Әлеуметтік саясат - әлеуетті көтеру

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкімет мүшелері Елбасы тапсырған «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру мәселелерін пысықтау мақсатында жұмыс сапарымен Сыр өңірінде болды.

Арнайы делегация алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз тобына арнап үйлер салынып жатқан «Бәйтерек» шағын ауданына барды. Көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешу үшін облыс әкімдігі «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорымен бірге игі істі қолға алған еді. Жұмыс комиссиясы анықтаған өте қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан 150 отбасы көп ұзамай жаңа шағын ауданда қоныс тойын тойлайды. Оның 50-і жергілікті бюджет, 100-і аталған қор қаражаты есебінен бой көтермек.

– Баспананың 1 шаршы метрі – 70 мың теңгеден. Сонда 65 шаршы метрлік бір пәтердің құны 4,5 млн теңге болады. Әрқайсысында асхана, жатын, қонақ бөлмелері бар. Белгіленген мерзімге қарай инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмысы аяқталады. Сондай-ақ, әрбір отбасыға бау-бақша егу үшін 6 сотық жер телімі бөлінеді, – деді Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қосымша 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 470 пәтерлік 10 үй салуға мүмкіндік береді. Жалпы, биыл облыста 1966 пәтерді құрайтын 45 көпқабатты баспана салынбақ. Олардың басым бөлігі мұқтаж азаматтарға бөлінеді.

Одан кейін Үкімет мүшелері қаланың Жаппасбай батыр көшесіндегі жаңа пәтерде тұрып жатқан көпбалалы ана Нұргүл Көпбергенованың қонысында болды. 6 баланы бағып-қағып отырған «Күміс алқа» иегері мұнда Титов қыстағындағы апатты жағдайдағы жатақханадан былтыр көшіп келген.

– Елімізде халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына мүмкіндік жасалғанын көріп-біліп жүрміз. Өзіміз де осындай мүмкіндікке ие болып, жаңа баспанаға қолымыз жетті. Осы үшін ел ағаларына алғысым шексіз, – деді көпбалалы ана.

Делегация сапары Достық үйіндегі Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын пысықтауға арналған басқосуға жалғасты. Оған көпбалалы аналар, әйелдер кеңестері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен әртүрлі сала өкілдері қатысты.

Кездесудің алғысөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде Тұңғыш Президент жүктеген стратегиялық міндеттердің маңызын атап өтті.

– Елбасы кез келген елдің дамуы бірінші кезекте адамдарының өмір сүру сапасымен өлшенетінін тұжырымдады. Бүгінгі күні өңірде 800 мыңға жуық адам тұрады. Әрбірінің бай-қуатты, тұрмыс деңгейінің жақсы болуы біз үшін аса маңызды. Сондықтан табысы төмен азаматтардың, әсіресе, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты аналардың әлеуметтік жағдайын арттыру – әрдайым назарда, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес көпбалалы және көмекке зәру отбасыларды республикалық, жергілікті бюджет есебінен қосымша қолдау шаралары үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік «Жол картасы» қабылданды. Онда қосымша әлеуметтік қолдау, мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне, ыстық тамақ, киім-кешек, дәрі-дәрмек және тұрғын үймен қамтылуына мүмкіндік беру, мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуын субсидиялау тетіктері қарастырылған. «Жол картасындағы» шараларды жүзеге асыру үшін 2 млрд теңге қаржы бөлу көзделіп отыр.

Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен 2017 жылы «Орда» аймақтық «Жол картасы қабылданды. Ол бойынша 500 мың теңге көлеміндегі кепілді жарна арқылы бастапқы 20 проценттік жарнасыз тұрғын үй алуға мүмкіндік бар. «Жол картасы» аясында апатты үйлерде тұрып келген 474 отбасы пәтерлі болды. Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй немесе 604 пәтер пайдалануға берілді. Пәтерлер бағасы қолжетімді, әр шаршы метрі – 120 мың теңгеден.

Тұрғындармен кездесуде делегация мүшелері Мемлекет басшысының табысы төмен отбасыларды қолдау, көмекке мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру, денсаулық сақтау сынды тапсырмаларын орындаудың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова осы бағытта елімізде атқарылып жатқан шаралар әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.

