ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілдігі жастар ісі секторының ұйымдастыруымен әнші Төрағали Төреәлі облыс орталығындағы «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында қонақта болды.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл жалғасын тапқан игі шарада ҚМДБ өкілі Болатбек Ұласқанұлы бастаған қала мешіттерінің имамдары, «Сұлтан» мешітінің жамағаттары және арнайы қонақтар - Төреәлі Төлепов пен Төреғали Төреәлі балалар ауылының ауласына 200 түп алма, алмұрт, шие секілді жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына үлес қосты.
Бұдан кейін балалар ауылының тұрғындары қолдаушы ағаларының көмегіне ризашылықтары ретінде өнер көрсетіп, жетістіктерімен бөлісу үшін қонақтарға үйлерін аралатты. Сондай-ақ, өздері пісірген тағам түрлерін ұсынып, дастарқан басында емен-жарқын сұхбат құрды.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген ниетпен балалардың көңілін аулау үшін «Атамекен» ауылына арнайы ат басын бұрған Төреғали Төреәлі балалармен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, концерт қойды. Әкелі-балалы Төлеповтер талантты балаларды ынталандыру мақсатында музыкалық аппаратура сыйға тарту ететінін жеткізді.
Жанашыр ағаларының батасын алған балалар ізгі мақсатта игі жақсыларды бастап келген өкіл имам мен әншіге алғыс білдіріп, естелікке қолөнер туындысын тарту етті.
ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі