Ажал айтып келмейді. Бүгін бар тіршілік иесін ертең көрмеуің де мүмкін. Іштей мойындамасаң да бұрыннан келе жатқан шындық осы. Әсіресе, әскерилер қызметін ескерсек, оларға қауіп пен қатердің қай тұстан, қай уақытта соғатыны да беймәлім. Оған дәлел, кешегі Жалағаш жеріндегі қайғылы оқиға. Ақтаудан Шымкентке қарай ұшып шыққан МИ-8 әскери тікұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 13 экипаж мүшелері мен жауынгерлер түгелдей қаза тапты. Туған жерінен жырақта, Отан алдындағы қызметін өзге қалада абыроймен атқарып жүрген әскерилердің қазасына ана-анасы мен жарлары, балалары әлі де сенбейді.
Тосыннан болған қазаға аймақ жұртшылығы да ортақтасты. Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда әуежайында қаралы митинг өтіп, қайтыс болған сарбазда
рды туған жеріне жөнелтті. Митингке еліміздің қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және әскери қызметкерлер мен қала жұртшылығы да қатысты. Қаралы жиынға жиналғандар қайтпас сапарға аттанған 13 сарбазды бір минут еске алды.
– Әскери адам өмірі қашанда қауіп-қатермен байланысты. Олар соны саналы түрде қабылдап, Отан алдындағы өз міндетін толық түсініп қызмет ететінін ұмытпауыз керек. Бұл оқиға орны толмас қайғы. Әрі бұл бір отбасының ғана қайғысы емес, бүкіл отандасымызға ортақ қаза болып саналады. Мен барлық әскери бөлімдерге қайтыс болған сарбаздардың отбасы мен балаларына ұдайы көмек көрсетіп, әлеуметтік жағынан ешқандай мәселе болмауын қатаң түрде тапсырамын, – деді Қорғаныс министрі, генерал-мойор Н.Ермекбаев.
Марқұм болған сарбаздарды әскерилер арнайы ұшақпен туған жеріне бүгін жеткізеді. Сонымен қатар, Қорғаныс министрінің айтуынша қайтыс болған сарбаздарға арнайы мемориалдық ескерткіш орнату да қарастырылуда.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