« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында ІХ «Наурыз кездесулері» өтті. Ғарышқа, ғылымға қатысты әлемдік трендтерді талқылайтын жиынның «жер кіндігі» саналған Байқоңырдан бастау алуы заңдылық сынды. Наурыз кездесулеріне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, қазақстандық ғарышкерлер, Халық қаһармандары Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, NASA және SpaceX ұйымдарының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Жастар жылы қарсаңындағы жиынға республикадан зияткерлік мектептердің 200-ге жуық оқушысы жиылған. Бұл жолы жас ғалымдар қазір әлем бойынша аса маңызды, халықаралық ғарыш станциясын қоқыстардан тазарту, ғарышкерлерге – тамақ, медицина және арнайы техника үшін жағдайды оңтайландыру жолдарын ұсынды. Шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастардың білімі, біліктілігі кез келген елді дамытушы ең маңызды ресурс екенін атады.
– Сыр өңірі – адамзаттың айға ұшар арманы орындалған өміршең өлке. Соның белгісі, «Байқоңыр» ғарыш алаңында қаншама ұлт пен ұлыс өкілі өз арманын орындап, айға аяқ басты, әлемдік зерттеулерге жол ашты.
Біздің облыс аумағында 12 ұшыру алаңы орналасқан, олардан аты аңызға айналған «Восток», «Союз» және «Боран» кемелері ғарышқа аттанған. Сондықтан «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» ІХ «Наурыз кездесулері» адамзат ғарышқа қадам басқан Шығыс өркениеті орталықтарының бірі, әйгілі Қорқыт ата мекенінде өтуі бекер емес, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде Қызылорда – еліміз бойынша әлеуметтік салаға ең көп қаржы бөліп отырған аймақтың бірі. Соның ішінде білім саласына бюджеттің барлық шығындарының 38 проценті тиесілі. 2018 жылы ауылдық жерлердегі аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан дарынды түлектерге арналған облыс әкімінің білім гранттарының саны екі есеге артып, 205-ке жетті. Қазір грант иегерлерінің саны 900-ге жуықтаған. Нәтижесінде, екінші жыл қатарынан облыс бойынша мектеп түлектерінің 97 проценті жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсті. Сондай-ақ, 2014 жылдан бастап Сыр елі мектептерінің 500-ден астам түлегі Ресей Федерациясы гранты есебінен Ресейдің жетекші инженерлік ЖОО-да білім алу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы алғашқы жас мамандар елге оралып, аймақтағы кәсіпорындарда еңбек жолын бастады.
«Наурыз кездесулерінде» ғарышқа үш рет ұшқан Талғат Мұсабаев балалық арманы және есімінің ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің құрметіне қойылғаны туралы айтып берді. Ғарышқа негізінен 25-27 жастағылар ұшса, ол алғаш рет 40 жасында ұшып, еліміздің ғарыш саласының қалыптасуына үлес қосқан.
Ал Айдын Айымбетов қалаға кіргеннен-ақ қарқынды даму байқағанын әрі осы жиында дарынды оқушылармен кездескеніне қуанатынын, болашақта бұл таныстықты мақтан тұтатынын айтты.
Жиында оқушылар ғарыш саласына қатысты 80-ге жуық жоба қорғады. Бас жүлде алған оқушыларға арнап Алматыдағы Халықаралық ІТ университеті және Астана қаласында биыл ашылатын халықаралық ІТ университеті, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университет грант ұсынған. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, NASA және SpaceX ұйымдарының ғылыми қызметкерлері екі күн бұрын келіп, оқушылардың жобаларымен арнайы танысқан. Әлемдік деңгейдегі ұйымдардан маман шақырудың мақсаты біздің елде ғарыш саласы бойынша зерттеулерге жол ашу еді. Әсіресе, олар планеталар арасына баратын марсаходты дайындаған оқушының жобасына қатты қызыққан.
Қазір Жерден басқа адамзатқа қолайлы ғаламшар Марс қана. Бірақ арақашықтық айтарлықтай ұзақ, Марсқа жету үшін 270 күн қажет. Осы мәселені тиімді шешу үшін Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ерхан Еркін көпмодульді орбиталық станция жобасын таныстырды. Жер мен Марс арасына мұндай станцияларды қою 80 процентке жуық бөлігі жанармаймен толтырылатын ракетаның енді одан едәуір аз жанармай алуына мүмкіндік береді. Ал станциялардың басты артықшылығы жасанды тартылыс күшінің болуында. Мұнда тұрақтаған ғарышкерлер бой жазып, дене шынықтырумен айналыса алады. Тіпті энергия алатын күн панельдері, жылыжай орналастырылған.
Ғарышта су мұз күйінде ғана кездесетіні белгілі. Сондықтан Талдықорғаннан келген Дильназ Жемісбек тас түріндегі мұзды ерітіп, сұйықтыққа айналдыратын құрылғы жасаған.
Оқушылар жиында мәлім де бәймәлім аспан әлемін тану мақсатындағы бір-біріне ұқсамайтын жаңалықтарымен ерекшеленді. Наурыз кездесулерінің алғашқы күнінде мұнан өзге SpaceX және NASA ұйымдарының ғарыш жүйелеріндегі тәуекелдер мен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы Майкл Лутомски мен NASA ғылыми қызметкері Правин Пратапанның қатысуымен пленарлық мәжіліс өтті.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |