« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Шиеліде бірқатар нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Құны 31 млн теңге болатын Рәміздер алаңының құрылысын «Реалстрой Сервис» серіктестігі былтыр күзде бастаған болатын. Алаң мемлекеттік Ту, Елтаңба, сондай-ақ Гимннің мәтінімен айшықталған. Айта кетейік, Ту тұғырының биіктігі – 23 метр. Азаматтардың туған жерге және оның рәміздеріне деген құрметті арттыру, патриоттық рухын ояту мақсатында салынған алаңның ашылуымен жұртшылықты аймақ басшысы құттықтады.
– Қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлем елдерімен терезе теңестіріп, шекарасын шегендеп, бірлігін бекемдеп, мемлекеттік рәміздерін бекіткеніне биыл 28 жыл толады. Бұл – аз уақыт болғанымен, әлем картасында Қазақстан деген дербес мемлекеттің бар екенінің бірегей белгісі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәмізіміз бар. Оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк Байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген дана сөзі бар. Рәміздер халықтың рухы мен айбатын білдіріп қана қоймай, сол мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін де белгілейді, – деді облыс әкімі.
Алаңда келушілер үшін жайлы жағдай жасалған. Іргелес аумақ қоршаулы, көшеттер егілген, орындықтар қойылған. Бұл аумақта алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер мен және құқық қорғау органдары өкілдерінің ант қабылдау, әскерге шақырылушыларды шығарып салу сияқты патриоттық шараларды, ресми мерекелік жиындарды жиі өткізу көзделіп отыр.
Осы күні пайдалануға берілген Рухани жаңғыру аллеясы да көрген жұрттың көзі сүйсінетін көрнекі орынға айналары анық. Мұнда биіктігі 11 метр болатын «Мәңгілік Ел», «Қазақ хандығы» монументтері орналасқан. Сонымен қатар, ежелгі дәуір мен тәуелсіздік жылдарында қабылданған тарихи шешімдер кезеңі тізбектелген. Іргелес аумақ абаттандырылып, көгалдандырылды. Өткен жылдың қазан айынан бері жалғасқан нысан құрылысы үшін аудандық бюджеттен 14 млн теңге жұмсалды.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өткен жылдың соңында іске қосылған күріш ақтау зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Зауытты кәсіпкер Бағлан Әшірбеков жеке қаражаты есебінен салып, 10-нан астам адамның еңбекпен қамтылуына мүмкіндік жасады. 4 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында бүгінгі күні тәулігіне 86 тонна Сыр салысы қайта өңделіп, 28 тонна күріш жармасы шығарылуда.
Жастар ісі жөніндегі облыстық кеңестің Жастар жылы аясындағы алғашқы көшпелі отырысы Ыбырай Жақаев атындағы ауылда ұйымдастырылды. Оның өзіндік мәні бар.
– Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырған ақ күріштің атасы, әлемдік рекордтың иесі Ыбырай Жақаевтың жетістігін, егемен еліміздің тарихи тұлғаларының өмір жолын, еңбек адамын кейінгі ұрпаққа насихаттау, жастарымызды еңбекке баулу – басты мақсатымыз, – деді аймақ басшысы.
Шара басталмас бұрын аймақ басшысы шиелілік жастардың жетістіктері мен жобаларына арналған көрмемен танысты. Мысалы, көрмеде Жақаев ауылының тұрғыны Майя Сыдық көпшілік назарына қолөнер бұйымдарын ұсынды. Жас шебер былтыр «Бастау-Бизнес» жобасы аясында арнайы курста оқып, кәсіп бастау үшін мемлекеттік грант жеңіп алған. Сөйтіп, қыркүйек айында іске кірісіп, 2 адамды жұмыспен қамтыды. Бүгінде бос уақытында оқушыларды қолөнерге баулып жүр.
Сонымен қатар, облыс әкімі 10 жас маманға шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасуға жолдама, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе арнайы есепте тұратын жастарға «Жақаевшылар» еңбек лагеріне жолдамалар табыс етті.
Көшпелі жиында өңір басшысы облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-дегі кадрлық өзгеріске тоқталды. Бұған дейін орталыққа жетекшілік етіп келген Жасұлан Алдабергенов басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылды. Оның орнына жастар саясаты саласындағы тәжірибелі маман Абылайхан Сабанбаев тағайындалды. Облыс әкімі Жасұлан Алдабергеновке атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Аймақ басшысы атап өткендей, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, оның басым бағыттары мен міндеттерін іске асыру, жастар арасында қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруда кеңестің орны ерекше. Сондықтан мұндай алқалы жиындар көшпелі негізде тұрақты түрде өткізілмек. Алдағы уақытта облыстық кеңес отырыстары Сырдария, Арал аудандарында, қорытынды жиын Қызылорда қаласында ұйымдастырылады.
Даңғайыр диқан ауылындағы басқосуда Жастар жылы аясында кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, жастар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу, Шиелі және Жаңақорған аудандарында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі өңірлік «Жол картасының» орындалуы, NEET санатындағы жастармен жұмыс жөнінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов хабарлама жасады.
– Жастар жылы аясында бірқатар маңызды шара ұйымдастырылады. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жастардың қолөнер бұйымдарын сату және көрмесін өткізуге арналған орталықтар ашу, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша кәсіп ашуға мемлекеттік гранттар бөлу, волонтерлік топтар ашу жоспарда бар, – деді ол.
Сондай-ақ, жиында жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы сөз болды. Бұл ретте облыс әкімі қылмыстың алдын алу, баланың теріс жолға түспеуі ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетіне байланысты екенін еске салды.
Аймақ басшысы қорытынды сөзінде жауапты мекемелерге жастарға қолдау көрсету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
– Жастарға қатысты шараларды флэшмобтар мен мағынасыз дүниелер шеруіне айналдырмау керектігін үнемі айтып келемін. Қазіргі күні жастар материалдық құндылықтарға көбірек мән беретін болды. Ең бастысы, жастардың назарын рухани құндылықтарға, жаңашылдыққа, тың өзгерістер енгізуге, елдің әлеуетін арттыруға үлес қостыртуға аударуымыз керек, – деді облыс әкімі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |