Жастар кәсіпкерлігі жанданады

 «Жастар жылында» жас буынға ерекше қолдау бар. Өңірде арнайы «Жол картасы» да әзірленді. Мұнда жастардың жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалануға қатысты мәселелерінің шешімі қарастырылған. Бұдан бөлек, жастар кәсіпкерлігін дамытуда серпіліс байқалады.
Бірқатар ауқымды бастамалар, қажетті шаралар қолға алынуда. Соның бірі ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, облыстық жастар саясаты мәселелері, кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған  «Адал бизнес – табыстың кілті» атты форумды айтуға болады.
Маңызды басқосудың форматы бұрынғы жиындарға қара­ғанда өзгеше болды. Шараға  облыс орталығы мен барлық аудандардан жастар қаржы ұйымдары тартылды. Жиында жастар кәсіпкерлігін дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жою мәселесі көтеріліп, кәсіпкерлікке арналған бағдарламалар мен гранттар жәрмеңкесі өткізілді. Бизнес өкілдері қажетті консультациялық кеңестер берді. Қатысушылар табыстың шы­ңына көтерілу жолымен танысып, «Бизнесті ең төменгі қаржы капиталмен қа­лай бастауға болады?» деген сауал­дарға да жауап алды. Ал, есте қаларлық жайт – 10 жас кәсіпкердің 6 процентпен 59 млн теңгенің несие сертификаттарын иеленуі. Ол аймақтық инвестициялық орталық арқылы қаржыландырылып отыр.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2019 г. 899 0