Әр іссапарда қаламы ұшқыр журналистерді іздестіре жүретін. Тілші Ш.Дәрмағамбетұлы, фототілші А.Мәдединовтердің кел­уіне себепші болғаны бар. Жауапты хатшы Шора Ерәлиев, журналистер Орман Нұрқабаев, Ахметжан Нүрекеев, Жақ­сылық Бекқожаев, Құрманғали Ажа­ров, Нұрпейіс Байғараев сынды әріптестер шалымды еді, жаз­ған­дары­ның сиясы кеппей жатып, жауап келіп жататын. Оқырман хаттарына көп көңіл бөлінетін.

Бір кездері редакцияда өңшең әскерден оралған ағалар болды. Д.Тасекеев, Ә.Жанұзақов, Қ.Алдоң­ғаров, Қ.Ажаров, А.Нүре­кеев, Б.Әл­ме­новтер көп жыл басылымның қиын сәттерін бастан өткізді. Әскерден оралған, содан соң үйленген, ұл-қыздары жас, бәрін оқыту керек болды. Содан қызметте отырып қалды. Мұны қызғанатын, ішіне ине айналмайтын кейбірі жоғары жаққа арыз жазып, «бұлар отыра бере ме, бізге орын босатпай ма» дейтіндер кезікті. Бірақ басшылар жауынгер ағаларды қозғамай қамқорлық жасады. «Қа­зақстан әйелдері» журналының редакторы, обкомда нұсқаушы бол­ған Мәриям Қарақонақова және  Құрманғазы Бәкіров деген журналис­тер жұмыс істеді. Дархан Сапаров мықты журналист болды. Газетке көп еңбегі сіңді. Осы кісілер атақсыз қалды.

Газеттің 50, 60, 70, 80 жылдығын ұжыммен бірге өткіздім. Енді жасым 85-ке келгенде басылымның 90 жылдығын күтіп отырмын, бұл да бір маған Алла берген сый шығар. «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» есею жылдарымыздың куәсі, жастық шағымыздың ұмытылмас кезеңдері. Сол бір қызығы мен қиындығы мол жылдар естен кетпес шежіре секілді.

Бұрынғы журналистерден Шә­кірат Дәрмағамбетов әлі қаламын тастамай жүр. Жиі жазатындардың тағы бірі Айжарық Сәдібеков, оның жазуы бөлек, одан үйрену керек. Көзкөргендерден Өтеген, Әскербек, Жолдасбектер бар.

Журналистика, газет жұмысы бұл өзі конструкция сияқты. Ерін­бе­ген, газеттің беделін көтеретін адам жұмыс істеуі керек. Шебер журналистердің шоғыры болғаны дұрыс. Қаламы ұшқыр тілшіні халық өзі іздеп жүреді. Журналистерді көтер­мелеу шараларын қолдану қажет.

Бұл күндері басылым өзінің байырғы аты «Сыр бойы» атанып, кең форматпен, түрлі-түсті бояумен отыз мыңға жуық таралыммен шығып тұр. Бүкіл баспасөздің басын біріктіріп отырған «Сыр медиа» ЖШС-нің бағыт-бағдары қуа­нарлық. Басылымда қаламы жүйрік аға ұрпақ өкілдерінің эстафе­та­сына дақ түсірмей жалғастыра түсудегі қадамдарға сүйсінбей бол­майды. Ал өзіңнің «Егемен Қа­зақстанда» жарияланған көлемді мақа­лаларыңды көріп риза болып оты­рамын.

Мені хатшылықтан тың­дау­шы­лыққа, корректорлыққа, одан тіл­ші­лікке жетелеп, осы жолда талай жайсаң жандармен қызметтес қылған жазуға деген құмарлық, баспасөздің өзіне тартып тұрар ерекше сиқыры болатын. Ұшқан ұя – ыстық. Қара­шаңырақ мерекесі бәрімізге ортақ.

Әңгімеңізге рахмет, аға!

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2019 г. 520 0