КӨҢІЛДІҢ ШЫРАҒЫ, ӨМІРДІҢ ШУАҒЫ

Дүниеге келген әрбір жан иесі ә дегеннен үш нәрсені ешкімнің айтуынсыз танып-біледі екен – бір Жаратушының барын, анасын, қорегін. Ал, оның ішінде ең бірінші көретіні – анасы!
Ана – тіршіліктің тамыры, адамзаттың тәрбиешісі. Халық та, алып та ана алдында бас иген. Батырды аттан, патшаны тақтан түсіріп амандастыратын ана ғана.    
Қазақтың тіл қазынасындағы ең бай тақырып – анаға арналған сөздер. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында», «Ананың ойы балада, баланың ойы далада», «Атаңа қызмет қыл, анаңа құрмет қыл», «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады», «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас», «Анаңды арқалап Меккеге үш рет апарсаң да, қарызын өтей алмайсың», осылайша жүз парақты толтыруға болады.
Жұмекен ақынның «Ақ сүт» деп аталатын аңызға құрылған балладасын оқыдыңыз ба? Сол шығарманы осы газеттің 8-ші бетіне жариялап отырмыз. Аңызда анасын Меккеге екі рет арқалап апарып, үйіне қайта келген соң: «Ана, ақ сүтіңді ақтадым ба?» деп сұрайтын баланың «жоқ» деген жауап алып, үшінші рет сапарға шыққандағы өлімі баяндалады. Сонда әл үстінде жатқан баласының жанына келіп, шешесінің «Құлыным-ай, ақ сүтімді ақтай алмай кеттің-ау» деп жылайтыны бар. Өйткені, ана жақсылығы баласы үшін еш есеппен түгенделмейді екен. Құранда да ананың хақы әкеге қарағанда үш есе жоғары екендігі айтылған.
Мына нәрсеге ойланып көрейікші, қыз бала ана атанған сәттен бастап, басынан өткерген қарекеттің бәрін баласы үшін атқарады. Тоғыз ай көтереді, қол біткенше қорек береді, аяқ біткенше арқалайды, ақыл кіргенше тәрбие үйретеді, еркелетіп сүйеді, ауырса жанын шүберекке түйеді – сен үшін  отқа күюге, суға түсуге дайын. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» дейтін сөздің орны – осы. Бұл ісіне ол ешкімнен жалақы да, сыйақы да күтпейді. Алла ана жүрегіне баласына деген ерекше махаббат сезімін сыйлаған. Баласы үшін анадан артық уайым шегетін жан бар ма? «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» дегенді осы жерге қосайын. Баласы үшін өмір тыныштығы мен рахатынан бас тарта алатын анадан басқа кім? Ана жүрегінің махаббатымен салыстыруға келетін сүйіспеншілік болмақ емес. Баласының жақсылыққа да, жамандыққа да кезігетінін білу үшін балгер жағалау бекершілік, оны сезетін жалғыз ана жүрегі.
Міне, көктем келді, көктемнің алғашқы күнін алғыс айтумен бастадық. Іле-шала аналар мен ару қыздарымызға ақ тілегімізді жаудырып жатырмыз. Осы жылылықпен үйлескен қос мереке қазақ үшін қымбат, ынтымақ пен ыстық жүректердің қуанышы әркімнің-ақ көңіліне шуақ себеді. Дегенмен, біз аналар мен аруларды құрметтеуді жылына бір келетін туған күн дәрежесіне түсірмеуіміз керек. Анаға әр күн сайын құрмет көрсету – парызымыз хәм қарызымыз. Дін де, мектеп те жасөскіннің бойына осы тәрбиені егіп келе жатыр. Біз де соны айтамыз.
Ана – дүниенің көркі. Ана – әлемнің әшекейі. Анасыз қуатың әлсіз, қызығың орта. Анамызды ардақтайық, асылымыздың бағасын білейік.
Көңілімнің шамшырағы – сен, өмірімнің шуағы – өзің, әзиз жан!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2019 г. 751 0