Әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық парыз

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жергілікті бизнес қауымдастығы және жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өкілдерімен кездесті.

Аймақ басшысы алдымен жиынға қатысушыларды Ұлыс­тың ұлы күнімен құттықтап, мерекенің ынтымақ пен бірлікті арттырудағы маңызын атап өтті.

– Бұл күндері халқымыз дәстүр бойынша қолдауға мұқтаж жандарға көмектескен. Наурыз мейрамының қар­саңында біз де тұрмысы төмен отбасыларға қолұшын беруге тиіспіз, – дей келе, облыс әкімі кәсіп иелері мен мұнайшыларды ізгі іске атсалысуға шақырды.

Елімізде әлеуметтік сала­ны дамытуға әркез көңіл бө­лініп келеді. «Нұр Отан» пар­тиясының кезекті XVIII съезі партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: он­жыл­дықтың 10 мақсаты» ат­ты жаңа бағдарламасының қа­был­­дануымен айшықталды. Бағ­дар­лама халықтың әл-ау­қатын жақ­сарту, тұрғындардың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталды. Осы орайда әлеуметтік мәселелерді шешуге республикалық бюд­жет­тің 45 проценттен астам бө­лігі жұмсалмақ. Қызылорда об­лысы бойынша бюджет қар­жысының 60 проценттен астамы аталған саланы дамыту үлесінде.

Аймақ басшысы көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету – бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі әрі аза­маттық парыз екенін жеткізді.

– Шын мәнінде қолдауға зәру жандардың жағдайымен санасып, оларға демеу болу – бізге сын. Осындай сәттерде сіздер де қайырымдылық үлгісін көрсетіп, қолдан келгенше аянып қалмайды деп сенемін. Бұл жұмысқа барлық аудан әкімдігі де қосылады. Жергілікті кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің шараға белсене қатысуына бастамашы болуы қажет, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында бизнес қауымдастық өкілдері, мұнай компанияларының басшылары бастамаға қолдау білдірді.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2019 г. 343 0