Өткен жылы облыс орталығында қауіпсіздік саласын цифрландыру мақсатында «112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік» қызметі жобасы жүзеге асты. Осы бағыттағы тағы бір жаңалық – тұрғындар енді мемлекеттік қызмет сапасын телефон арқылы бағалай алады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында сала өкілдері айтты.
Қызылордалықтар төтенше жағдай бола қалған жағдайда бір ғана нөмірге хабарлап, оқиға жайын айта алады. Ол -112. Осы нөмірді терсеңіз жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдайлар қызметі, авариялық газ қызметі шұғыл көмек көрсетуге дайын. Бұл қызмет тиімділігін облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Индира Ақжігітова атап өтті.
– Бұл қызмет аймағымызда пилоттық жоба ретінде енгізілді. Қазір ең сәтті жоба саналады. Бүгінде өзге аймақтардан келіп тәжірибе алмасуда. Бұл қызметтің негізгі мақсаты – адам өмірін сақтау. Бір сөзбен айтқанда уақыт жоғалтпау. Төтенше жағдай орын алған кезде 1 минуттың өзі маңызды екені сөзсіз. Уақытты тиімді пайдалануда 112 қызметінің көмегі көп. Жедел қызмет алаңында қазір 15 әмбебеп диспетчер және қоңырау түскен бойда әрекет ету, бригадаларды жіберу үшін 7 диспетчер қызмет атқарады. Тағы бір атап айтарлығы, қоңырау түскен бойда қажеттілігіне қарай бірнеше қызмет түрі көмекке барады. Мәселен, жол апаты орын алған жағдайда полиция қызметі, жедел жәрдем жедел түрде оқиға орнынан табылады – дейді ол.
112 қызметінің жедел жауап беруге дайын екеніне көз жеткізу үшін басқарма басшысы журналистер алдында қоңырау шалып көрді. Диспетчер уақыт созбады, бірден жауап берді. Биыл 109 қызметі іске қосылмақ. Бұл қоғамдағы өзге де мәселерге жедел жауап беріп, шұғыл шешім қабылдайды. Мәселен, көшеде шашылып жатқан қоқыс, беймезгіл уақытта пәтердегі жылу жүйесінен су кету, өшіп қалған жарық және тағы басқа мәселелерге жедел көмек көрсететін қызмет түрі жақында іске қосылмақ.
Ал, мемлекеттік қызмет сапасына көңіл толмаған жағдайда арызданып уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Ұялы телефоныңызға «DIGITAL AGENT» қосымшасын жүктеп алып, сол мезетте баға беруге және мәселені тиісті орынға жеткізуге болады. Қызмет алушының шағымына тиісті мекеме 5 минут ішінде жауап беруі тиіс. Олай болмаған жағдайда ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері хабарласып, мәселені анықтайтын болады.
– Қосымша арқылы халық мемлекеттік қызметке баға беруді үйреніп қалды. Көбіне кезектің көптігі, компьютерлік бағдарламалардың баяулығы жайында шағым айтып жатады, – дейді аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті, мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғалымжан Ілкібаев.
Бүгінде мобильді қосымшаға еліміз бойынша барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары қосылған.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
«Сыр бойы»