« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ауылдағы оқу орнын бітіргендерде ортақ стереотип бар. «Ауыл мектебінде оқығанмын». Бұл сылтау осы кезге дейін талай үмітті жанбай жатып сөндіргені анық. Қалалық емес, далалық болудың даналыққа жетелейтіні бар әрі шын қаласаң шеберлік шыңы алынбайтын асу емес. Мұны Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алатын ауыл балалары дәлелдеп жүр.
Біздің облыста бұл мектепте бір орынға 11 оқушы бәсекеге түседі. Оқу жүйесі өзге, кішігірім университет сынды мектепті бітірген түлектер Қазақстанның 10 ЖОО-ға бірден екінші курсқа түсу мүмкіндігіне ие. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан-Британ техникалық университеті, КИМЭП секілді белгілі оқу орны бар. Иә, НЗМ-нің «Өркен» грантына қол жеткізудің оңай болмайтыны түсінікті. Қала балаларының бірнеше жыл бойы ағылшын тілі мен математикадан қосымша дәріс алатыны да сондықтан. Ал ауылда мұндай мүмкіндіктің жоқ екені рас. Қазір аймақтағы зияткерлік мектепте 677 оқушы білім алады. Соның 108-і аудандардан келіпті. Қуанарлығы, бой емес, ой жарыстыратын аламанда озық жүрген ауыл балаларымен тілдесу барысында олар біз айтқан стереотипті елемейтінін байқадық.
Мағауия мен Нұрай өткен жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында екі апта болып, Стэндфорд университетінің жазғы мектебінде дәріс алған. Ауылда оқысаң, шетел көріп, білім шыңдаймын деп ойлануың да екіталай. Ал олар мектепте үздік үлгерімі мен белсенділігі бойынша іріктелген 5 оқушының қатарында болды. Мағауия Мәжіт Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының, ал Нұрай Бектай Жалағаш ауданы Аққұм ауылындағы мектепте 7-сыныпқа дейін білім алған. Екеуі де – 2013 жылы облыстағы Назарбаев зияткерлік мектебіне тұңғыш қабылданған оқушылардың бірі. Сондықтан, олар биыл жаңа бағдарлама бойынша 12 сыныпты толық тәмамдайды.
Нұрай зияткерлік мектепте оқу ойында болғанмен, арнайы жоспарламаған, тіпті байқау сынағына ең соңғы болып құжат тапсырыпты. Ал Мағауияның сол кездегі темірқазығы – қазақ-түрік лицейіне не НЗМ-ге қалайда түсу болған. Мүмкін, бұл ойына Нағи Ілиясов ауылына барған Тұңғыш Президент алдында өлең оқығаны да әсер еткен болар.
– Алғашқы ағылшын тілі сабағында оқытушының тек амандасып, жөн сұрағанын ұққаным болмаса, сабақ бойы түкке түсінгем жоқ. Мұндайда намысың қалай келмес? Бүкіл сынып болып қосымша сабаққа бардық. Оқытушымыз тіл үйренудің тиімді жолы – ұнаған әнді жаттауды, ток-шоуларды ағылшынша көруді ұсынды. Қазір IELTS тесті бойынша нәтижем – 7,5 балл, – деді Нұрай.
Бұл ағылшын тілін ағылшындардың өзіне үйретуге болатындай жоғары көрсеткіш. Зияткерлік мектепте жоғары және кіші екі сыныпты біріктіретін «шаңырақ» аталатын ұйымдар болады. Оқушылардың бірлігін, ұйымшылдығын арттыру мақсатындағы шаңырақта Нұрай 3 жыл көшбасшы әрі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру министрі болған. Қалаға келгелі ауылда әке үйреткен шахматта Нұрайдың зеректігін арттырып, ұтымды ұпай әкелді. Оқытушылары шахматты ойнау әдісін жетілдіріп, зияткерлік мектеп оқушылары арасында өткен чемпионатта алтын алқа тақты. Сондай-ақ, Елордада өткен медиафорумға қатысып, биология, математика, тарих, қазақ тілінен өткен олимпиадалардың жүлдегері атанған. Ал Мағауия «Туған елге тағзым» экспедициясымен Шығыс Қазақстанға, Өскеменге сапарлапты. Бірнеше жыл Жетіасар мәдениетінің Шіркейлі-Қосасар археологиялық орнына зерттеу жүргізіп, ғылыми байқауларда жеңімпаз атанған. Бірақ Мағауияның ойы болашақта ІТ не өндірістік салада қызмет ету болса, Нұрай физика-математика бағыты бойынша Еуропада білім алып, елшілікте еңбек етуді жоспарлап отыр.
Назарбаев зияткерлік мектебінде Арал ауданының Қосжар ауылынан келген тағы бір Нұрай бар. Қазір 9-сыныпта оқып жүрген Нұрай Өмірзақова 10-11 жасында-ақ Абайдың – 200, Шәкәрімнің 60 шығармасын жатқа білген еді.
Осыдан екі жыл бұрын оқушылары 150-ге жетпейтін шағын білім ордасынан келіп, зияткерлер жиылған зәулім мектепке қобалжи қараған Нұрай қазір алаңдауға емес, армандауға бейім.
– Жуырда облыстық архивте Қызылорданың соғыс жылдарындағы саяси, мәдени, әлеуметтік ахуалы туралы зерттеу жұмысын жүргізіп, қаланың 200 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми жоба байқауында І орын иелендім. Қазір еліміздегі медицина жаңа деңгейге көтерілгеніне қарамастан, дамыған елдердің тәжірибесін енгізу қажет. Болашақта осы салада еңбек етіп, экономикалық табыс көздерінің бірі – медициналық туризмді дамытқым келеді, – дейді ол.
P.S. Байқадыңыз ба, олар «мендегі білімнің іргетасы ауылда қаланған» деген синдромнан аулақ. Ертерек естілердің қатарынан табылуға тырысады. Ал, ұққанымыз есті кісі болудың басты шарты – еңбек.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |