АЙМАҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАТЫН МАҢЫЗДЫ БАСТАМА

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен суармалы жерлерді ұлғайту мәселелеріне арналған селекторлық мәжіліс өтті. Сала жетекшілері мен аудан әкімдері, шаруашылық өкілдері қатысқан мәжілісте аймақ  басшысы биыл ақпан айының басында суармалы жер көлемін ұлғайту мәселелері қаралып, жұмыс тобы құрылғанын еске салып өтті.
Енді жұмысшы топтың есебін тыңдайтын мезгіл де жетіп отыр. Мәжілісте осы бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшы­баев хабарлама жасады.
Хабарламашы атап өткенін­дей, облыста суармалы егіс көлемін 300 мың гектарға жеткізу үшін жаңадан ашылатын алқаптардың жобалық алаңдарын айқындау міндеті қойылып отыр. Бүгінгі таңда облыста 249,8 мың гектар суармалы жер бар. Оның 171,7 мың гектары егістік, 58 мың гектары тыңайма жер, 17,4 мың гектары бақшалық, қалған 2,7 мың гектары өзге де ауылшаруашылық алқаптарына жатады. Суармалы егістік көлемін 300 мың гектарға жеткізу тапсырмасына  сәйкес жұмысшы топ барлық аудан бойынша зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізді. Оның барысында аудан, қала әкімдіктері бұған дейін ұсынған учаскелердің көлемдері мен орналасуы нақтыланып, сонымен қатар қосымша жерлерді қосу мүмкіндіктері талқыланған.
Басқарма басшысы облыста ауыл шаруашылығы санатындағы көлемі – 236,9 мың гектарды ұлғайтуға аудандар алғашқыда ұсынған 51,3 мың гектарға қосымша сараптау барысында тағы 44,4 мың гектар қосылғанын жаңадан ашылатын суармалы егіс алқаптары 95,7 мың гектарға жеткізілгенін мәлімдеді. Осылайша облыста жалпы суармалы жерді 332,6 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіншілік бары нақтыланып отыр. Хабарламашы осы орайда  Қазалы ауданында – 4050, Қармақшыда – 11638, Жалағашта – 14344, Сырдарияда – 10745, Шиеліде 28832, Жаңақорғанда – 17989, Қызылорда қаласында 8160 гектар жерді жаңадан қосу мүмкіндігі барын атап өтті.
Қосымша ұсынылған болжамдық алқаптар бойынша карталар жасалуда және топырақ құнарлылығының материалдары сарапталуда. Бұған дейін жоспарға енген 51,3 мың гектар алқаптың 32,5 мың гектары босалқы жерлер құрамында болса, 18,8 мың гектары ауыл шаруашылығы жерлері санатында, яғни, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін табысталған шаруашылықтардың жайылым­дық алқаптары. Оның ішінде 33 мың гектарға каналдар қазу, 12,6 мың гектарға қашыртқы каналдарынан су алу, 0,3 мың гектарға көлдерді пайдалану, 2,1 мың гектарға ұңғыма қазу арқылы суландырылған жағдайда жүзеге асыру мүмкіндігі айқындалды.
Жұмыс тобы нақтылаған қосымша 44,4 мың гектар жердің карталары, топырақтың сапалық жағдайы, оларда жаңадан топырақ зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы мәліметтер әзірленді. Осы 44,4 мың гектар жердің 30,9 мың гектары ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлер, яғни шаруашылықтардың пайда­лануындағы учаскелер, 13,5 мың гектары мемлекет меншігіндегі босалқы жер қорында.
Зерттеу материалдары бо­йынша ұсынылған жерлердің 80% орта-қатты тұзданған, аудандар бөлінісінде орташа балл бонитеттері 9-14 аралығында. Осы ретте, алдағы уақытта аталған учаскелерді айналымға алуға оларды сумен қамтамасыз ету үшін қосымша шараларды белгілеу, оның ішінде шаруашылықтармен жұмыс жасап, оның иелігіндегі жерді айналымға алуды және суармалы алқап санатына ауыстыруды үйлестіру міндеттері тұр. Оларға қажетті қаржы көлемін қарастырып, инвесторлар тарту жөнінде аудан, қала әкімдіктеріне тиісті жұмыстар жүргізуі тиіс.
Мұнан соң жаңадан ашылатын суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жайын «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Болат Арыстанбаев айтып берді. Ол жаңадан айналымға қосылатын суармалы жерлердің бірінші кезекте – 51 313 гектары,  екін­ші кезекте – 44 445 гектары игерілетіні айқындалып, бекі­тілгенін жеткізді. Оның айтуынша,  бірінші кезекте қосы­латын 51313 гектар суар­малы аумақтағы Сырдария ауданының үлесі 4 мың гектар болып отыр. Соның ішінде, Бесарық ауылдық округіндегі Мәдібек учаскесіндегі 1 мың гектарға Жүнісбек каналынан ұзындығы 8 шақырым жаңадан канал қазу жұмысы басталып кетті. Оны мердігер «Мелиоратор» ЖШС жүргізуде.
Қазіргі таңда жұмыс басында 3 дана драглайн экскаваторы, 1 гидравликалық экскаватор, 3 буль­дозер тазалау жұмыстарын жүр­гізуде.
Сондай-ақ, «Мелиоратор» ЖШС кү­шімен екінші кезектегі 44 445 гектар алқаптың 500 гектарына су жеткізу межеленіп отыр. Ол Айдарлы ауылдық округінің «Қатынбақан» учас­кесінде орналасқан.
Б.Арыстанбаев жаңадан қосы­латын жерлерді игеруде су үнемдеудің заманауи технологияларын (тамшылатып суару, т.б.), ылғалды аз тұтынатын дақылдар көлемін арттыру, суды ысырапсыз пайдалану және автоматты түрде есепке алу қондырғыларын орнату қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.
Облыс әкімі осы орайда филиал директорына жаңадан айналымға қосылатын алқаптарды суландыру жүйесінің схемасын жасап, оған жұмсалатын қаржы көлемін анықтау жұмыстарын тездетіп бітіруді қатаң тапсырды. Ол жұмыстар алдағы кезеңде болатын облыстық мәслихаттың сессиясына дейін дайын болуы тиіс. Бұған аудан әкімдері мүдделі болуы қажет.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиев өз кезегінде қала, аудан әкімдерімен бірлесіп, облыстағы суармалы жерлерді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Жаңадан 96 мың гектар суармалы жерлер айқындалып, оларды суландыру көздері мен жүр­гізілетін жұмыстардың көле­мі анықталған. Бұл ретте, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі әзірлеген Қаржы министрлігінің кепілі мен мем­лекеттік - жекешелік әріптестік ар­қылы жаңа суармалы жерлерді айналымға қосуды жобалау жұ­мыстарын жүргізу инвесторға жүк­­­телген. Үкімет қаржыландыру тетігін айқындағаннан кейін тиісті жұмыстарды мемлекеттік-жеке­шелік әріптестігі негізінде бастау тапсырылды.
Сонымен бірге, Қызылорда қаласының Ақжарма ауылдық округінде «Мағжан и К» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі 281 гектар жерді игеруге жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институты Қарауылтөбе ауылдық округінде 697 гектар жерді қалпына келтіру жұмыстарын атқаруды жоспарлап отыр. Жаңақорған ауданында «Хамит» шаруа қожалығы Қазақбай өңірінен барлығы 500 гектар жерді іске қосуға жұмыс жасауда. Соның ішінде биыл 40 гектарын айналымға қосатын болады. «Тасболат-А» ЖШС осы аумақтан 600 гектар жерді игеруді бастады.  Серіктестік биылғы жылы 80 гектар жерді іске қосуды жоспарлап отыр.
Осы ретте басқарма басшысы «Мелиоратор» ЖШС атқарып жат­қан жұмыстар мемлекеттік - же­ке­шелік әріптестігі механизмі та­лап­тарына сәйкес келетінін атап өтті.
Мәжілісте барлық аудан әкімдері жергілікті жерлерде әрбір ауылдық округтар бойынша осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап өтті.
Облыс басшысы өте маңызды іс қолға алынып отырғанын баса айтты.
– Суармалы жер көлемі ар­туымен егін шаруашылығын әр­тараптандыру жүзеге асырылып, өнімділігі жоғары, суды аз қажет ететін нарықта сұранысқа да­қылдар өсірілетін болады. Ол өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуеті артуына, азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар аудандарда әлеуметтік-экономикалық мә­се­ле­лерді шешудің, ауылды көркейтудің, кәсіпкерлікті жан­дан­дырудың, жаңа жұмыс орындары ашылуының бірден-бір тетігі. Сондықтан ешкімге де сал­ғырттыққа салынуға болмайды. Ма­мандар жаңадан іске қосылатын алқаптарға су жеткізу жолдары мен қандай дақылдар егудің тиімділігін анықтауы тиіс. Жергілікті жерлерде әкімдер осы жұмыстарды атқаруға қызығушылық танытқан инвесторларды тартып, тиісті ұсыныстарын беруі қажет, – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязовқа Су шаруашылығы комитетімен үнемі байланыста болуды, өңірге бөлінетін су көлемін кемітпеу жағын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Барлық әкімдер жобалардың экономикалық жағына мән беруі тиіс екенін айтты.
Мәжілісті қорытындылаған облыс басшысы аудандарға жаса­ған іссапар барысында бұл бағыттағы жұмыстарды өзі тіке­лей бақылайтынын және сала жетек­шілері мен әкімдер ай сайын есеп беріп отыратынын жеткізді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 сәуір 2019 г. 342 0