– Елбасы айтқандай, экономикадағы жетістігіміз әрбір адамның өмір сүру сапасымен байланысты болғанда ғана біз алға жылжимыз. Қазіргі кезде жұмыс 3 бағытта жүргізілуде. Біріншісі – тұрмысы төмен азаматтарға көрсетілетін көмектің жаңа әдістемесін ұсыну. Екіншісі – медицина мен білім саласындағы қызмет сапасын арттыру. Үшінші бағыт – баспана мәселесі, – деді вице-премьер.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Әлеуметтік қамқорлық» шараларының орындалу барысына тоқталды.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес, биыл шілдеден бастап бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін, оның ішінде ең төменгі жалақы алатындардың еңбекақысы орта есеппен 15-тен 30 процентке өседі. Осылайша кем дегенде 1 млн-нан астам адамның жалақысы көбейеді. Слесарь, сантехник, электрмонтер секілді жұмысшылардың табысы орта есеппен 25 процентке өседі. Оған қоса, ауылдық, қалалық әкімдіктерде халықпен тікелей байланыста еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі. Болжам бойынша олардың саны 75 мыңнан жоғары, – деді министр.

Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек – басты назарда. Осы жылдың сәуіріне дейін атаулы әлеуметтік көмек көлемі 50 процент шамасында болса, енді ол 70 процентке артып отыр. Яғни бұған дейін 14849 теңге алып келген отбасылар үшін аталған сома 20789 теңгеге көбейді. Айта кетейік, бүгінде елімізде 830 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек алады. Оның 60 мыңнан астамы – қызылордалықтар.

Кездесуде Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов салаларда атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. Үкімет мүшелері жиын соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелері бойынша жергілікті жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді.


***



Аймаққа сапар барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары ГүлшараӘбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Жан-Арай Жем» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Тәулігіне 80 тонна құрама жем  өндіріп,  күріш  салы­ сын өңдейтін зауытта  150­  ден аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында зертхана, ұн тар­ татын диірмен мен макарон шығаратын өндіріс бар. Мұнда қалдықсыз технология терең меңгерілетінін байқау қиын емес. Сонымен қатар агро­ кешен соңғы жылдары құс шаруашылығын дамытуға ерек­ ше назар аударып отыр. Қазір серіктестік 7 мыңға жуық қаз бен үйрек балапанын өсіреді. Осылайша, тұтынушылар экологиялық таза  құс етімен қамтамасыз  етілуде.  Бұл  рет те өндіріс орнының басшысы Бақдәулет Мақашев жүйелі жұмыс әрі қарай жалғасын та­ батынын алға тартты, ал үкімет мүшелері атқарылған ауқымды істерге оң бағасын берді. Әрі қарай меймандар серіктестіктің мәжіліс залында өткен бас­ қосуға  қатысты.  Қала,  ау­дан әкімдері, өндіріс орын­ дары, бизнес құрылымдары, кәсіподақ ұйымдарының бас­ шылары жиналған шарада әлеуметтік және кәсіпкерлік салаға маңыз берілді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру жөнінде Үкімет пен әкім­діктерге тапсырма берді. Мемлекет басшысы халықты осы бағыттағы жұмыстармен ке­ңінен таныстыру және шара­лардың жүзеге асырылуын ба­қылау қажеттігін айтқан болатын. Біз түсіндірме жұмыстарын батыс өңірлерден бастадық. Мақ­сатымыз – жергілікті жерде түйіні тарқалмаған мәселені шешу. Басты өзгерістерді үш топқа бөліп айтсақ, соның бі­ріншісі – көмекке мұқтаж, көп­балалы отбасыларға қол­ұшын беру. Ең төменгі айлық та­бысы бар азаматтарды қол­дау. Екіншіден, баспанамен қам­ту мәселесін назарға алу, ме­дициналық, білім беру қыз­меттерінің сапасын көтеру. Үшінші, өңірлерді дамыту. Кә­сіпкерлікті дамыту да шет қал­мақ емес. Осы ретте айта кетейін, түрлі кәсіпорындарда жалақы берешегі мәселесін бол­дырмауға айрықша көңіл бө­лінуі керек. Төменгі табыс дең­гейінде айлық алып жүрген тұр­ғындардың жалақысын арт­тыруға күш салуды да ұмыт­пау қажет. Бұл бастамаға еліміз­дегі көптеген компания қолдау білдірді. Игі іске Қызылорда облысы кәсіпкерлері де үн қосады деген сенімдеміз, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмысшылардың ең­бек құқықтарын қорғау, оның ішін­де олардың уақытылы және лайықты жалақы алуы­на жағ­дай жасау мәселесін тарқа­тып айтты. Министрлік жалақы бой­ынша берешекті өтеудің нә­ти­же­лілігін арттыру мақса­тында мем­лекеттік еңбек инс­пектор­ла­рының ұйғарымын сот орын­дау­шылардың атқару құ­жатта­рының тізбесіне қосуды ұсынғанын, бұл оларды сот ше­шімдерімен теңестіруге және оның мәжбүрлеп орындалуын қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Бүгінде ел экономикасы­ның түрлі салаларындағы 165 мың кәсіпорында 6,6 млн-ға жуық адам жұмыс істейді. Ми­нистрліктің алдында тұрған бі­рінші кезектегі міндет – жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде уақытылы еңбекақы төлеу. Жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі бақылауда. Өткен жылы қабылданған шаралар нәтижесінде 32 мыңнан астам адамның құқығы қорғалып, 3,2 млрд теңге жалақы қарызы төленген. Сыр өңірінде берешек компаниялар мен кәсіпорындар саны көп емес екен. Бірақ, алда­ғы уақытта орын алған аз-кем түйткіл толық шешімін табады деген үміттеміз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сөз соңында Бердібек Маш­бекұлы жергілікті билік өкіл­дерін еңбек қатынастарын рет­теу мәселесін назардан тыс қал­­дырмауға шақырды. Мониторинг жүргізіп, қызметкерлерді қысқарту және оларды жұмысқа орналастыруды бақылау қажетті деңгейде жүргізілу керектігін тағы бір қаперге салды.

