ЕҢБЕКШІЛЕР ШЫҚҚАН ЕҢБЕКТЕН

«Шаңлыкөл», «Бегалының» сағасы мен «Ешім» мешітінің жанын ала қоныстанған, «Аққошқар» мен «Сырбай» арығы, «Медеу ашасы» маңына мал өргізіп, «Мыңсай» деп аталған жер мен «Даңмұрын» аталатын арық жағасын мекендеген ата-баба орнын суытпай отырған бұл ауылдың ізі көне тарихқа апарады. Оған біз тым тереңдемейміз. Бірақ, бүгінде «Еңбек» деп аталатын ауылда тіршілік етіп жатқан 300-ден әрі түтін ауызбіршілік туын мықтап қолға алған. Сөйтсе несібесін жерден терген бұл жұрттың басқадан оқ бойы озық тұруында не себеп бар?!


Бір азамат бір ауылды гүлдендірсе...

 

Былтыр ауылда 1503 гектар жерге күріш, 850 гектардан аса жоңышқа егілген. Бұның бәрі бір ауылды жаппай жұмыспен қамтып, халық жағдайын жақ­сартуға ұмтылған «Еңбек Жер» ЖШС еңбегі. Тіпті, былтыр осы серіктестіктің егін жинау қорытындысы бойынша бір жұмысшысына тұрғын үй салып беріп, шаруашылық үз­дік­теріне қомақты сыйақы мен 3 автокөлік тарту ет­кенін де естігенбіз. Өз қара­ма­ғындағы қызметкеріне ай­лы­­ғының өзін ұзатып барып беретін көп жеке серіктестікті білеміз. Бірақ, Шакизатхан Ысқақов төрағалық ететін осы шаруашылық ауылдағы ағайын­ның ойынан шығып-ақ тұр. Бір қуанғанымыз, төраға өз қаржысынан ауыл орта­лы­ғына 200 орындық мейрамхана мен шағын маркет салып, 9 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған. Өткен тамыз айында «Мектепке  жол»  қайырымдылық акциясы аясында екі ауыл зейнеткеріне «Сарыағаш» емдеу сауықтыру орталығына ем алуға жолдама және 17 оқушыға оқу құралдары мен мектеп формасы және спорттық киімдерін алып берген де осы серіктестік еді. Ал оқу жылын үздік аяқ­таған бастауыш сыныптың 30 оқушысына бір-бір велосипед тарту еткенін кім естіпті бұл төңіректе?!.

– Шыны керек, «Еңбек Жер» ЖШС жеке қаражаты есебінен бұл ауылға көрік беретін бірқатар жұмыстар жүр­гізді. Атап айтсақ, Төлеген Дәуітбаев, Абай Құнанбаев көшелеріне 250 метр асфальт­тау, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ауылда бұқаралық спортты дамыту, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту барысында мереке күндері спорттық жарыстар мен аймақтық турнирлер ұйымдастырамыз. Осы серіктестіктің демеу­ші­лі­гі­мен кіші футбол алаңына әрлеу жұмыстары жүр­гізіліп,  ауыл­дың волейбол құра­ма­сының ойыншыларына 780 мың теңгеге спорттық киім алынды. Ел есінде қалған тағы бір жайт, биылғы жылды қарсы алар алдында «Еңбек Жер» ЖШС-ның директоры Шахизатхан Ысқақов өз отбасымен бірге «Асылзат» мейрамханасында бастауыш сынып оқу­шы­ла­рына арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңажылдық мерекелік кеш өткізді. Сонда серіктестік төрағасы бас­тауыш сыныпта оқитын 160 оқушыға жаңажылдық сыйлық жасады, – дейді ауыл әкімі Қайрулла Қалданов.

Туған ауылға болсын дейтін азаматтың бұл ісіне «Бәрекелді!» демеске лажың жоқ.

 

Ән шырқаған әжелер

 

Біз баяндағалы отырған «Батыр ана» ансамблі Ленин комсомолы атындағы совхоздың партия ұйымының хатшысы Кеніш Жұмалиеваның ұйым­дастыруымен 1986 жылы құ­рылған. Сол жылы Халық­аралық әйелдер күніне арнап концерттік бағдарлама көр­сетіп, көрермендердің ықы­ласына бөленген 22 батыр ана бастаған ұжым бүгінге дейін өнерде құлашын кеңге сермеуде.

Ансамбль шығар­машы­лы­ғының қалыпта­суына композитор-музыкант Жұма Данилов, мәдениет қайраткері Төребек Бақтыбаев, облыстық филармония әншісі, мәдениет қайраткері Үміт Медеуова көп үлес қосқан. Тіпті, тынымсыз ізденіс нәтижесінің арқа­­сында  Еңбектегі аналар 1988 жылы Алматыда болып, орта­лық телеарнада өнер көрсеткен. Содан бері өнерлі ұжым аудан мәдениетінің өр­кен­деуіне өзіндік үлес қосуда. Облыс орталығында өткізіліп тұратын «Жалағаш ауданының өнер күндері», «Алтын күз» мерекелерін осы ансамбльсіз елестету мүмкін емес шығар. 

Бір қуанарлығы, ұжым Қы­зылорда қаласындағы Қарт­тар үйіне, Балалар үйіне қайы­рым­дылық концерт беріп, сый-сияпат көрсетуді дәстүрге айнал­дырған. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Батыр ана» ансамблін арнайы қабыл­дап, автобус сыйға тартуы да ансамбльдің шығар­ма­шылық деңгейіне берген жоғары баға десек, артық айтпаймыз.

Бүгінде өнер ұжымы құра­мында 17 батыр ана бар. Осы ізгі сабақтастықты жалғастыру мақсатында ансамбль жанынан жас батыр аналар құрамы да құрылып, ұлттық салт-дәс­түрімізді дәріптеу мен мәдени құндылықты арттыруға үлес қосып жүргенін де айта кету керек. Былтыр ғана облыстық деңгейде өздерінің 30 жылдық мерейтойын тойлаған өнерлі әжелер ел алдында халық ән­дерін орындаудан басқа қол­өнер бұйымдарын жасаумен де тұрақты айналысады.

 

Жастардың жобасы

 

Еңбекте «Jas projeсt» жобасы аясында ашылған «Денені сауықтыру» орталығы  бар. Былтырғы жылдың тамыз айынан бастап ауыл тұрғындарына массаждық аппаратпен қызмет көрсеткен Медет Рсалиев бас­таған жастар жобасына тұр­ғындар дән риза. Буыны сыздап бастырмай жүрген 3 ауыл тұрғыны осы аппаратпен ем қабылдап, құлан таза жазылмаса да аяқ басып жүріп кеткен. Ауыл әкімдік аппа­ратының бас маманы, жастар жетекшісі Бексұлтан Тоқсан­баевтың айт­уынша, жоба жетекшісі Медет те, мүшелері Назерке Теміржанова, Айбек Нұрпейісов, Ақниет Әлімбаева да жұмыссыз жас­тар. Ауылдың жас тұрғындары осы кәсіпті әрі қарай дамытып, ауылға үлкен сауықтыру кешенін  салсақ деген армандарын да жа­сыр­мады.

– Осы орталықтан он күндей массаж алып, өз ден­саулығымның жақсар­ғанын бай­қадым. Ауылымызда осын­дай денсаулық орта­лығы ашыл­ғанына халық риза­шылығын білдіріп, ел болып ем алып жатырмыз. Өзім­нің бұрыннан тізе мен белім сырқырап, отырып-тұруым қиын­­даған болатын. Медет пен Назгүлге мың алғыс. Адам­дар­дың денсаулығын ойлап, сауықтыру орталығын ашты. Жас болса да, бас болып халық игілігіне жұмыс істеген осы қарақтарыма көп рахмет, – дейді ауыл тұрғыны Гүлмира Серікбаева.

