Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Бауыржан Сұлтанұлы бала күннен атқа құмар-тын. Есейгенде де ата кәсіптен алшақтай қойған жоқ. Жақында бизнес жобасын даярлап, ет бағытында жылқы өсіру мақсатында 2 миллион теңге несиеге қол жеткізді.
«Өңірлік инвестициялық орталық» бағдарламасы бойынша жылқы өсіріп, тұрғындарды сапалы, табиғи таза өніммен қамтамасыз етуге бағытталған жобасы 6 проценттік жеңілдетілген несиеде жеңімпаз атанды.
– Рас, қазір мал шаруашылығымен айналысатындар көп. Ет өткізу қиын. Әйткенмен, осы кәсіппен айналысамын деп нықтап кіріскен соң, жолын табу керек. Тоғыз бас жылқы алдым, соны айналдырып отырмын. Қазір шүкір. Бір ізге түсіп келеміз, – деді Бауыржан Сұлтанұлы.
Қоғалыкөл ауылында кәсіпкерлікті қолдау шарасы кең етек алған. Ауыл әкімі Бақытжан Рахымбековтің айтуынша, тұрғындардың да құлшынысы жоғары.
– Осы күні мемлекеттік бағдарламамен несие, қайтарымсыз грант алғандардың соңғы легінің өзінде 42 азамат бар. Олардың дені ауыл шаруашылығы саласын таңдады. Әлі де тың идеялар мен өз бастамаларын ұсынып жүрген жандар жетерлік, – деді ол.
Бауыржан Сұлтанұлы бір саламен тоқтап қалмады. Қолынан келетін істерді қамдап, 240 мың теңге қайтарымсыз қаражатты иеленді. Қазірде елді мекенде жоқ автоген аппаратын сатып алып, темір тұлпар тізгіндегендердің пайдасына жаратуды мақсат етіп отыр. «Ауылда автоген бар» деп көдік жүргізушілерінің де қуанатын күні алыс емес.
– Дәнекерлеу аппараты мен арнайы баллонды, автогенді сатып әкелдім. Қазір қажетті жабдықтардың бәрі қолда тұр. Енді қалғаны – аулаға арнайы цех салу. Бұйыртса, ауылдастарым автоген іздеп облыс орталығына бармай-ақ, ел ішінде жүріп, ақауды қалыпқа келтіре алады, – дейді кәсіпкер.
Елді мекенде мал шаруашылығы кең етек жайған. Құс өсіру де қолдан келмейтін іс емес. Оны да ұршықша иіре әкеткендер бар. Ағаш ұстасы да жұртшылыққа қызмет көрсете бастады. Темірден түйін түйген ұста бизнес жобасын қамдап жүр. Желімдеу орталығы көктемгі, күзгі науқан кезінде шаруашылыққа аса қажет. Әр көшеде қос-қос дүкені бар Қоғалыкөлде кәсіптің өркендеуі үшін мүмкіндік көп. Тек тиімді тетігін таба білсе болғаны. Бауыржан Сұлтанұлы «Біздің ауылда кәсіптің қайсысы болса да сұранысқа ие» деді әңгіме арасында.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».