Жақында ҚР Президентінің тұңғыш қоры түрлі салалар бойынша үздіктерді марапаттады. Оның ішінде Сыр перзенті Аққали Зәкіров бар. Ол «Мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты» дипломымен марапататталды. Марапат иесі бүгінде Алматы қаласында еңбек етуде. Жұмыс орны мен тұрақты мекені Алатаудың баурайында болғанымен, оның өнері еліміздің барлық қаласына жетіп жатыр. Атап айталық, Аққалидың суретшілігі өзгелерден ерек. Ол кенепке емес, зәулім ғимараттың қабырғаларына сурет салады.
Нью-Йорк, Лондон, Париж секілді әлемнің ірі қалаларында жақсы дамыған стрит-арт кейінгі кезде бізде де үлкен өнердің бір саласына айналды.
Ол 2004 жылы Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер колледжіне оқуға түседі. 2007 жылы суретші Ержан Танаев екеуі «Tigrohaud crew» тобын құрып, стрит-арт өнерін дамытуға үлес қосып келеді.
– Мамандығым – кескіндемеші. Уақыт талабына сай заманауи сурет – көше өнерімен айналысамын. Шеберханада, тып-тыныш жерде жұмыс істейтін суретшіден ерекшелігіміз – көшеде, биік ғимарат қабырғасына сурет салатынымыз. Бұл оңай жұмыс емес. Бұл өнерді меңгеру үшін батылдық, шыдамдылық қажет. Себебі, биікке шығып сурет салу үшін бойдағы қорқынышты жеңу керек. Тағы бір қиыны, сурет салу барысында, әсіресе портреттер салу кезінде төменге жиі түсіп қарау керек болады. Мұнан бөлек, ауа райының кедергісі бар. Бірде ыстық, бірде жел дегендей. Біз тоғыз қабатты үйдің сыртына Абай атамыздың портретін салдық. Мұнан бөлек, Дина Нұрпейісова, Құрманғазы, Шәкен Айманов, Кәмшат Дөненбаева, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Айдын Айымбетов, Генадий Головкин, Серік Сәпиев сынды тұлғаларды бейнеледік,– дейді ол.
Биыл қабырғаға сурет салудан рекорд жасағанын да жасырмады. Әріптесімен бірге 10 күн ішінде 7-9 қабатты 3 үйдің қабырғасына сурет салып үлгереді. Мұндай жетістік – уақыт озған сайын шыңдалған шеберліктің жемісі.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Аққалидың бұл өнерге қызығуы бекер емес. Өзінің айтуынша, бала кезінде сурет салуға қызығушылығын мектеп тапсырмасы оятқан екен. Плакатқа сурет салу керек болса, мұғалімдер ойланбастан «суретшінің баласы» деп оның мойнына артып жібереді. Тапсырмадан бөлек, мультфильмдегі өзіне ұнаған кейіпкерлердің суретін жиі сала бастағанын байқаған әкесі, белгілі суретші-мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкіров «суретші боласың ба?» деп сұрайды. «Тек сурет салсам, өзге пәндерді оқудан құтыламын» деп ойлаған бала бірден бас изейді. Содан сәндік қолданбалы өнер колледжінің студенті атанады. Кейіпкеріміз ағылшын тілі, математикаға жүйрік болғанын да атап айтты. Байқампаз әке баласының бойындағы талантты ерте танып, әрдайым шығармашылығына қолдау білдіріп отырады екен. «Бір суретті салып бітірген кезде бірінші әкем баға береді» дейді суретшінің ұлы. Сондай-ақ көше бойында әрлі-берлі зуылдаған көлігін кілт тоқтатып, еңбегін тамашалап, алғыс білдіріп кететін тұрғындар ықыласы шабыт сыйлап, талай портреттің сәтті шығуына себеп болса керек.
Алайда, бұл жетістігіне тоқмейілсіген емес. Оның талайды тамсандырар туынды алдағы уақыт еншісінде дейтіні жетістікке масаттанбай, өзін әрдайым қамшылап отыратынын байқатады.
Әңгіме түйінінде алдағы жоспарын да жасырмады. «Ұлы тұлғалардың портретін өзім туған өлкеде салсам деймін» деген Сыр баласының туған жерді түлетуді перзенттік парыз санаған пейіліне риза болдық.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.