Арнайы массаж аппараты ауылдағы зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі аза­маттар мен көпбалалы отбасы мүше­леріне бүгінге дейін тегін кө­мек көрсеткен. Ауыл ­тұр­ғын­­­­­да­рының ден­саулығын жақ­­­­­­­­сартуға ықпал етіп жүрген жоба жетекшілері алда жұмыс кө­­­ле­мін ұлғайтып, енді ақылы қыз­­мет жасап, бизнесін кеңейт­пекші.

 

Білімін ұштап, кәсібін көркейткен...

 

Еңбек ауылында қажеттінің бәрі бар. Мектеп пен мәдениет үйі, емхана мен жеке балабақша, ветеринариялық пункт, почта бөлімшесі, АТС, учаскелік полиция пункті, кітапхана, спорт алаңы мен балалар ойын алаңы да жұмыс жасап тұр. Халыққа арналған Мүсірәлі баба мешіті  иманын серік еткен ағайынның осындағы бір орны болып саналады.

Мардан Байділдаев атын­дағы №232 орта мектепте  300-ге жуық оқушы бар. 14 қоғам­дық, пәндік үйірмелермен қатар 7 спорттық секция ашыл­­ған. Санамаласақ, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, дойбы, футбол, үйірмелері толық жұмыс істейді. Жақында бапкерлік штат беріліп, 76 бала таэквандомен шұғылдануда. Ауылдағы бар ұл-қыз спортты жанына серік еткен десек қателеспеспіз. Соның ішінде волейбол бо­йынша оқу­шылар аудандық, облыстық, респуб­ликалық жа­рыс­тардың бірнеше дүркін жеңім­паздары атанып жүр.

Күріштен өзге кәсіпке бет бұрғандар да көп. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасы бойынша ауыл тұрғыны Данбай Алпысов үй ауласынан жылыжай салу үшін бизнес жоспар әзірленіп, нәтижесінде 2 млн теңге көлемінде грант иегері атанып, қазір құрылысты бастап кетіпті. Ал, ауылда мал шаруашылығын дамыту мақса­тында 5 жоба, жолаушылар тасымалы бағытында 1 жоба әзірленіп, «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы қар­жы­лан­дырылыпты.

Осындай жетістігімен қуант­қан, замандасымыз, ауыл әкімі Қайрулла Қалданов – осы елдің тумасы. Туған жердің ой-шұқырын жатқа білетін жас жігіт ауылын көркейтуде «әлі де көп қайрат көрсетуім керек» дейді. Жас та болса бас бола білген ауыл әкіміне іштей ризашылықпен, сәттілік тілеп, жолға жиналдық. 

Түйін. Тарихтың  әр­түрлі  кезеңдерінде  «Еңбек»  ауы­лының қасиетті топы­ра­ғынан батыр да, би де, ел ағалары мен қоғам  қайраткері, ғалым да шыққан. XVIII-XIX  ғасырда  өмір сүріп, өнегелі өмірмен тарихта із қалдырған Бидас батыр, Манақ батыр, Кенже батыр, Келдібай би, Қоқыбай болыс, Ешім ишан, Кіш­кен­бай билермен қатар 1837-1847 жылдардағы Кенесары, Нау­рызбайлардың ұлт-азаттық кө­терілісіне қатысқан Нысанбай жырау, Даңмұрын ақын, Жа­рылқасын қожа, бері­рек­тегі М.Байділдаевтың саналы ғұмырын жалғастырған қоғам қайраткерлері Қ.Адаев, Т.Дәуітбаев, Қ.Табынбаев, С.Далдабаев сынды ағалар, М.Ағатаев, С.Рахманбердиев, Ә.Ұлыбаев, А.Досымов. Т.Бек­ниязов, А.Асанова сияқты ғалымдар бүгінгі «Еңбектегі» жас буынның мақтанышына ай­налды. Сол саналы жастар ара­сында ел болашағына үлкен үлес қосар, ұлт мақтанышына айналар ұрпақ барына бізде күмәнданбаймыз.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 сәуір 2019 г. 1 215 0