Ізгілік пен бірліктің белгісі, күн мен түннің теңелер шағы – әз Наурыз мейрамы да келіп жетті. Жаңару, ынтымақ пен ырыстың мерекесі атанған бұл күні барша жұрт бір-бірін жыл басымен құттықтап, түрлі шара ұйымдастырылады. Соның бірі Сырдария ауданындағы Шаған ауылында өтті.
Дүбірлі тойда «Шаған-жер» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Бердібек Қадыров ауылдастарына жылы лебізін білдірді.
Халық күнделікті қарбалас тіршіліктен бір сәт босап, тағы бір жылдан аман-есен өткендеріне шүкіршілік айтуда.
– Салт-дәстүр дәріптелетін, ынтымақ пен мейірімділік шарықтайтын бұл мерекенің орны қазақ халқы үшін ерекше. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, Наурыз құтты болсын! – деді ауыл әкімі Ұлбала Әбдіраманова.
Бұл күні барша жұрт өкпе-ренішті ұмытып, ағайынмен бір дастархан басында қайта табысады. Бір-біріне бақыт пен береке тілейді. Келер жылдан кемелдік тілеп, амандық айтып, ақ пейілдерін арнайды. Бұл кезеңді біздің халқымыз береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мезгілі санайды.
Мерекелік шарада 5 киіз үй, 2 шатыр тігілген. Көктемнің ақ жауыны себелеп, аспаннан нұр құйғандай. Ауа райының өзгергеніне қарамастан, көше бойлап, орталық алаңға беттеген үлкен мен кішінің жүздері жарқын. Бір-бірімен әзілдесіп, ізгі тілектерін тоғыстырған жұрт театрландырылған қойылыммен бастау алған шарада ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Қазақтың мамыражай тіршілігін суреттеген шағандықтар әсем табиғаттың аясында жүнін иіріп, киізін басқан ақ жаулықты әжелеріміздің шебер қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдарын халық назарына ұсынды. Жалпы, қазақ дәстүрінің қайсысы да аса құнды. №37 мектеп-лицейінің ұлағатты ұстаздары қазақы үлгідегі ақ жаулықпен алаңға топ құра шығып, дүйім жұртқа шашу шашып, той-думанның ажарын кіргізді.
Ал, «Алас, алас,
Мың бір пәледен алас,
Жүз бір қатерден алас», – деп, ақ әжелер пәле-жәле жерге енсін деген ниетпен айналасын адыраспанмен аластап өтті. Адамдарға дәулет дарытып, бақ қондырады дейтін ізгі сеніммен астасып жататын әулие бейнесі Қыдыр ата да Наурыз-думанның ортасына келіп, жұртшылыққа ақ батасын берді.
Одан бөлек, қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, бөренеге өрмелеу сынды спорттық ойындары өткізіліп, әр киіз үйдің алдында қымызмұрындық, киіз басу, тұсаукесер, айдар кесу, жастар ауылы және келіндер шеруі секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен қойылымдар қойылды. Киіз үйдің ішінде термешілер терме айтып, күйшілер күй орындап, жыраулар жыр төкті.
– Ақ дастархан дәмге толып, үлкендер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жәле жерге енсін» деп ақ бата берген. Осындай шынайы тілек, ізгі лебізден асқан жақсы сөз бар ма?! Сондықтан баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт өмір, молшылық тілеймін, – деді ауыл ақсақалы, ардагерлер ұйымының төрағасы Зұлқарнай Тасбергенов.
Шынар БЕКБАН,
"Сыр бойы".