ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТА БОЛУ МАҢЫЗДЫ

Қызылордада «Үлгілі ауыл» конкурсының нәтижесі белгілі болды. Аппарат мәжілісінде жеңімпаздарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев марапаттады.

Конкурс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағыты аясында аймақ басшысының бастамасымен өткізілді. Мақсат – қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерін шешуге жұртшылықтың жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету. Арнайы жұмыс комиссиясы бағалау барысында көгалдандыру, абаттандыру шаралары мен санитарлық тазалықтың жай-күйін назарға алды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Әбдуәлиевтің айтуынша, конкурсқа қалалық, аудандық кезеңде озық шыққан барлығы 13 елді мекен қатысқан. Олардың арасынан тірек ауылдық елді мекендер санаты бойынша Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылы, ауылдық елді мекендер санатында Қызылорда қаласының Ақсуат ауылы алдыңғы шептен көрінді. Қос ауылдың әкімдеріне аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев 10 млн теңгенің сертификаттарын табыс етті. Өзге орындар мен ынталандыру сыйлығы үшін де қаржылай сыйақы берілді.

– Жеңімпаз атанған ауылдар сыйақының 80 процентін көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту шараларына, қалған бөлігін мектеп, балабақша, клуб, амбулатория секілді әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне бағыттауы тиіс. Конкурс жыл сайын ұйымдастырылады, – деді облыс әкімі.

Одан бөлек, халық арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында ұйымдастырылған облыстық байқаудың 2018 жылғы қорытындысы жарияланды. Соған сәйкес І орынға Қызылорда қаласы, ІІ орынға Жаңақорған, ІІІ орынға Шиелі аудандары лайық деп танылды.

Айта кетейік, былтыр облыстық бюджет қаржысы есебінен 7 елді мекенде спорттық кешендер салынды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жеке инвесторлар 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып берді. Облыс орталығындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің жанынан ашық жүзу бассейні ашылып, «Евразия» спорт кешенінің бассейні қайта жаңғыртылды. Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмысы маусым айында аяқталмақ.

Аппарат мәжілісінде қаралған негізгі мәселелердің бірі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының іске асырылу барысы болды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Қалмақова хабарлағандай, былтыр бағдарламада межелегенген барлық көрсеткішке қол жеткізілді.

– Осы жылдың басында әлеуметтік мәртебесі нақтыланбаған 113805 адамның 78189-ы немесе 68,5 проценті өзектендірілді. Оның 30723-і – тіркелмеген жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар және жеке қосалқы шаруашылықта еңбек ететіндер. Биыл 35616 адамның мәртебесін анықтап, өзектендіру жоспарланып отыр, – деді Г.Қалмақова.

Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізіліп жатыр. Ең төменгі күнкөріс шегінің 50 проценттен 70 процентке дейін көбеюіне байланысты жәрдемақы алушылар саны екі есе артады. Бала кезінен І топтағы мүгедек ұл-қызды бағып отырған 5529 қызылордалықтың жәрдемақысы 30 процентке көбейеді.

Облыс әкімі осы ретте еліміздің негізгі әлеуметтік саясаты 3 бағытта дамитынын атап өтті. Олар – табысты арттыру және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту, өңірлерді кешенді дамыту.

– Елімізде көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондықтан жұртшылық арасында шиеленіс жағдайын болдырмау мақсатында түсіндірме шараларын өз деңгейінде жүргізіп, халықпен тығыз байланыста болуымыз керек. Тұрғындармен конструктивті диалог орнату маңызды, – деді аймақ басшысы.

Көктем мезгілінің келуімен бірге Сырдария өзенінің арнасында мұздың жүруі басталды. Болуы ықтимал су тасқыны қаупі жылдағыдай басты назарда. Азаматтық қорғау қызметінің барлық түрі қауіп сейілгенге дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Маңызды мәселе жөнінде баяндама жасаған облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов:

– Қазіргі кезде «Шардара» су қоймасында 4 млрд 770 млн, «Көксарай» су реттегішінде 2 млрд 86 млн текше метр су жиналған. Облыс аумағына секундына 120 текше метр су келіп жатыр. Арал, Қазалыдан басқа аудандар мен Қызылорда қаласында өзен беті таза. Екі аудан аумағындағы мұздың орташа қалыңдығы – 10-40 сантиметр аралығында, – деді.

Өткен жылы маусым айының үшінші онкүндігінен бастап жергілікті диқан қауымы су тапшылығын сезген еді. Аймақ басшысы вегетациялық кезеңде биыл да бұл жағдай қайталанбайтынына кепілдік жоқ екенін атап өтті.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Индира Ақжігітова күн тәртібіндегі келесі жәйт – мемлекеттік органдардың интернет ресурсын мониторингілеу нәтижесі туралы сөз етті. Интернет ресурсының тиімділігі жөнінен Арал, Жалағаш, Шиелі аудандары үш жылдан бері аутсайдер қатарынан түспей келе жатқанын, мемлекеттік органдардың ашықтығында бірқатар проблемалар барын жеткізді.

Облыс әкімі жоғарыда аталған мәселелерге қатысты жауапты құрылымдарға міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 наурыз 2019 г. 830 0