Футболдан Ел біріншілігінің 4 тур ойындары аясында "Қайсар" "Астананы" қабылдады, деп хабарлады
syrboyi.kz сайты
"Қайсар" футбол клубы сайтына сілтеме жасап.
Ел чемпиондарына қарсы ойнау кімге болмасын қиын. Сондықтан Стойчо шәкірттері бірінші минуттан сауатты ойнауға бел буды. Ойын басталысымен алғашқы шабуылды алаң иелері бастады. Ильяс Әмірсейтовтың қақпаға бағыттаған соққысы қорғаушы Марин Аничичке тиіп, доп кері серпілді. Бұл қауыпты шабуылдың алғашқы сәті болатын.
Ойын барысында қасқырлар қорғана жүріп, қарсы шабуылға көп жүгінді. Сондай сәттердің бірінде Тигран Барсегян қарсылас қақпасын нысанаға алған. Дегенмен Ненад Эрич голдан аман қалдырды. Кездесудің екінші бөлігінде екі ұжым да гол соғудың амалын жасады. Бірақ алма-кезек ұйымдастырған шабуылдар қос қарсыласқа да нәтиже бермеді.
Матч аяқталар тұста Асxат Тағыберген айып соққысын тамаша орындады. Алайда доп қақпа бағанасына тиіп, "Астананы" жеңілістен құтқарды. Осылайша кездесу 0-0 есебімен аяқталып, қос ұжым 1 ұпайдан еншіледі.