***

 

Мұнан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүл­шара Әбдіқалықова мен Білім және ғылым министрі Күләш Шамши­динова­ның қатысуымен «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында жиын өтті. 

2016-2019 жылдарға арнал­ған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасының облыста  жүзеге асырылуын талқылаған жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аймақтағы білім саласының дамуы жайлы баяндады. Елдің ертеңгі тізгінін қолға алар жастардың қажетті білім алуы үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалғанын, осы қолдау нәтижесінде Сыр жастары халықаралық, рес­пуб­ликалық білім додаларын­да топ жарып жүр­генін алға тартты. Сонымен қатар ҰБТ-да түлектердің сенімге сел­кеу түсірмей жүргенін мақта­нышпен жеткізді.

– Оқу ошақтары сандық тех­но­логияға ерекше ден қоюда. Электронды кітап, ин­тер­ак­тив­ті карта мен тақта, ав­то­мат­тандырылған күнделік жүйесі секілді ресурстар білім сапасын арттыру тұрғысында пайдаланылып келеді. Болашақ тың дүниелерді меңгергендердің қо­лында. Осыны ескерген облыс басшылығы балаларды ерте бастан уақыт пен шығынды үнемдейтін технологияға бағыт­тауды қолға алды. Бүгінгі таңда STEM жүйесі бойынша ІТ және робототехника сыныптары қолданысқа берілуде. Жастардың шетелден білімін жетілдіріп келуіне де жағдай жасалуда. Оның ішінде Қазанның «Иннополис» университетімен орнаған келісімнің маңызы зор. Мәскеудегі «Сколково» ин­новациялық орта­лығымен де ынтымақтастық орнатылуда. Со­нымен қатар, облыс­та 3-6 жас­тағы балалар толықтай ба­ла­бақшамен қамтылды. Соң­ғы 5 жылда өңірде 69 білім беру мекемесі салынып, кол­ледждердің 80 проценті дуаль­ді жүйеге көшті, – деді Р.Рүс­темұлы.

Әрі қарай шарада мұғалімнің қоғамдағы беделі мен рөлін арттыруға бағытталған «Мұ­ғалім мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланды. Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап ұстаздар қауымының жалақы мөлшері 30 процентке артатыны да айтылды. Кездесу барысында Сырдария ауданындағы №35 мектеп-лицейдің ағылшын тілі мұғалімі Айдана Жәкиева білім беру жүйесіндегі реформалар, жас мамандарға арналған бағдарламалар табысты жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.

– Жастарға түрлі мүмкіндік бар. Бұл ретте мемлекет тарапынан қолға алынған «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл жастары», «Жастар кадрлық резервi» секілді бірқатар тиімді бағдарламаларды айтуға болады. Мен де «Nur Otan» партиясының «English for Jastar» жобасына өз үлесімді қостым, қазір ауылдық мектеп оқушыларының ағылшын тілін меңгеруіне титтей де болсын көмегімді тигізгеніме қуанамын. Оның үстіне биылғы жылдың «Жас­тар жылы» ретінде бел­гіленуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жылы маңызды деген мәселелер шешімін табатынына, әрбірімізге жігер сыйлайтын жаңашылдықтың орын алатынына сенемін, – деді Айдана.

Шара барысында Үкімет мүше­лері қатысушылар сауалдарына жауап беріп, кейбір мәселелердің шешім табуына жұ­мыс істейтінін жеткізді.


***

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова облыстағы жұмыс сапарының соңында азаматтарды жеке қабылдады. 

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалында өткен қабылдауға Амангелді Ниталиев ұлы Асылдың денсаулығына қатысты мәселемен келген. Себебі созылмалы гемодиализ дертіне шалдыққан ұлы үнемі қымбат дәрі саналатын әрі шетелден тапсырыспен әкелінетін «Rocaltrol» (Кальцитриол) дәрісін қабылдауы қажет. Сондықтан ол бұл дәріні «Тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемі» тізіміне қосуды сұрады.

Қабылдауда ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева бұл дәріні тізімге енгізу туралы ұсынысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қарастыратынын жеткізді. Әлеуметтік мәселелер кезек күттірмей орындалу қажеттігін атап өткен вице-министр жауапты тұлғаларға бұл мәселені шешуді тапсырып, облыс басшылығына Амангелді Файзуллаевтың ұлы Асылға материалдық көмек көрсету керегін айтты.

Ал 2017 жылдан бері қамқорлық үйін паналаған, үш баланың анасы Гүлфариза Тілегенова баспаналы болуына ықпал етуді сұрады. Үшінші сәбиінің денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмай жүрген Гүлфаризаның жолдасы бірнеше жылға бас бостандығынан айрылған. Қазіргі уақытта балаларға берілетін жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік қолдаулар үшін құжаттар дайындалуда. Гүлшара Әбдіхалықова жалғызілікті анаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтып, баспана мәселесі мен балаларының құжаттарын реттеуді жауапты мекемеге тапсырды.

Қоғамдық қабылдауға алты баланың анасы Зарина Хамзатова жары өмірден өткен соң, қиын жағдайда қалғанын айтып, жұмысқа орналасу туралы өтінішін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баланың әкесі қайтыс болу туралы куәлік алу үшін қажетті құжаттар дайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, демеушілер көмегімен көп балалы ананың үйіне газ жүргізілген. Жұмысқа орналасу туралы өтінішпен келген ана арнаулы білім алмаған екен. Вице-министр жауапты тұлғаларға Заринаны жұмысқа орналастыруға көмектесу керегін айтты.

Ал Қармақшы ауданының тұрғыны Зоя Боранбаева есімді азаматша Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, әкесі Бекпан Боранбаевтың атын Қармақшыдағы Алдашбай ахун ауылындағы мектепке беру туралы ұсыныс айтты. Бұл орайда Гүлшара Наушақызы мектепке белгілі бір тұлғаның аты берілерде қоғамдық пікір ескеріліп, құжаттар қаралатынын жеткізді.

Мұнан соң қабылдауда болған І топ көз мүгедектері Тұрсынкүл Есмағанбетова, Батырхан Исаханов, Бауыржан Еспенбетов тұрғын-үй мәселесінің шешілуіне ықпал жасауды сұрады.

Халықтың әл-ауқатын арттыру, осы бағыттағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету мақсатындағы қоғамдық қабылдауда Гүлшара Әбдіхалықова барлық мәселе жауапты тұлғалардың назарында болатынын айтты.

***
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.
Министрдің қабылдауына бірнеше адам жазылған, солардың қатарында І топ мүгедегі Сағатбек Сиюов те бар. Ол елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін, қажет болған жағдайда олардың мүгедектер арбасымен қамтылатынын атап өтті.  Бүгінде қолданыстағы заңға сәйкес, мүгедектер арбасы 7 жыл мерзімге берілетіні белгілі. Сағатбек осы уақыт аралығында мүгедектер арбасын бірнеше рет жөндеу қажеттігі туындайтынын айтып, оны беру мерзімін 7 жылдан 5 жылға қысқарту туралы өтінішін жеткізді.
Ал үш баланың анасы Айнұр Әлменова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Қызмет» колледжінде кондитер мамандығы бойынша білім алған. Оқуды аяқтаған соң 252500 теңге грант ұтып, кәсібіне қажетті заттар алған ол мемлекеттен бизнесін дамыту үшін тағы қандай қолдау көрсетілетінін сұрады.
Сәбиі мүгедек болып дүниеге келген ата-аналарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалғанымен, қиындықтар болмай тұрмайды. Қабылдауда мүгедек бала тәрбиелеп отырған Эльмира Құдайбергенова да өз өтінішін жеткізді. Өткен жылы баласы Бурабай курортының «Алмаз» санаторийінде сауықтыру мақсатында ем алған. Бірақ бұл қызметтің баласына ғана тегін ұсынылғанын айтқан ана, бірге барған ата-анасының да шығындары үшін көмек көрсетілсе деген ұсынысын айтты.
Бердібек Машбекұлы олардың барлығына заң шеңберінде көмек көрсетілетінін айтып, жауапты мекемелерге аталған мәселелерді тиімді шешуді тапсырды. Жауапты тұлғалардың берген жауабына қарап, көтерілген мәселелердің барлығы да назарда болатынын аңғардық.


"Сыр бойының" тілшілері

Суретті түсірген

Бағдат ЕСЖАНОВ. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2019 г. 545 0