Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев ,Білім және ғылым министрі Шамшидинова Күләш Ноғатайқызы, Денсаулық сақтау вице-министрі Ақтаева Ләззат Мейрашқызы, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Жайымбетов Мархабат Жайымбетұлы бар Үкімет делегациясы облыстұрғындарымен кездесті.
Кездесуге көп балалы аналар, «Батыр аналар», «Алтын», «Күміс» алқа иегерлері, әйелдер кеңесінің төрайымдары, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестік жетекшілері, мәслихат депутаттары, облыстық денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында делегация өкілдері «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткен табысы төмен азаматтардың, әсіресе көп балалы, мүмкіндігі шектеулі және жалғыз басты аналардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, денсаулық салаларын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларды түсіндіріп, хабарлама жасады. Сонымен қатар, тұрғындар қойған сауалдарға жауап берді, қатысушыларменн пікір алмасты.