« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жанқожа батыр ауылы – аудан көлеміндегі ең көрікті елді мекендердің бірі. Ауыл іргесіндегі арнасынан асып, шалқып жатқан Ащыкөл, асфальт көшелер, түнгі жарықпен безендірілуі, еңселі салынған нысандар, жаз мезгіліндегі жайқалған жасыл желектер, әсем саябақ бұл күнде ауыл тірлігінің жақсара бастағанын аңдатады.
Аудандағы елді мекендер арасындағы жалғыз «халық театры» атағы бар мәдениет үйі де осында орналасқан. Марат Жақсылықов есімді азамат басшылық жасайтын мәдениет ошағының ауласына бас сұқсаңыз, желмен тербелген сыңсыған талдар жаныңды жадыратады. Ауыл орталығындағы биік стелла, Жанқожа Нұрмұхамедұлы мен Ақтан Ақайұлы бабамыздың бейнесі, жұртшылықтың жұмылуымен салынып жатқан «Сарқұл қожа» атындағы мешіт көңіліңе шаттық құйып, ертеңгі күнге нық сенім ұялатады. Ауыл тұрмақ, кейбір аудан орталығының өзінде кездесе бермейтін спорт кешенінде Ғанибек Рзабай бастаған білікті бапкерлер жас спортшылардың шеберлігін шыңдауда. Кезінде грек-рим күресінен атағы Кеңес одағына танылған Сәбит Болатов түлеген ауылдан келешекте Олимпиада шыңын бағындырар саңлақтар шықса, кездейсоқтық саналмас.
Жағымды жаңалықтар легі мұнымен шектелмейді. Жанқожа батыр ауылы облыстық «үздік ауыл» байқауында жеңімпаз атанғанын, округ әкімі Сапарбек Қуатовтың аймақ басшысының қабылдауында болып, 10 миллион теңгенің сертификатын иеленгенін бұған дейін де жазған едік.
Елді мекендегі танымал спортшы, білікті педагог Алик Тілеумбетов басқаратын №94 мектеп ұжымы қандай да мақтауға лайықты. Шәкірттерінің өнер, білім саласындағы алған асулары тым қомақты. Мектеп ұжымы аудандық, аймақтық спорт жарыстарын, түрлі шаралар өткізуде қашанда ұйымшылдық танытады.
Жуырда ауыл ұстаздары тағы да белсенділік танытты. Мектеп мұғалімі Рамазан Нұрымның дәстүрді дәріптеудің үлгісі ретінде ұлттық киім киіп жүру туралы ұсынысын әріптестері бір ауыздан қолдады. Мектеп ұжымы қазір жұмысқа ұлттық киіммен келеді. Мұндай қадамның өскелең ұрпақтың зердесіне отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, ұлтжандылыққа баулуға тигізер септігі де аз емес.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Жанқожа батыр ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |