ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Елімізде жүзеге асырылып жатқан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын көтеру, өндірістің, басқа да салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тұрғындарды сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінде де қарқын алып келе жатқаны белгілі. Тек өндіріс емес, ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде мал шаруашылығын, әсіресе ет өндіру саласына да ден қойылып отыр қазіргі таңда.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев өңірде мал шаруашылығын дамытуда жем-шөппен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігін үнемі айтып келеді. Осы орайда, бүгінгі күні Қызылорда қаласында "Жан Арай Жем” ЖШС жүзеге асырып жатқан "Қуаттылығы тәулігіне 80 тонна құрама жем зауыты” жобасының алар орны бөлек болғалы тұр.

ҚҰРАМА ЖЕМ ЗАУЫТЫ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫБұл зауыт Қызылорда қаласының оңтүстігіндегі өндірістік аймақта орын тепкен. Аумағы 10 гектар жерді алып жатқан индустриялық аймақтың 2,5 гектары аталмыш зауытқа берілген екен. Зауыт құрылысымен таныстырған кәсіпорын директоры Мұрат Әйменов құрама жем зауыты үш бөліктен тұратынын жеткізді. Бірінші блокта жем шығарылатын болса, қалған екі блокта шикізатқа және дайын өнімдерге арналған қоймалар орналасатын болады. Қазір осы үш блокты біріктірген жем зауытының ғимараты толық аяқталған. Мұнда бүгінгі күндері негізінен сылақ жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жүргізіп жатқан "Қызылорда-Строй-груп” ЖШС-ның прорабы Мақсұт Молтаев нысан басында 92 адам жұмыс істеп жатқанын айтты. Зауыттың жобасын жасаған "Санжар-Проект-Сервис” ЖШС-ның жобалаушылары болса, ғимараттың металл конструкцияларын құрастырып берген "Техоснастка” ЖШС мекемесінің құрастырушылары.

М.Әйменов зауыт ғимаратының ішкі құрылыс жұмыстары бітісімен жем шығаратын қондырғыларды құрастыру жұмыстары басталатындығын айтты. Иә, айтпақшы, құрама жем зауытында Германияның "Петкус” фирмасының қондырғылары орнатылады. Қазір олар толықтай жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізіліп, өзінің құрастырылу сағатын күтіп тұрған жайы бар. Оны германиялық мамандардың өздері жүзеге асырады. Келісім-шартта солай көрсетілген. Бұл жұмыстар шамамен бір айдан кейін басталады деп жоспарланып отыр.

Құрама жем зауыты құрылысы Қызылорда қаласының Индустрияландыру картасына енгізілген нысан. Ал өңірлік Индустрияландыру картасындағы жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары, атап айтқанда, "Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы аясында қолдаулар көрсетіліп жатқаны белгілі. Міне, сондықтан құрама жем зауытына инженерлік желілер жеткізу үшін, яғни электрмен, сумен, газбен жабдықтауға, кәріз жүйесін жеткізуге бюджеттен 156,1 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілгенін айта кету керек. Сол секілді жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын 375,9 млн. теңгенің 49 пайызын "Байқоңыр” ӘКК қаржыландырса, қалған 51 пайызын серіктестік өзі тауып отыр.

Кәсіпорын директоры әңгіме барысында мұндай зауыттың Қазақстанда әзірге баламасы жоқ екендігін мақтанышпен жеткізді. Жем шығаруға қажетті шикізаттар қатарында күріш, бидай, жүгері, сафлор, күнбағыс дақылдары бар. Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастағанда тек өзіміздің фермерлерді ғана емес, өзге аймақтағы ірі қара малымен айналысатын шаруашылықтар тапсырыстарымен де жұмыс істемек.

Байқаған адамға зауыттың өңіріміз үшін берері мол болмақ. Біріншіден, ірі қара малын өсіруші шаруашылықтар сапалы және құнарлы жемді бұрынғыдай алыстан тасымалдамайтын болады. Екіншіден, зауытта жаңадан 60 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, зауыт жұмыс істей бастауымен оған шикізат молынан қажет. Сол қажеттіліктерді өндіруге жергілікті шаруашылықтар да атсалысуға кірісетіні анық. Зауыт өнімі аймақта тек қана мал шаруашылығы емес, сонымен қатар құс, балық өсіретін шаруашылықтардың дамуына да ықпал етеді деп күтілуде.

Сонау ауыл шаруашылығы өркендеген кеңес заманы кезінде Қызылордада құрама жем зауыты болмаған еді. Енді елімізде баламасы жоқ зауыт биыл іске қосылады.

 

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ 10 маусым 2014 г. 1 392 0