Қызылордада күн жылынып, көктемгі жаймашуақ ауа райы салтанат құрды

Сыр өңірінде соңғы күндері күн қабағы жайдары мінез танытып тұр. Қазір Қызылорда облысының басым бөлігінде ауа райы жаймашуақ, жылы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дария бойындағы дүйім ел жердің тоңы жібіп, күн қабағы жылығаннан кейін Сырдария өзеніндегі су деңгейіне алаңдайтын еді. Биыл облыстың оңтүстік бөлігінде бет қаритын суық болған жоқ. Сондықтан дарияда мұз қатпады. Бұл көктем келгенде дарияда су жүруіне кері әсерін тигізбеді. Қысқы қар да ақпан айының ортасына таман толық еріп кетті. Қазіргі күндері Қызылорда қаласы мен облыс аудандарында алғашқы сенбілік өткізіле бастады. Жергілікті тұрғындар су жолдарын реттеп, тал егу мақсатында жер дайындау шараларына көңіл бөліп отыр. Ақпанның соңғы және наурыздың бастапқы күндері жергілікті тұрғындар аз-маз аяздың ызғарын сезінген болатын. Наурыз айының екінші онкүндігі жаңбырлы болды. Соңғы бір-екі күнде нөсер елді аздап әбігерге салып қойды.
Дәл бүгінгі ауа райы ерекше болып тұр. Ауа температурасы түс әлетінде +13 +15 градусты көрсетті. Алдағы күндерде де дәл осындай күн райы сақталады деген жорамал бар. Бұдан бұрын бүгін Оралда қар жауып тұрғаны айтылды. Сондай-ақ, алматылықтар Наурыз мерекесіне дайындық жүргізіп жатқаны хабарланды.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 наурыз 2019 г. 756 0