Есімі ұлыс күні қойылған ұл

Наурыз – береке мен тірліктің, теңдіктің, жақсы тілектің, қайта түлеудің тойы. Бір кездері тоталитарлық жүйенің әсерінен бұл мейрамды тойлауға тыйым салынғаны белгілі. Араға 62 жыл салып ел жадында қайта жаңғырды. Жалпыхалықтық мереке болып тойланды. Ал, Сыр халқы 1989 жылдан бастап мейрамдай бастады.

Ұмыт болған ұлыс күнін алғаш­қылардың бірі болып Қар­мақшы ауданы, Т.Кө­мек­баев ауылының тұрғын­дары да ерекше ықыласпен қарсы алды. Салт-дәстүрді, ырым-жо­ралғыларды қайта түлетіп, жо­ғары деңгейде өткізді. Бүгінгі біздің әңгімеміз осыдан отыз жыл бұрын  мерекеде аты қойылған Нау­рыз Дүрманов жайлы болмақ.

Айтып өткендей, көптен күткен Ұлыстың ұлы күні ауыл тұрғындары ат қою рәсіміне айрықша көңіл бөліпті. Алаңға жиылған халық алдында ауыл ардагері Қасым Жүсіпов пен Тән Түменбаевалар екі сәбиге есім береді. Соның бірі бүгінгі елдің баласы болып, өнерімен барша жұртты таңдай қақтырып жүрген асаба Наурыз болатын. Ол осындай биікке жетуі сол уақыттағы елдің, халықтың батасының арқасы деп біледі.

– Менің есімімді дүбірлі тойда еңбек ардагері, ел бас­қарған Тән Түменбаева апамыз қойған. Үлкендерден естуімше, сол уақытта менімен бірге Әйгерім есімді қызға да ат қойылса керек. Бірақ, Әйгерім ерте шетінеп кеткен көрінеді. Айтулы күнде ныспы беріп, халықтың батасын алғанымды мақтанышпен айтып жүремін. Өйткені, қандайда бір жетіс­тікке жетсем, белестерден өтсем ол менің туған жерімнің, елімнің берген тілектестігінің, батасының қабыл болғандығы деп ойлаймын, – дейді Нау­рыз.

“Батаменен ел көгерер, жаң­быр­менен жер көгерер” деп халқымыз бекер айтпаған. Баталы елден аталы сөз қалады. Сол мәйекті сөзді тірлігінің тұтқасы еткен Наурыз қазіргі таңда аймақтың ғана емес, елдің мақтанышына айналған азамат. Сырдың елін ән-жырға бө­леген кейіпкерімізге біз де өз кезегімізде болашағының жар­қын болуына тілектестік біл­діреміз.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 наурыз 2019 г. 864 0