« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жарыққа шыға бастағанына биыл 90 жыл толатын «Сыр бойы» газеті аймақтың хатқа түскен шежіресі іспетті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық, рухани өміріндегі арғы-бергі тарих сарғайған парақтарда сайрап тұр. «Сыр еліндегі Наурыз мерекесі жарты ғасырдан астам үзілістен кейін алғаш рет қалай және қашан аталып өтті?» деген сұрағымызға жауапты осыдан 30 жыл бұрынғы тігіндіден таптық. 1989 жылы сәуір айының басында Қызылорда қаласының орталық алаңында Ұлыстың ұлы күні тұңғыш рет тойланды.
Газетіміздің сол 1989 жылғы наурыз айындағы нөмірлерінде «Наурыз – жыл басы, еңбек мерекесі» деген айдар пайда болып, «Үлгі тұтар дәстүр» атты мақалада Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылының мерекеге әзірлігі суреттелген. Кейінгі нөмірлерде «Ежелгі дәстүр өркені», «Ел қуанышы», «Көктем шуағындай», «Көктем салтанаты», «Қайта оралған той» деп аталатын мақалаларда Наурыз мейрамының аудандар мен облыстың еңбек ұжымдарындағы аталып өткені туралы жазылған.
Облыс орталығындағы алғашқы Наурыз мерекесінің сәуірдің басында тойлануына не себеп болды? Бұл сұрақтың да жауабы басылымда сақтаулы екен, яғни 26 наурыз күні СССР Халық депутаттарының сайлауы өтіпті. Шамасы, ұйымдастырушылар аса жауапты саяси науқанды атқарып алған соң халықтық мерекеге көңіл бөлгенге ұқсайды.
Содан бір жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1988 жылы 30 наурыз күнi еліміздің сол кездегі астанасы Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс паркiндегі тұңғыш Наурыз мейрамына жүз мыңдай адам жиналған еді. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Наурыз нағыз ұлттық мерекеге айналды.
«Сыр бойының» 1989 жылғы 4 сәуірдегі нөмірінде жарияланған «Наурыз мерекесінің шеруі: Қызылорда қаласындағы В.И.Ленин атындағы орталық алаңда болып өткен Наурыз мерекесінен репортаж» деген тақырып бірден көзге түседі. Репортажды газет тілшілері Ж.Қожабергенов пен Т.Еңсегенов «сағынтып жеткен Наурызды сазды әуен, сал домбырамен алты жасар баладан еңкейген кәріге дейін құшақ жая емірене қарсы алып жатыр Сыр елінің мейірманды ел-жұрты» деп бастапты. Халықтың асып-тасыған көңілінен «кеткеніміз келді, кемтігіміз толды, өшкеніміз жанды» деген ойды оқып, ақ тілеулі ағайын жаудырған тілек-баталарды әңгімеге өзек еткен. «Алаңда ине шаншар жер жоқ. Лық толы халайық. Буы бұрқыраған палау, екі иығынан деп алған самаурын. Жаныңызға не керек, бәрі-бәрі тұр. «Жыл басы» атты әдеби-музыкалық композиция, қыс пен көктемнің ауысуы, ардагерлер мен сәбилердің шынайы жүздесулері, Алдаркөсе, Қожанасыр, Тазша бала және көркемөнерпаздар үйірмелерінің кезек-кезек өнері орталықтағы сахна төрін бір босатпады» делінген.
Алғашқы Наурыз мерекесінде пікір білдіргендер қатарында қазір ел ағасына айналған әйгілі жырау Алмас Алматов та бар. «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, термеші Алмас Алматов: – Алматыда өткен, сосын Қармақшының ауылдық жерлерінде тойланған Наурыздың куәсімін. Әрине, астанамен салыстыруға болмас, бірақ өз ауылымдағы мереке нағыз халықтық сипатта өтті. Жырау жігіттер жараулы атқа қонып, таңсәріден көше-көшені аралап, Наурыздың басталғанын жырмен хабарлады. Әр көше өзінше бәйгеге ат қосқандай бөлек өткізді. Мереке соңы кім жақсы дайындалды деген бәсекеге, бас бәйгені жеңіп алуымыз керек деген құлшыныспен өтті. Өнер жарысы – өз алдына бір төбе» деп жазылған репортажда.
Содан бастап сәуірдің соңына дейін жер-жерде тойланған Наурыз мерекесі туралы хабарлар газет бетінде үзбей жарияланып тұрыпты. Жаңару мейрамының осындай жалпыхалықтық сипат алуы Наурыздың ұлттың тамырында сақталғанын, санада жаңғыратын уақытты күткенін байқатты.
Негізі 1921 жылы 5 наурызда Орынборда өткен Казақстан Автономиялы Республикасы орталық атқару комитетінің төралқа мәжілісінде Құрбан айт пен Ораза айтқа 3 күн, Наурыз мерекесіне 1 күн демалыс беру туралы қаулы қабылданған. Арада 5 жыл өткенде, яғни 1926 жылы Наурызды тойлауға мүлде тыйым салынған екен.
Ал 2010 жылдың 10 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп атау туралы қарар қабылдады. Сол жылдан бері елімізде Наурыз мейрамы 3 күн бойы, яғни 21-23 наурыз аралығында ресми түрде тойланады. Ал ЮНЕСКО 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
Жыл келгеннен жақсылық, ізгілік күтетін әдетімізбен тарихтың тағы бір парағын жабамыз. Табиғат-ананың оянғаны, Жер-ананың бусанғаны тіршілік атаулыға жан бітіреді. Отыз жыл бұрын қайта жаңғырып, халыққа қуаныш сыйлаған Наурыз сол кезден бері жұртшылықпен бірге жасасып келеді. Үміттерді жалғаған, тамырымызды тереңдеткен, берекені тасытқан Ұлыс күні бар игіліктерге бастау болғай!
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |