Сағат белдеуі алға жылжиды ма?

WhatsApp желісінде ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының атынан жалған ақпарат таратылған. Онда Қызылорда облысында сағат белдеуі алға жылжитындығы көрсетілген. Сенатор ол ақпараттың жалған екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратта: «Қызылорда облысының сағаттық белдеуі табиғи уақытына сәйкес бір сағат кейін шегерілгенін білеміз. Енді күндізгі уақыттың ұзаруына байланысты қайта алдыға 1 сағатқа ұзарады, яғни Астана уақытымен сәйкес болмақ. 15 сәуір күні 23.00-де 1 сағатқа алға жылжытамыз. Бұл туралы фейсбуктегі парақшасында Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді. Бұған дейін сенатор Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына осы мәселені көтеріп сауал жолдаған еді», – делінген.
Сағаттық белдеуге қатысты тұшымды ойлар айтып, мәселе көтеріп келген қызылордалық қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев та бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлымен сөйлестім, ол мұндай мәлімдеме жасамағанын айтты. Сенат қабырғасында талмай 4 рет көтеріп, Үкіметке жеткізген де осы ағамыз болатын. Мұндай ақпарат қандай оймен таратылғанын білмедім. Уақытпен, сағат тілімен ойнауға болмайтыны туралы ғылыми дәлелі аз келтірілген жоқ. Қазіргі орнына келген уақыттың қызылордалықтар, әсіресе балалар мен студенттер игілігін көріп отыр. Ол міндетті түрде олардың денсаулығына, психологиялық тұрақтылығына оң әсер етеді. Оны үш-бес жылда адаптивті қалпына келу процесстері орнына келгесін анық сезінетін боламыз», – дейді қоғам белсендісі.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 2018 жылдың желтоқсан айының 20-нан 21-не қараған түні сағат 00.00-де жергілікті уақыт бір сағат артқа ауыстырылған болатын.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 сәуір 2019 г. 1 546 0