Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау шараларын күшейту керек. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға деген көмек барынша сезілуі шарт. Бұл – Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезіндегі тапсырмасы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев осы тапсырманы орындау барысында атқарылып жатқан бастамалар жайын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатып айтты.
– 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен 70 процентке, яғни 14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін көтеріледі. Оны тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ, балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алынып тасталады. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады, – деді басқарма басшысы.
Спикер сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілетінін де жеткізді. Бұл үшін Е-халық ақпараттық жүйесі қолданылмақ. Ақпараттық жүйелерде тиісті мәліметтер, туу туралы куәлік, жеке куәлік болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің және кенттердің әкімдіктері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратып алдырады. Нәтижесінде облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатын адамдардың саны 2 есеге, 34312 адамнан 60862 адамға дейін артады деп күтілуде.
Жиын барысында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетов мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға немесе қамқоршыға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 30 процентке көбейетінін айтты. Осыған орай өңірде 4925 адамның алатын жәрдемақы мөлшері 1 шілдеден бастап 41578 теңге болатынына тоқталды. Сонымен қатар Президенттің кезекті Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыруға зор мән берілуі тиіс» деген тапсырмасына да ерекше ден қойылғанын, жақын арада департамент облыстық мүгедектер қоғамымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоятынын атап өтті.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.