27 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңес өтті. «Egemen Qazaqstan» газеті бұл жиында Мемлекет басшысы сөйлеген сөз мәтінін жариялады.
***
Құрметті жиынға қатысушылар! - деп бастады сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз бүгін осы құрамда алғаш рет бас қосып отырмыз.
Қазір - өте жауапты кезең. Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз жүзеге асты.
Бұл - еліміздің баянды болашағы, қоғамның тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам.
Біздің стратегиялық мақсатымыз белгілі, міндеттеріміз айқын. Оны еш өзгеріссіз жүзеге асыратын боламыз.
Сөз басында бір мәселеге тоқталып өткім келеді. Ел тарихындағы Елбасының өлшеусіз еңбегін ұлықтау - бәрімізге ортақ парыз. Бұл - әділеттілік. Біз елордамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерттік. Бұл - өте дұрыс шешім, тарихи оқиға.
Мұндай мәселеге немқұрайлы қарап, асығыс және ойланбай әрекет жасауға болмайды. Сабырлылықпен, парасаттылықпен жұмыс істеу керек. Астана мен қалалардың көшелерін өзгерту тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде біздің Елбасының ерекше еңбегін көрсететін тарихи оқиға екенін тағы бір мәрте атап айтқым келеді.
Бұл - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің еңбегіне қатысты тарихи әділеттіліктің көрінісі. Осыған орай, мен астана әкіміне еліміздің бас қаласын қайта атауға байланысты бүкіл мүдделі қызметтер мен ведомстволардың жұмысын реттеуді тапсырамын. Ақпарат министріне аталған шешімді түсіндіруді жалғастыруды тапсырамын.
Ішкі істер министрлігі, ҰҚК-нің Шекара қызметі астананы қайта атауға орай бұған дейін берілген визалар мен рұқсат құжаттарға олардың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін ешқандай кедергілер мен бюрократиялық тосқауылдар қоймасын. Басты назар шекараның өткізу бекеттеріне, оның ішінде аэропорттарға, вокзалдарға, темір жол стансаларына аударылуы керек.
Президент Әкімшілігіне аталған жұмыстың орындалуын бақылауға алуды тапсырамын. Халыққа қайта атауға байланысты мәселелердің барлығы табиғи түрде, ешкімге қолайсыздық туғызбай жүзеге асырылатынын түсіндіру маңызды.
Құрметті кеңеске қатысушылар! - деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы.
БІРІНШІ. Экономикалық даму
Экономикалық өсім мен экономиканы әртараптандыруға қол жеткізудің шешуші факторлары инвестициялар, экспорт және индустрияландыру болып табылады. Мұнда мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ Орталық пен өңірлердің үйлесімді жұмыстары қажет.
Бұл әсіресе инвестициялар тарту секілді салада маңызды. Осы жылы Тікелей инвестициялар қоры құрылды. Сонымен бірге бірқатар облыста іскерлік белсенділікті тежейтін әкімшілік кедергілер мен шектеулер сақталып қалып отыр.
Іс жүзінде қазіргі сәтте әлеуетті инвестор қол жаюшы кейпін киген. Мұның жер алу, инженерлік және электр желілеріне қосылу, түрлі рұқсаттар алу мәселелеріне қатысы бар. Мәселелерді орта деңгейдегі әкімдіктерде конструктивті және жедел шешудің орнына сөзбұйдалық пен бюрократияға салу белең алған.
Осының салдарынан әлеуетті инвестордың салы суға кетіп, ол басқа елді таңдауға мәжбүр болады. Және бұл тек шетелдік қана емес, отандық инвесторларға да қатысты. Әкімдер мен Үкімет анықталған түрлі проблеманың жолын кесу үшін барлық мүмкіндікті қарастырып, тиісті лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі туралы шешім қабылдауы керек.
Тікелей инвестициялар қорына қатысты айтатын болсам, Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сондықтан мен Қор осы жылдың өзінде-ақ айтарлықтай нәтиже әкеледі деп үміттенемін.
Министрлер мен әкімдер тартылған инвестициялар көлемі мен шикізаттық емес экспорт олардың қызметін бағалауда шешуші көрсеткіш болатынын нақты түсінулері керек. Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдарды бағалауда қолданыстағы жүйеге тиісті өзгерістер енгізуі қажет.
Әрі қарай елдің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын қалыптастыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру керек. Бұрындары орталық мемлекеттік органдар құжаттарды көп жағдайда өңірлердің пікірін толыққанды есепке алмай жасайтын.
Өз кезегінде өңірлер де құжаттардың орындалуына әркез тиімді және жауапкершілікті негізде қарай бермейтін.
Осы жылы Елбасының тапсырмасы бойынша бізге орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған бірқатар бағдарламалық құжат дайындау қажет. Бұлар - елімізді 2030 жылға дейін аумақтық-кеңістіктік дамытудың болжамдық сызбасы, Өңірлерді 2025 жылға дейін дамытудың бағдарламасы және ИИДМБ-ның үшінші бесжылдығы. Әкімдер аталған құжаттарды жасау мен талқылауға белсенді кірісулері қажет. Оларда өңірлердің проблемаларын шешудің жолдары көрініс табуы тиіс.
Үкімет өзі тарапынан әкімдердің ұсыныстарын жан-жақты талқылау мен есепке алуды қамтамасыз етуі керек.
ЕКІНШІ. Азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасы
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі кезекте әлеуметтік әділетті мемлекет бағыты жалғастырылатынын айтты. Ол Елбасының Жастар жылының ашылуы мен Nur Otan партиясының 18-ші съезінде берген бес әлеуметтік бастамасы мен тапсырмаларының «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде кешенді жүзеге асырылатын болады. Әлеуметтік қолдаудың басқа бағыттары бойынша да жеделдеу қажет деп санаймын, деді Президент.
Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлеріне еңбекақыларын бір ай бұрын - 1 маусымнан бастап көтеруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады. Баспанамен қамтамасыз етуге қатысты айтсам, әлеуметтік әлжуаз азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдерге пәтерлерді үстіміздегі жылдың мамырынан бөле бастауды тапсырамын. Біз сондай-ақ әр қазақстандықтың өмір сапасын жоғарылату туралы ойлауымыз керек. Сондықтан халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерге назар аудару қажет. Бұл ТКШ саласындағы, яғни жылумен және сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, сондай-ақ жолдар, газдандыру мәселелері, экология және қауіпсіздік проблемалары.
Бұларды шешуге «Құтты мекен» және «Ауыл - ел бесігі» жобалары бағытталып отыр. Аталған жобаларды жүзеге асыруға алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылған. Үкімет пен әкімдерге бюджет қаржыларының нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырамын.
Бұл тек әлеуметтік мәселелерді ғана шешіп қоймай, сондай-ақ өңірлер экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлерге мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсендірек қатысу қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің 10-нан астам түрін көрсетеді.
Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен көмектесу, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3%-дан аз қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қолданыстағы бюджет теңдестірілмеген және қайта форматтауды талап етеді.
Бірінші кезекте, әлеуметтік құрамдас өседі. Оның толығу көздеріне сараптама жүргізілмейді.
Екіншіден, бюджеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажет емес шығынға жол беріледі. Біз бюджетке көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Осы жылы болмағанмен, келесі жылы міндетті түрде. Әкімдерге қажетсіз аса қымбат сатып алуларды, имидждік іс-шаралар мен сол сияқтыларды қаржыландыруды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік саясатты анағұрлым белсендірек жүргізу қажет.
Сонымен қатар халықтың нақты табыс проблемаларын тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінген жөн. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау - бұл өзінің бизнесін жүргізу мүмкіндігі немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алу.
ҮШІНШІ. Халықпен өзара ықпалдастықтың жаңа форматы
Тақырыпқа орай сөзінде Мемлекет басшысы билік басындағылар үшін қарапайым адамдардың әлеуметтік ахуалын білу және дер кезінде әрекет ету өте маңызды екеніне назар аударды. Яғни, уақыт тынысын сезініп отыру керек. Бұл әркез әсіресе, электоратты кезең алдында біздің басымдықтарымыз болып табылады.
Әкімдерге халықтың сұранысына жедел қайырылу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру, жағдайды басқара білу маңызды. Халықпен кері байланыс барлық жерде бірдей жолға қойылмаған, контактілі колл-орталықтар 17 әкімдіктің тек 4-еуінде ғана, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар.
Халықпен кездесулерде конструктивті сұхбат орнату көрсеткеніндей, көптеген проблемалы мәселені әкімдіктер тиісті деңгейде шеше алады екен. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімдерін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесулері және барлық елді мекендерді аралауы тиіс. Қоғамның қазіргі даму сатысында жүргізіліп жатқан реформалар мен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мәнін нақты әрі ұғынықты жеткізе білу әрбір басшыға қойылатын негізгі талапқа айналып отыр.
Кейде ең сауатты маманның өзі қарапайым ұғынықты тілде сөйлей алмайтынын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Сондықтан Мемлекеттік басқару академиясының базасында тиісті курстар енгізіп, оларға халықпен белсенді әрекеттестікте болатын барлық шенеуніктерді жіберу керек.
Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына кеңінен қамту, ашықтық және әрекет ету жеделдігін қамтамасыз ете отырып көшуді тапсырамын. Өңір басшылығының азаматтармен жеке қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Бұл ауылдан бастап, облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты, деді Қазақстан Президенті.
ТӨРТІНШІ. Жастардың елдегі өзгерістер процесіне қатыстылығы
Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент - Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағанын қаперге салды. Жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып саналады.
Биыл «Жастар - ел тірегі» арнаулы әлеуметтік жобасы іске қосылды. Ол жастардың кәсіпкерлігін дамытуға, сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға және жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тұтастай алғанда, жастарды жұмысқа орналастыруға байланысты тәжірибенің жоқтығы, іс жүзіндегі дағдыларының жетіспеушілігі, еңбекке бейімдеу қажеттілігі сияқты мәселелер әкімдер мен Үкімет тарапынан жіті назар аударуды қажет етеді.
Бұл мәселелер ұдайы бақылауда болуы тиіс. Барлық жүйелі мәселелер, соның ішінде заңнамаға өзгерістер, бюджеттік қаражат бөлу, инфрақұрылым салу осы жылдың ішінде - Жастар жылында шешілуі керек. Сондай-ақ орта білім саласында үштілділік бағдарламасын жүзеге асыру да өте күрделі және маңызды мәселе.
Ең алдымен, қазақ және орыс тілдеріне оқыту жүзеге асырылуы тиіс. Бұл біздің балаларымыз үшін өте маңызды. Содан кейін ғана ағылшын тілін үйрету керек, деді Мемлекет басшысы.
БЕСІНШІ. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Қазақстан басшысының сөзінше, негізгі міндеті азаматтардың құқықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ету болатын құқық қорғау жүйесін реформалау ісі белсенді сатыға көшті. Қазіргі ахуал әкімдіктер мен құқық қорғау органдардың өзара іс-қимылы мен жұмыстарын үйлестіруді күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл әсіресе әкімдердің полиция департаменттерінің бастықтарын тағайындау бойынша жаңа өкілеттіліктері аясында маңызды.
Соңғы кездері қоғамдық резонанс тудырған құқықбұзушылықтарда жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы байқалмады. Осыған байланысты оқиғаларға ұлтаралық сипат беруге тырысқан жекелеген талпыныстар айрықша алаңдатады. Мұндай арандатулардың жолы құқық қорғау органдары тарапынан да, идеологиялық шаралар арқылы да дереу кесілуі тиіс.
Түркістанға сапарым барысында айтып өткенімдей, сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресу қажет.
АЛТЫНШЫ. Ағымдағы жедел мәселелер
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымын тыңғылықты аяқтап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік сала нысандарының тұрақты қызметін қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті. Үкіметке қорытындыларды шығаруды және келесі кезеңге дайындық шараларын қабылдауды тапсырамын, деді ол. Тасқын суға қарсы шаралар жөнінде. Былтыр 5 өңірде шамамен 1,5 мың тұрғын үйді су алды. Зардап шеккендерге күш-жігер біріктіріп, көмек көрсетілді. Үкімет пен әкімдер өңірлердегі су тасқынының алдын алу шараларын қабылдауы қажет.
Су қоймалары мен өзендер мониторингін ұйымдастырып, гидротехникалық нысандарға ревизия жүргізу және кез келген жағдайға дайын болу керек. Оңтүстік облыстарда көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Туындаған барлық мәселені уақтылы шешу қажет. Жоғары сапалы тұқыммен, тыңайтқыштармен және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету барысын бақылауда ұстау керек. Қаржылық қиындықтарға душар болған, проблемалы ірі агрохолдингілер мен шаруашылықтарға айрықша назар аударған жөн.
Ондағы көктемгі егіс жұмыстары толық көлемінде және мерзімінде атқарылуы тиіс. Үкімет пен әкімдерге тыңғылықты даярлануды және көктемгі егіс жұмыстарын айналымға барлық егістік алқаптарын мейлінше қамти отырып, сапалы жүргізуді тапсырамын.
* * *
Тұңғыш Президент - Елбасының дана саясатының арқасында біз ең қиын уақыттардан жеңімпаз болып шықтық, өсімнің оң қарқыны мен халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз еттік.
Қазір осы қарқынды барлық бағытта сақтап, жұмыс тәсілдерін жетілдіру және межеленген жоспарлар мен міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат - азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру.
Президент Әкімшілігіне бүгінгі барлық тапсырманы бақылауға алуды тапсырамын. Нақты нәтижелер күтемін және сәттілік тілеймін, - деп қорытты сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.