ҚР Тұңғыш Президенті мәлімдемесі ел күтпеген оқиға болды. Сайлау мерзімінен бұрын мұндай шешім қабылдау дара тұлғаларға ғана тән шешім, ерлікке пара-пар ұйғарым деп ойлаймын.
Енді Елбасының бүгінгідей батыл шешім қабылдағандағы ерлігі неде дегенге жауап іздеп көрелік. Осы орайда менің ойыма ағылшын тарихшысы А.Тойнбидің «сұрақ-жауап» деген теориясы оралады.
Тойнби: «әрбір Дәуір сол кезеңдегі қоғам алдына Сұрақ тудырады. Саяси элита сол сұрақты дұрыс шешуі тиіс. Басқаша болғанда бұқара халықтың оған деген сенімі жойылады... арты үлкен сілкіністерге әкеп соқтырады» дейді.
Осы ойдың желегін өрбітсек, Елбасы өз уақытында Дәуір қойған Сұраққа толық жауап бере алды. Өзінің мемлекет басшысы және Ұлт көшбасшы ретінде азаматтық, саяси және перзенттік миссиясын толық орындады деп ойлаймын.
Тарлан тарих әрине, келешекте өз бағасын бере жатары анық. Қалай десекте, тұңғыш Президентіміздің Тәуелсіздік алдық дегенмен тұралап қалған мемлекетті азулы елдер қатарына қосқаны,«өз қолымызды өз аузымызға» жеткізгенін ешкім жоққа шығара алмас. Тұңғыш Президентіміздің ел алдында жасаған ерен де қайталанбас ерлігі осы деп түсінемін. Бұл ерлікті бүгінгі шындық өмір, ертеңгі тарих мойындайды деп сенемін.
Нұрлыбек Мыңжас,
Облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығының жетекшісі